©
1. Ата кәсібін қылған – аштан өлмейді!..
Елбасының соңғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын экономиканы дамытудың негізгі қозғаушы драйверіне айналдыру керек деген ой-ұсынысын уақыт талабы ретінде басты міндеттер қатарына қосқаны жай емес. Ертелі-кеш жерасты қазына байлықтары – шикізат ресурстары қоры азаяды, таусылады немесе тұтыну қажеттілігіне қарай бағасы құлдырайды. Соның салдарынан өнімдердің өтуі нашарлайды, елдің кірісі – ырысы кемиді. Мұның ауыртпалығын бүгінгідей әлемдік дағдарыс заманында негізінен мұнай мен қазба байлықтарға иек артқан Қазақстан экономикасы анық сезініп те отыр...
«Еділдің бойы ен тоғай – ел қондырсам деп едім! Жағалай жатқан сол жерге – мал толтырсам деп едім!» - деп армандаған қайран Махамбеттің көксеген күні қазаққа бақилық арман болып қала берер ме екен?.. Қорасында тышқақ лағы да жоқ мен кейде қиялыма ерік беріп: «заманында қазақтың ұшы-қиыры жоқ кең сахара даласында жүз мыңдап жосылып жүрген киігі секілді аң-құсы жыртылып-айрылатын, түйесі мен жылқысы, қойы мен ешкісі миллиондап қаптап жүретін, олардың еті мен сүті, жүні мен терісі қазақтың өзін үлде мен бүлдеге орап, әлемдік сауда-саттықта дариядай ағылар табыс көзіне айналатын заман туса ғой шіркін!» - деп армандаймын... «Сонымның ең болмаса ширегін шындыққа айналдырудың амалы қандай, не істеу керек, ел басшылары мен білікті мамандардың не ойлағаны бар екен?» – деп тағы ойға батамын...
Ежелден жаз жайлау, қыс қыстауға еркін көшіп-қонып, кеңбайтақ даланы мыңғырған малға толтырған қазақ халқы үшін атакәсібі – мал шаруашылығы күнелтістің көзі болып келді. Бұдан бір ғасырдай бұрын кеңестік заман келіп, мыңғырған малы өзіне сор болған қазақ байларын тап жауы ретінде дүние-мүлкін тәркілеп, өздерін түрмеге тоғытты, атты, айдауға салды. Тіршілік көзі – малынан айрылған ел аштықтан қырылды, азып-тозып босқындады... Бай мен жарлыны тең қыламыз деп ұран көтерген жаңа өкімет бар малды ортаға салды, артельден бастап кеңшарға дейінгі ұжымдық шаруашылық жүргізудің жоспарлы социалистік жолымен даму кезеңінен өтті. Кеңес өкіметі тарағаннан соң әжептәуір әлденіп, мал басын өсірген сол шаруашылықтар тарап, мал да, жайылымдық жер де қайта жекеменшікке берілді. Ауыл халқының басым бөлегі күнелтіс қамымен малын жаппай сойып, сатып, өлтірмес өзегі – өндірісі бар қалаға шұбырды...
Өмірдің өзгермес шындығы сол, қайда барса да қазаққа ет пен сүт керек екен! Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында жан сақтау үшін қайда, неден жасалғаны беймәлім тамақ атаулыны азық қылған бұқара халық әйтеуір аштықтан аман құтылды. Заман түзеліп, елдің қарны тойып, есін жиған соң, елімізде, өз жерімізде өндірілген таза, дәмді тамақ тұтынуға деген қажеттілік пайда болды. Өзгерістің беталысын бұрын түсінген шаруаға епті жандар қайта мал өсіруді қолға алғаны, тіпті, соңғы жылдарда мал өсіруге құлшыныс білдірушілердің қатары артқаны қуантады. Арадағы қуаңшылық жылдар ол ұмтылысты сәл тежегенімен, атакәсіппен айналысуға ниетті жандар азаймай отыр. Мал басы да қайта көбейе бастады. Үстірттің қырын жаз жайлап, мал өргізетін заман қайтып келді. Иесіз қалған құдықтарды тазалау, жаңа су көздерін қаздыру жұмысы қолға алына бастағанын көріп шүкіршілік етіп отырмыз.
