©
- Маңғыстаудан әкелінген түйе сүттері (кэмел милк) жыл бойы БАӘ-дегі salikomall.com сауда алаңында (америкалық e-bay немесе қытайлық Ali-Express сайттарына ұқсас) ұсынылады. Дубай қаласында «Болашақ» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі өкілдерінің қатысуымен өткен отандық тауар өндірушілер форумында маңғыстаулық фермерлер жеткізілім бойынша алдын ала келісімді алды, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Форумды KAZNEX INVEST экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігінің өкілдері ұйымдастырды. «Қазір БАӘ нарығына шығу мүмкін болмай отыр. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, логистика. Егер әуетасымалын қолданар болсақ, бұл өзіндік құнға әсер етеді. Ал, егер автокөлікті пайдалансақ екі ел - Түркіменстан мен Иран арқылы өтуге тура келеді.
Екіншіден, БАӘ-дегі сертификаттау және стандарттау жүйесінің талаптары жоғары. Ал, оған біздің фермерлер әзірге дайын емес. Ол үшін қымбат құрылғылар қажет. Қорытындылай айтсақ, әзірге біздің тауарлар БАӘ нарығындағы жергілікті тауарлармен бәсекелесе алмайды. Алайда, біз Әмірлік тұрғындарына сапалы сусынды - майлы түйе сүтін ұсына аламыз. Бұл - жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер бағалайтын басты ерекшелігіміз. Осы уақыт ішінде барлық мәселелерді шешіп, сүт тасымалдауды бастаймыз деп ойлаймын. Бұл - шұбат емес, түйе сүті», - деп атап өтті Болашақ» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы Әсет Манов.
Маңғыстаулық және араб кәсіпкерлерінің B2B форматындағы соңғы кездесуінде 10 компания қызығушылықтарын білдірді. salikomall.com сауда алаңы өз қызметін ұсынып үлгерді.
Айта кетейік, маңғыстаулық түйе сүттерінің майлылығы 6-7%-ға жетеді, ал БАӘ-де бұл көрсеткіш тек 3-4%-ды құрайды. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегіне сәйкес, елдегі түйелердің 30 пайызы Маңғыстау облысында өсірілуде.
Дереккөз: ҚазАқпарат