©
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифифнг Жамбыл облысында қар көшкінінен қаза болған сарбаздарды еске алумен басталды. ОКҚ өкілі Мұрат Жұманбай қайтыс болған сарбаздардың отбасылары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты. Брифинг қатысушылары қайтыс болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Барлығыңыз білетіндей, 17 ақпанда Жамбыл облысы Жуалы ауданының Көксай шатқалында қар көшкіні орын алды. Соның нәтижесінде ҰР Қорғаныс Министрлігі тау-егерь полкінің 23 әскери қызметшілері қар үйіндісі астында қалып қойды. Жедел тіздестіру-құтқару жұмыстарына құтқару бөлімшелері, атап айтқанда, 24 техника мен 185 адам жұмылдырылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 16 әскери қызметші құтқарылды, 7 сарбаз қайтыс болды», – деп атап өтті М.Жұманбай.
Сондай-ақ ОКҚ ресми өкілі Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың қайғылы оқиғаның тергеу барысын жеке бақылауына алғанын жеткізді.
«Оның тапсырмасы бойынша қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жұмысын жүргізу үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов, оның орынбасары Талғат Мұхтаров, Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева, Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жакупова, Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков кірді. Олар Жамбыл облысына барып, қайғылы оқиғаның себептерін зерттеп, қайтыс болған жауынгерлердің отбасыларына тиісті көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырады», – деді М.Жұманбай.
Сарбаздармен қоштасу рәсімі өз әскери қызметтерін өтеген әскери бөлім аумағында өткізілді.
Қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына 5 жылдық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай материалдық көмек көрсетіледі.