Дәл бүгінгі таңда өзінше әрекеттеніп, әл жинаған жеке-жеке ұсақ шаруашылықтарды қайтадан ірілендірудің – кооперативтерге біріктірудің қажеттілігі туындап отыр. Ол мал шаруашылығын заман талабына сай дамытудың, фермерлердің әлеуметтік-экономикалық және басқа да қажеттіліктерін қанағаттандырудың оңтайлы жолы деп саналуда. Осы бағытта аудан, ауылдарда жергілікті тауарөндірушілермен мәжілістер өткізіп, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігудің зор пайдасы, оның ішінде несиеге техникалар сатып алғанда талап етілетін мал саны немесе егістік жер көлемі мәселелерінің шешілуі және кооператив мүшелерінің өндірген өнімін өткізудің орталықтандырылуы, сондай-ақ алдағы уақытта мемлекеттік қолдаулардың көрсетілуі барысында оларға басымдық берілетіні туралы түсініктер жүргізілмекші. Құдық қаздыруға, мал өнімдерін өндіру мен өткізуге, сапасын жақсартуға мемлекет тарапынан субсидиялар бөлу де қолдаудың негізгі тетігіне айналуда. Олар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 6 қаржы институтының қатысуымен ақшалай және тауарлы несие беру түрінде жүзеге асырылуда.
Ауыл шаруашылығы саласына қолдауды күшейтеміз деген кезекті ұмтылыс түпкілікті нәтиже бергенше тиянақты, жүйелі жүзеге асырылса екен, арты сұйылып, ақыры берекесіз бітетін шикі реформалар сияқты қалмаса екен деген халықтың тілегі бар.
2. Өткен жыл қорытындылары қалай?
Жуырда «Нұр Отан» партиясы Сайлауалды бағдарламасының «Аграрлық сектор» бағыты бойынша облысымызда құрылған сараптама комиссиясының 2017 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекіткен алғашқы отырысы өтті. Бағыт жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Қуанышбек Әбдірахман жүргізген отырыста ел Президентінің биылғы Жолдауындағы Бірінші басымдықтың 4-тармағына сәйкес агросекторды одан әрі дамытудың міндеттері, жұмыс жоспарлары жөнінде облыстық партия филиалының бөлім бастығы Есберген Іңірбайұлы хабардар етті.
Отырыста аймақтағы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2016 жылғы қорытындылары және 2017 жылғы міндеттері туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Болат Ерсайынұлының есебі тыңдалды.
- Жерүсті су көздері жоқ, табиғаты қатал, жері шөлейт Маңғыстау өңірінде негізінен жыл бойы табиғи жайылымда бағылатын қой, жылқы және түйе шаруашылықтары дамыған, - деп бастаған Б.Ерсайынұлы, есепті көрсеткіштер бойынша былтырғы жылы өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 11 574,2 млн теңге, нақты көлем индексі – 101,5 %, оның ішінде егін шаруашылығында 127 %, мал шаруашылығында 96,1 % болғандығын, алдыңғы жылмен салыстырғанда ірі қара мал саны – 15 570 бас болып, 14,8 %-ға өскенін, қой – 259 563 бас болып, 0,7 %-ға көбейгенін, жылқы – 57500 бас болып, 0,6%-,а кемігенін, түйе – 47618 бас болып, 0,5 %-ға азайғанын, құс – 26 610 бас болып, 74,7 %-ға артқанын айтты. Ал, мал мен құстың тірілей салмақтағы етке өткізілуі 10 140,5 тоннаны құрап, алдыңғы жылдағыдан 13 %-ға кемігенін, сиыр сүтін өндіру 12,9 %-ға (5233,7 тонна) артып, 1 740,9 мың дана тауық жұмыртқасы өндірілгенін (+38,4%) мәлімдеді.
Асыл тұқымды мал шаруашылығына қатысты Маңғыстау облысы бойынша қазірде Республикалық палатаға 25 бас асыл тұқымды жылқы, 530 бас асыл тұқымды қой, 38 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара тіркелген. Бұл жерде тіркелмеген мал басы одан да көбірек екенін ескеруіміз керек. Аталмыш Республикалық палата Шымкент қаласынан ашылған және асыл тұқымды малы бар барлық шаруашылық әрбір мал басын сонда тіркетіп, арнайы сертификат алуы тиіс екен. Олай болмаған жағдайда малы асыл тұқымды мал ретінде мойындалмайды және тиісті жеңілдіктер мен субсидиялардан қағылады екен. Ал, тіркету үшін иесі әрбір мал басына белгіленген мөлшерде ақы төлеуі керек. Асыл тұқымды малды түгел тіркетуге бұл да бір кедергі сияқты. Осы орайда отырысқа қатысушылар тарапынан шаруа қожалықтарының асыл тұқымды малын бастапқы тіркетуді тегін қылса немесе ол шығындарды мемлекет көтерсе деген ой-ұсыныстар да айтылмай қалған жоқ. Сондай-ақ шаруа қожалықтары мен жеке азаматтардың қорадағы малын толық бірдейлендіруді, яғни тіркетуді құнттамауы кесірінен мал басының нақты санын анықтаудың қиынға түсіп отырғаны проблема ретінде қозғалды. Сол себепті ауыл әкімінің шаруашылық кітабындағы және ветеринардың есебіндегі мал саны екі түрлі болып жүргендігі қиындық тудыруда. Баяғы кеңестік кезеңдегі тәртіпті көрген халық мал санын нақты көрсетсек, мал басына салық салынады деген қорқыныштан арылмаған, яғни шынайы қолында бар санын қайткенде де жасырып қалуға тырысады.
Болат Ерсайыныұлының айтуынша, 2016 жылы облысымыздағы Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жергілікті бюджеттен 37 792 мың теңге қаражат бөлініп, оның 13 453,0 мың теңгесі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда тікелей шығындарды субсидиялауға, 25 бас асыл тұқымды жылқы сатып алуға, 16 000 бас асыл тұқымды тәуліктік балапан сатып алуға жұмсалған. Мал шаруашылығы өнімдерінің (ет, шұбат) өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға 10 209,92 мың теңге, ірі, шырынды құрама жемшөп пен жемшөп қоспаларын сатып алу бойынша шығындарды арзандатуға 14 128,92 мың теңге қаржы төленген.
2016 жылы ауа райының қолайлы, жауын-шашынның мол болуының нәтижесінде шабындықтың жағдайы да қуантарлықтай болған. Аудан әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес, 50,5 мың тонна ірі сояулы шөп жиналып, болжамдалған көлем 101 % болып орындалған.
Қазақстан Республикасында АӨК дамытудың 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасында, жайылымды суландыру мен шалғай жайылымдағы мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылған. «Инвестициялық салымдар кезінде АӨК субьектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары» бойынша, су көзіне сұраныс беруші мал шаруашылығы субьектісінің осы мақсатқа жұмсаған шығындарының 80 %-ы субсидия түрінде өтеледі. Осы бағдарлама бойынша облысқа бөлінген 255,2 млн. теңге игеріліпті. Ескі құдықтар күрделі жөндеуден өткізіліп, 76 бірлік жаңа құдық (жоспар – 67) қазылған.
Соңғы жылдары өңірімізде егін шаруашылығын дамыту жұмыстары жанданып келе жатқаны қуантады. Өткен жылы осы саладағы тыңайтқыштар құнын арзандатуға, дақылдарды қорғалған топырақта өңдеп өсіру шығындарына, жанар-жағармай мен басқа да тауарлық материалдық құндылықтардың құнын арзандатуға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру қызметінің құнын субсидиялауға барлығы 150 681,0 мың теңге бөлінген.
Бүгінде облыста жалпы көлемі 12,73 гектарды құрайтын 15 жылыжай бар, оның ішінде 7,9 гектар жерде 4 өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай (ЖК С.Байсарымов – 2 га, Жаңаөзендегі «АШӨ Мерей» ЖШС – 1,109 га, Мұнайлыдағы «КаспийАгроКомпании» ЖШС – 4 га, Түпқарағандағы ЖК Чалак Безад Айчарекұлы» - 0,8208 га) және 4,83 гектар жерде 11 фермерлік жылыжай. Былтыр «ӨМГ» АҚ-нан «Сенек» ЖШС-не 0,3 га жерге жылыжай құрылысын салу үшін демеушілік қаржы бөлінді. Жеке кәсіпкер Бүркітбаев Ақшұқыр ауылынан құны 150 млн. инвестицияны құрайтын аумағы 1,5 га жылыжай кешенін салынып бітті. Сондай-ақ «GreenhouseEKO» АҚ соңғы үлгідегі инновациялық технологияны (гидропоник) қолдана отырып Мұнайлы ауданында 3 га жерге жылыжай салуда.
3.Қайта өңдеудің қауқары
Біздің өңірімізде бірнеше қайта өңдеу кәсіпорындары бар. Өз шаруашылығында өсіріп отырған түйе сүтінен шұбат және қышқыл сүт өнімдерін дайындайтын «Таушық ауыл шаруашылығы» ЖШС және аталған өнімдерді Шетпе, Жыңғылды, Қызан, Шебір ауылдарындағы сүт жинау пунктерінен тасымалданатын түйе сүтінен дайындайтын «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС-нің жұмысы жолға қойылған. Соңғы зауыт 2016 жылы мұздатқыш орнатылған рефрижератор автокөлік және 300, 600, 1000 литрлік ұзақ мерзімді пастерлеу ванналарын, термоорауыш құрылғысын сатып алды. Сондай-ақ Ақтау қаласындағы 4 және Бейнеу селосындағы 1 кәсіпорын Ресей, Беларусь елдерінен әкелінетін құрғақ сүт негізінде сүт және қышқыл сүт өнімдерін шығарады.
Жаңа жобалар бойынша «Байболат» ЖШС Ақшұқыр селосында сүт және сүт өнімдерін, жылына 100 тонна түйе және бие сүтін өңдеу, шұбат және қымыз өндіру цехын салды. Жалпы құны 16 000,0 мың теңгенің шұбат және қымыз өндіру желілері «Маңғыстауагросервис» ЖШС арқылы алынып, орнатылды.
Облыс көлемінде халықты жергілікті етпен қамтамасыз ететін мал сою пункттері мен «Қарағантүбек», «Сенек» және «Таушық ауыл шаруашылығы» ЖШС-терінде мал сою алаңдары жұмыс жасайды. Облыс әкімінің тікелей араласуымен өткен жылдан бері «Маңғыстаумұнайгаз» және «Қаражанбасмұнайгаз» АҚ-ның өндірістік құрылымдарына ет өнімдерін өткізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. «Сенек» ЖШС жылма-жыл «Өзенмұнайгаз» АҚ-ын ет өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. «Құрыққұрылыссервис» ЖШС етті терең қайта өңдейтін заманауи технологиямен жабдықталған мал сою зауытын салды. Оның қуаттылығы 1 ауысымда 25 ірі қара мен 60 ұсақ мал союға жетеді. «Ринго» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы мен мал сою пункті жұмысын бастады. Маңғыстау ауданының «Нақхан» шаруа қожалығында құтыларға құйылған қымыз өндіру жобасы іске асырылуда. Айта кетелік, Бейнеу және Маңғыстау аудандарында алыстағы малшыларды электр энергиясымен қамту үшін басқарма «I.ZHEL» ЖШС отандық компаниясының 5 желгенераторы орнатылған. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Каспий» ӘКК «ҰК» АҚ 862,528,1 мың теңгенің қаржылық-экономикалық негіздемесін жасап, осы кезге дейін 835 736,4 мың теңгенің азық-түлік тауарлары сатылып алынған.
4. Жүн мен тері пайдаға асса...
- 2016 жылы «Болашақ», «Бейнеу» және «Несібе-Жан» ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Алайда, кооперативтер өнім өндіру немесе өнім жинап, өткізу жұмыстарын бастаған жоқ. Қазіргі таңда қажетті желілер мен құрал-жабдықтар сатып алу, ғимараттарды жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде «Болашақ» ауыл шаруашылығы кооперативі шаруа қожалықтарынан түйе сүтін және мал етін, жүн, тері жинап өткізуді, «Бейнеу» ауыл шаруашылығы кооперативі мал сою және ет өнімдерін өндіруді және «Несібе-Жан» ауыл шаруашылығы кооперативі мал жүні мен терісін қабылдап, өткізуді жоспарлап отыр. Кейінгі кезде ешқандай пайдаға аспай далада шіріп қалып жатқан малдың жүні мен терісін Атыраудағы және Беларусь еліндегі өңдеу зауыттарына өткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл шаруадағы ағайын үшін қосымша табыс көзі болады.
5. 2017 жылға жоспарланған міндеттер
«Евроқұрылыс» ЖШС-нің бекіре тұқымдас балық өсіру фермасын ашу көзделген. Инвестиция көлемі 1344,0 млн. теңге, 50 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«АқтауАгро» ЖШС инвестиция көлемі 1 200 млн. теңге болатын жылына 2200 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын салуды жоспарлап отыр. Жоба іске асса, шамамен 110 жұмыс орны ашылмақшы.
«Таушық ауыл шаруашылығы» ЖШС-де аруана тұқымды сүттік бағыттағы аналық түйе сатып алмақшы (1 кезеңде биыл 105 млн. теңгеге 150 бас сатып алу, келесі жылы тағы 150 бас түйе сатып алу).
«Агронұр» фермерлік қожалығы жобалық құны 120 млн. теңге тұратын «Ешкі фермасы» жобасын іске асырмақшы.
«Сұлтан» ЖШС тәулігіне 4000 тонна түйе сүтін өндіретін 120 млн. теңгелік жобаны іске асыруды жоспарлауда.
Ал, «Бейнеу астық терминалы» ЖШС базасында соя және рапсты қайта өңдеп, жылына 1 млн. тонна май өндіретін зауыт құрылысы салынбақшы. Инвестиция көлемі – 27,5 млрд теңге. Қаржыландыру мәселесін оң шешілетін болса, жыл аяғына қарай құрылыс жұмыстары басталады, іске қосылғанда 280 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«Маңғыстау көкөніс терминалы» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Рэкон-Ақтау» базасында сыйымдылығы 8500 тонна көкөніс сақтау қоймасын салуды жоспарлап отыр. «Aspan Storage» ЖШС сыйымдылығы 1321 тонна, голландиялық технологиямен жабдықталған көкөніс сақтау қоймасы құрылысын аяқтауда. Инвестициялық салынымның жалпы көлемі 294,0 млн. теңге.
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ Суреттер ғаламтор беттерінен алынды