Араға 10 жыл үзіліс салып, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы биылдан бастап Жайдарман лигасының «Жаңа толқын» тақырыбында маусымашарының І кезеңін бастап та жіберді. Қаладағы 400 орындық «Мұнайшы» мәдениет сарайындағы залдың аузы-мұрнынан шыға толып, залда ине шаншар орын жоқтығы көрермендердің ойынды қаншалықты сағынып қалғандығын білдірді...
Тамаша ойынды әділқазылар төрағасы, Әлеуметтік сұрақтар жөніндегі орынбасары Марат Себасов пен «Өзенмұнайгаз» АҚ Кәсіподақ төрағасы Наурыз Сақтағанов ашты. Өз сөзінде Марат Бақбергенұлы аталмыш шараның компания қызметкерлерінің өзара ынтымақ-бірлігін, әріптестік қарым-қатынасын нығайтуда орасан зор рөлі бар екендігіне тоқталып өтті. «Бірің жая, бірің жал» демекші, сайдың тасындай қыз-жігіттерден құралған командаларыңызға жанкүйерлік танытып, бәйгеге баласын қосқан анадай тақымдарыңызды қысып отырған әріптестеріме сәттілік тілеймін», - деді ол.
Ойынды өрттей қызыл көйлек киген №4 МГӨБ «Граннит» құрама командасы, Бұрғылау жұмыстары басқармасы командалары бастады.
Технологиялық транспорт басқармасының «Сенбесең - озба» командасы «Біз әтештен бұрын тұрамыз. Елдің бәрін үйіне жеткізіп салып, өзіміз үйге жаяу қайтамыз. Осы басқармада 30 жылдан астам жұмыс жасаған Пәленше Түгеншеев осы жылдар ішінде 488 құдалыққа адамдарды апарып, сол құдалықтың 245-нен сау оралған» - деген әзілдерінің өмірдің өзінен ойып алынғаны белгілі!
Сахнаға «Тракторист» деген әнмен билеп шыққан №3 СҚКБ командасының әзілдеріне «екі езуімізді екі құлағымыздың сыртына шығарып» (О.Әубәкіров) кеңкілдеп күлдік. Химияландыру және экология басқармасы командасының «Бишілер шайқасы», «Қоқысқа лақтырылған резюме» т.б. көріністері «Өзенмұнайгаз» АҚ-на жұмысқа орналасу үрдісін уытты күлкіге айналдырады. Бұл көріністен көрермен компанияға жұмысқа тұру қиын екендігін ұғынғандай болды.
Классикалық киім үлгісімен киінген МӨҚжТКЖБ құрама командасы «Біз сахнада 10 минут ойнап, 10 деген баға күтеміз!» - деген назымен шықты. Неке сақинасы сыймай қалған темір жонушы қалыңдықтың «ештеңе етпес, өзім жонып аламын» немесе кешігіп келген дәнекерлеушінің бетіне бетперде киіп алып: «бастыққа қарайтын бет жоқ» - деген әзілі тудырған дені сау күлкі ақшадан да қымбат!
Қатысқан командалардың ішінде тұтас ағза іспеттес болып шыққан №1 МГӨБ командасы бір-біріне мүлдем ұқсамайтын кейіпкерлер галереясын ұсынды. Ерко бет-бейнесін құбылта бастағанда, көрермен күлкіге қарық болады. Команда не ойнаса да сендіріп ойнады. Даңғойлау бастықтың ролін сомдаған Серік Алпамысовтың «біздің басқарманың «қара шаңырақ» екендігін айттыңдар ма, небір бастықтарды шығарған мектеп екендігін айттыңдар ма, арнайы киімге талап ету қағазын алғаннан соң, размері болмайтынын айттыңдар ма» - дей келе, «ал мына қолғаптың сапасыздығын айттыңдар ма?» - дегенде Ерконың жымимастан да «мәссаған бұл қолғап па еді, біз бұны етіктің ішіне киіп жүрміз» дегеніне қалай күлмессің!!!
Келесі сахнаға шыққан №2 СҚКБ «Дизель» командасы бастық көрсе, каска киіп алатын аңғалақ жұмыскерді, арнайы киімді жұмысқа да, тойға да, қойға да киетін біртүрлі әріптесті, Алматыдағы «Алатау» шипажайының атауын «НГДУ немесе УОС деп өзгертейік, өйткені, мұнда тек біз демаламыз ғой» - деген даңғой мұнайшыны сомдады. Адамдарды күлдіру, көрермен көңілінен шығу оңай емес. №2 СҚКБ әзілдері күлкілі, өзекті!
МДжӨҚКБ құрама командасының бұрынғы қасапшы болған, бүгінде тіс дәрігерінің науқастың тісіне үңіліп «бұның тісін қағып, жағын айырып, басын үйіткеннен басқа амал жоқ» деген сөзіне күлген көрермендер қазақтың қашаннан қалжыңға жақын екендігін білдірді. Сөз арасында команданың сәтсіз атауын сөз ете кетуді деп жөн санадық. «Толқын тамшылары» деп атау қойған әріптестерімізге, толқынның тамшысы болмайтындығын еске салайық дегеніміз ғой...
АжТБ командасы «Медицинадағы былық», «Масыл» т.б. қойылымдармен көрермен көңілінен шыға білді. Команда фишкасы Райымбек екені айтпаса да түсінікті... ӨТҚжЖЖБ командасы жүкші портретін жасап шығарды.
№3 МГӨБ құрама командасы территория үлкен екенін айтты. Басшысының тұрақты екендігін айтты. Комиссия келгендегі өндірісте жиі орын алатын «жасырынбақты» көрсетті. Өздерінің әзілдің аулына түнеп, сөздің майын ішкендер қатарынан екендіктерін дәлелдеді.
Аппарат басқармасы командасын Қайнар Телеғұсовтың әртістігі мен Жаңылдың әсем даусы алып шыққандай әсер қалдырды. Әрине өзге ойыншылардың рөлін жоққа шығармайсыз. Әйтсе де, көрермен ойында Қайсар сомдаған кейде - кеж, кейде томырық, тұйық, оспадар, ожырай... жиынтық кейіпкер ұзағырақ сақталатын сияқты... Әсіресе, қарапайым күзетші арқылы үстіне форма киіп, қолына сәл билік тисе «жанына торсық байлатпас» мінезді шебер сомдады.
Сайысты аяқтаған ӨЭМБ командасы «Асхана жанындағы қаңғыбас иттердің әңгімесі», «Тақиялы періште» көріністері шын мәнінде күлкі тудырды. Сатираның қоғамның қозғаушы күші, иммунитеті екендігін ұғындырды.
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, ойын нәтижесінде І орынды №3 МГӨБ, ІІ орынды №1 МГӨБ, ІІІ орынды №3 СҚКБ командалары иеленді. «Үздік ойыншы» болып №1 МГӨБ команда ойыншысы Серік Алпамысов танылды.
Бибігүл БӨБЕКБАЙ