Көгілдір көктемнің күнтізбесіндегі алғашқы күнде елімізде Алғыс айту күні мерекеленеді. Бұл мереке Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл екінші рет атап өтілгелі отыр және ынтымақтастық пен татулықтың белгісіндей мерекенің 1-наурызда тойлануының себебі – дәл осы күні Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған болатын.
Мерекенің түп-тамыры татулыққа тағзым, сипаты – қазақ халқының бауырмалдығы. Бейбітшілік пен бірліктің бесігі, татулықтың тұрағы болған Қазақстанда бұл мерекені атап өту жарасымды. Еліміздің мерекелер күнтізбесінен орын алғанына көп болмаса да бұл мерекенің шоқтығы биік, мағынасы терең. Бұл жайында Елбасының өзі «барлық этностардың бір-біріне мейірімділік танытып, өздерін өз туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күнін атап өтуі әділетті болар еді» деген еді.
Адамзат тарихында талай зұлмат заман өтті, талай ұлт өкілдері қуғын-сүргінге ұшырап, атамекенінен ажырап қалды. Сондай заматтарда пана іздеп келген діні де, ділі де, тілі де басқа ұлт өкілдерінің тілегін бір еткен қазақ халқының бауырмалдығы бүгінде баршаға үлгі.
Маңғыстау ауданына өзге ұлт өкілдерінің келуі тікелей өңірге теміржолдың тартылуымен байланысты. Сондай-ақ Маңғыстаудың жерасты су көздерін зерттеу үшін келген экспедиция құрамындағы өзге ұлт өкілдері де Шетпеде түрлі себептермен тұрақтап қалды. Бұл тарихи оқиғаларға да елу жылдан астам уақыт өтті, қызмет бабымен келген бауырластар елу жылда ел жаңа екіндігін дәлеліндей бүгінде тілі де тіні де қазақ болып кеткен. Маңғыстау ауданында бүгінде өзге ұлт өкілдерінің саны саусақпен санарлық, бірі қазақтың келісті келіні болса, бірі – салт дәстүрімізді жетік білетін, төс тартылмаса өкпелеп қалатын күйеу балалар.
Солардың бірі қазақ балаларымен бірге ойнап, тілі солармен бірге шыққан Итрухина Надежда Сергеевна. Б.Жұмалиев атындағы орта мектепте озат оқыған ол Маңғыстау политехникалық колледжін «Бағдарламашы» мамандығы бойынша бітіріп келіп, А.Меңдалыұлы атындағы орта мектепте информатика пәнінен сабақ бере бастады. Қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, ата-ененің алғысына бөленіп, ағайын-туысқа ұнамды болған келін бүгінде бірнеше сәби тәрбиелеп отыр.
Жас маман, жас келін, жас ана атанудың артында арқалаған жүгі көп. Жаратылысынан жайдары Надяны оны танитындардың бәрі жақсы көреді, ал үйдегі келіндік қызметтің қырын қазақ қыздарынан кем білмейтін оның ісіне барған жұртты разы.
-Мен осы ауылда қазақ балаларымен ойнап өстім, тегім басқа болса да жүрегім қазақ деп соғады. Қазақ тілін жетік білемін, ал орысшаға шорқақтаумын. Мен үшін қазақтың отбасына келін болып, сол әулеттің ұрпағын жалғастыру үлкен бақыт. Барша маңғыстаулықтарды 1-наурыз алғыс айту күнімен құттықтаймын. Бізді жатсынбай, бір үйдің балаларындай татулықта тәрбиелеген өскен ортама айтар алғысым шексіз. Бала күнімізден сен өзге ұлтсың деген қағажу көрмеппіз, мұның өзі мен ұрпағын жалғастырып отырған ұлттың ұлығығы деп білемін»,-дейді Надя.
Поляк қызы Ластовецкая Елена Сергеевна бүгінде М.Атымов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы. Әкесі Сергей 1994 жылы қазақ қызы Жансұлумен жанұя құрып, үш бала тәрбиелеп өсірді. Мамандығы автомеханик Сергей көп жылдар бойы үйінің жанынан көліктерге қызмет көрсету орнын ашып, халыққа қызмет атқарды.
«Мен қатарластарымның арасында жүргенде өзімді басқа ұлттың өкілі деп сезінмеймін. Тек осындай мерекелерді бізді кездесулерге шақырып, құрметтеп жатады. Әкемнің айтуынша ол алғаш осы топыраққа келгенде де ешкім жатырқамапты. Анам екеуі 20 жылға жуық отасқан күндерінде тату-тәтті ғұмыр кешті, әкем бақилық болғанда да халық жергілікті салтпен шығарып салды. Бүгінде осындай бірлігі бекем елде өскеніме қуаныштымын»,-деген Елена барша қазақстандықтарға алғыс айтамын деп ағынан жарылды.
Қазақ отбасының түтінін түтетіп отырғанына 12 жыл болған кәріс қыз Рада Ким бүгінде балабақшада қазақ балаларына ұлттық дәстүрмен ұштасқан тәрбие беріп жүр. Ауыл аймаққа сыйлы, қазақ отбасына тән салт-дәстүрді берік ұстанатын Рада Ким де өзінің қазақ деген бауырмал елге келін болғанын мақтан тұтады.
- Қонақжай халыққа шын жүректен алғыс айтым келеді. Мереке құтты болсын. Осы мерекенің пайда болғанына қуанамын. Себебі, көпұлтты елміз, доспыз сондықтан, бас қосып, жылы сөздер айтудың сәті туды, түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына ұйыстырған қазақ еліне алғыс айтудың шегі жоқ. Сондықтан Алғыс айту күні дәстүрге айналады деп сенемін. Ең бастысы, қолда бар татулықты сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізейік. Біз халқын біріктіре білген мемлекетке, мұндағы мейірімді азаматтарға ризамыз,-дейді келісті келін, абзал ана, адал жар.
Айтып өткеніміздей, ауданымызда өзге ұлт өкілдері жоқ және арамызда жүрген ат төбеліндей ғана өкілдері бүгінде қазақ болып кеткен. Олардың барлығы қазақ жерінен пана тауып, көсегесі қазақ елімен бірге көгергендердің ұрпақтары. Алғыс айту күні мерекесі игі дәстүрге айналуын қалайтын олар «ашта жеген құйқаңды тоқта ұмытпа» деген мақалдың мәнін түсінгендер.
Бұл мереке еліміздегі ынтымақтықты одан әрі нығайту үшін белгіленді, бекем бірлігіміздің одан әрі биіктей түсуіне жол ашпақ. Мереке құтты болсын, түндігін тұтастықпен түріп, табалдырығын татулықпен аттайтын Мәңгілік еліміздің болашағы жарқын бола берсінІ
Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА