©
Облыс орталығында құрылыс секторы қарқынды дамып, қаланың көз ілеспес шапшаңдықпен өсіп келе жатқаны шындық. Жаңа шағын аудандар көбейді. Өңір экономикасының өркендеуінің негізгі қозғалыс күші топтасқан Ақтау қаласында барлық салалар бойынша жетістіктермен бірге қалыптасқан әлемдік ахуал, күрделі әлеуметтік және саяси, экономикалық және басқа да жайттарға байланысты қолға алынуы тиіс мәселелер де жеткілікті. Бұлар туралы Ақтау қаласының әкімі Серікбай ТРҰМОВ өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беру кездесуінде баяндады.
Қаланың экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін қысқаша атап өткен Серікбай Өтелгенұлы Ақтаудың әлеуметтік негізгі даму жағдайына жеке тоқталды.
Баспана — басты мәселе
Бүгінде қала әкімдігінің тұрғын үй кезегінде 8 мыңнан астам адам кезекте тұр. Баспана мәселесін оңтайлы шешу жолында соңғы кездегі мемлекеттік бағдарламалармен қатар басқа да қаржы институттары мен жеке кәсіпкерлердің есебінен тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі халықтың баспаналы болуына, көп жылдардан бері кезекте тұрғандардың пәтерге қол жеткізуіне, сөйтіп тұрғын үй кезегінің жылжуына септігін тигізіп отыр. Мысалы, «Өңірлерді Дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында өткен жылы әкімдік кезегіндегі тұлғаларды тұрғын үймен қамту бойынша бірқатар жұмыстар жүрізілді.
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» желісі бойынша халықтың барлық санаты үшін 867 пәтерлік 5 үй тапсырылды (32а-21 үй, 33 ш/а–19, 20, 21, 22 үйлер). Мұның 354-і әкімдік кезегіндегі тұлғаларға берілсе, 513 пәтер банк салымшыларына сатылды. Осы пәтерлерді сатудан жергілікті бюджетке 6,8 млрд теңге кіріс түсті. Қаржылық институттардың қатысуынсыз, әкімдікте кезекте тұрғандар үшін 32А шағынауданнан әрқайсысы 120 пәтерлік 3 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл пәтерлердің кілттері жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 72 балаға, Ұлы Отан соғысынының 1 ардагеріне, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 96 адамға және мемлекеттік, бюджет саласындағы 186 қызметкерге табысталды. Кезектегі тұлғаларға пәтер беру «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» желісі арқылы да жүзеге асырылып, жеке кәсіпкерлердің салған үйлері есебінен 216 пәтер кезектегі тұлғаларға үлестірілді (31А ш.а. «Тыныш», Шығыс-2 ш.а.)
Жалпы, 2016 жылы Ақтау қаласы бойынша тапсырылған 2890 пәтердің 930 қала әкімдігінің тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Сонымен қатар, көптен бері құрылысы тоқтап қалған 33 шағынаудандағы Аққу-1 тұрғын үй кешенінің құрылысы ағымдағы жылы аяқталып, 560 пәтер тапсырылатын болады.
Қалада тұрғын үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпеу және азаматтарды баспанамен қамту мәселесін күн тәртібінен түсірмеу мақсатында, Елбасымыздың тұрғын үй құрылысын қолдау шараларын одан әрі жүзеге асыру үшін өткен 2016 жылы 33-шағын ауданның, «Аққу-3» 670 пәтерлік 3 тұрғын үйлердің және 34-шағынаудандағы жер асты паркингі бар 60 пәтерлік 4 тұрғын үйлердің құрылыстарының басталуына 1424,1 миллион теңге қаражат бөлініп, игерілді. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, тапсырылуы жоспарлануда. Сондай-ақ Қазақстан ипотекалық компаниясының тапсырысымен басталған 478 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы биылғы 2017 жылы аяқталып, тапсырылады.
«Самрұқ Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының тапсырысымен 32А шағын ауданынан 812 пәтерлік көпқабатты 15 тұрғын үй құрылысы басталды. Бұл үйлердің құрылысы 2018 жылы бітіп, тұрғындар игілігіне берілмек. «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы жүріп жатқан 540 пәтерлік 9 үйдің құрылысы биыл бітіп, тапсырылады. НКОК компаниясының қаржысына 31Б шағын ауданынан 110 орындық, «Шығыс-1» шағын ауданынан 500 орындық жатақхана құрылысы жүргізілуде. Ол денсаулық сақтау, білім салаларында жетіспейтін мамандарға, жас мамандарға арналады. Сонымен қатар «Жаңа серпін» бағдарламасы бойынша облысымыздың басқа қала-аудандарынан келген жас мамандардың баспана мәселесін де осы жатақхана арқылы шешу жоспарланған.
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасынан бөлек жергілікті кәсіпкерлердің қаржылық қолдауымен 20-ға жуық үйлер салынуда. Қаладағы тұрғын үй құрылысында қалыптасқан қарқынды жұмысты одан әрі жалғастыру мақсатында 19А шағын ауданынан көпқабатты 7 тұрғын үйге ЖСҚ жасақтауға тапсырыс берілді.
54 жылдық тарихы бар Ақтау қаласының тұрғын үй қорын сақтаудың маңызды тетіктерінің бірі—тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында 2011 жылдан бері Ақтау қаласының 2, 3 және 3А шағынаудандарындағы 16 көпқабатты үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2016 жылы тағы 6 үйге осындай жөндеу жүргізіліп, барлығы 22 үй жөнделді. Бағдарла қағидасына орай, бұл қаражат қайтару механизмі арқылы 7 жыл ішінде күрделі жөндеу жүргізілген үйлердің пәтер меншік иелерінен кері қарай жиналып, келесі үйлерді күрделі жөндеуге жұмсалуы тиіс. Бағдарламаны жалғастыру үшін 2017 жылға жергілікті бюджеттен 37,0 миллион теңге бөлінді. Оған 1 үй жөнделетін болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бағдарлама аясында тек қана 2, 3 және 3А шағын ауданда орналасқан үйлер қамтылуда, ал қалған шағын аудандар белсенділік танытпауда. Басқа шағын аудандардың да тұрғындары кондоминиум нысандарын басқару органдары бағдарламаға белсенді қатысқаны жөн.
Қаладағы тағы бір әлеуметтік маңызды мәселенің бірі–апаттық үйлерді жою. Қала әкімдігінің 2014-2018 жылдарға арналған апаттық үйлерді жою бағдарламасына сәйкес, бүгінгі таңда қала бойынша апаттық деп танылған 5 үй (70 пәтер) бұзылып, 10 үй қалды (167 пәтер). Бұзылған 5 үйдің пәтер иелері 3 ш/а жаңадан салынған 100 пәтерлік тұрғын үйге көшірілді. Бағдарлама аясында 2019 жылға дейін апаттық деп танылған барлық үйлер бұзылып, олардың орнына заманауи 7 көп қабатты тұрғын үйлер салынып, оған ескі үйлердің тұрғындары көшірілетін болады. Дегенмен, бағдарлама аясында 3 шағын ауданның ішкі инженерлік желілері мен ішкі жолдарының күрделі жөндеуін жүргізу үшін 2016 жылы жергілікті бюджеттен 47,5 миллион теңге бөлініп, жұмыстар басталып та кетті.
Коммуналдық жүйелерді жаңартудың маңызы
Кеңес дәуірінен қалған лифт шаруашылығын жандандырып, көп қабатты үйлерді лифтімен қамтамасыз ету жұмыстары Ақтауда да қарқынды жүргізілуде. Қаланың алғашқы тоғыз қабатты тұрғын үйлері 1968 жылдан бастап салынған. Сондықтан бұл лифтілерді толықтай ауыстыру қажет. Қаланың ескі тұрғын үй қорында 168 көп қабатты тұрғын үй бар. Лифтілерді коммуналдық меншікке қабылдау басталған 2010-2011 жылдардан бастап барлығы 132 лифтті ауыстыру жұмыстары жоспарланды. 2010-2015 жылдары бюджет қаражатына 51 лифт сатып алынып, орнатылды. Оған қоса, 2016 жылы бюджеттен 229,4 миллион теңге бөлініп, 48 көп қабатты тұрғын үйге жаңа лифт орнатылды. Оның 18-і пайдалану мерзімі аяқталып, ауыстырылды. Бұл жұмыстар 2017 жылы да жалғасып, қосымша 33 жаңа лифт орнатылады және 2018 жылға дейін жоспарланған жұмыс мерзімінен бұрын, биыл аяқталмақ.
Өткен жылы қаланың электр энергетикалық жүйесін дамытуға жергілікті бюджеттен бөлінген 2608,7 миллион теңгеге біраз жұмыс тындырылды. Атап айтқанда, қаладағы 20 дана трансформатор қосалқы стансасы (ТС) қайта жаңартылды, яғни 1 трансформаторлы станциялар 2 трансформаторлы станцияларға ауыстырылды. 40 км электр желілері жаңартылды. Жаңадан салынған ГПП-4Г тарайтын 8 РП толық жабдықтап, іске қосылды және қаладағы негізгі 4 РП жөнделуі басталды, сондай-ақ облыстық аурухананың тоқ жүйесін күрделі жөндеуден өткізілді. Соның арқасында қыс және жаз айларында болатын электр энергиясының тапшылығын жою, авариялық айырылып қалу жолға қойылып, үздіксіз энергиямен қамту мәселесі оң шешілуде.
Қаланың тоқ жүйесін одан әрі жақсарту мақсатында қала бойынша 234 трансформатордың, осы уақытқа дейін 40 ауыстырылса, осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру үшін 20 дана транформаторлық қосалқы станциясын жаңғыртуға ЖСҚ дайындауға тапсырыс берілді. Сонымен қатар, төменгі шағынаудандардағы энергия тапшылығын жою мақсатында ГПП «Хазар» құрылысын жүргізуге ЖСҚ дайындалды. Құны 1,6 миллиард теңге болатын ГПП «Хазар» құрылысы төменгі шағынаудандардағы (1-4) электр энергиясының жетіспеушілігінің алдын алып, болашақта Приморский тұрғын-үй массивінде, төменгі шағынаудандарда салынатын тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды тоқпен қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ, «ГПП-2Г» қосалқы станциясының қуатының шектелуіне байланысты орталық және жоғарғы шағынаудандарды электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында жаңадан «ГПП–Ботаникалық бақ» құрылысын салу қажеттілігі туындап отыр. Бұл жобаны жүзеге асырғаннан кейін, аталған шағынаудандардың электр энергия тұтынуын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету мүмкіндігі артады.
Газбен жабдықтау желісіне жергілікті бюджеттен 63,5 миллион теңге бөлініп, оның ішінде 3 шағын аудандағы газ желісін қайта құрылымдау жұмыстары және Ақтау қаласындағы жастар үйіне сыртқы газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді.
3,6 км болатын жылу желілеріне, 1,9 км болатын кәріз желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді және 5,5км ауыз және техникалық су құбырлары ауыстырылды. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 2016 жылға бөлінген 1,6 миллиард теңгеге «Жылумен қамтамасыздандырудың құрылысы және қайта жаңғыртудың 2-кезеңі» аяқталып, 9, 11, 14, 15, 22, 23 шағынаудандарда 10,5 км. жылу жүйесі жаңартылды. Жаңа шағын аудандардың (31,31А,31Б,32,32А,32Б,33,34,34А,35) жоспарланған 23,9 км кәріз желісінің 18,9 километрі жүргізілді және бұл жұмыстар 16,17 шағын аудандарда әлі де жалғасуда.
Күн санап, көркейіп өсіп келе жатқан Ақтаудың жаңа шағынаудандарын жылумен қамтамасыз ету үшін салынған 700 мм құбырға қосымша айдау стансасын салуға ЖСҚ дайындалуда.
Білім беру саласында өзгеріс көп
Қала бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға, соның ішінде білім саласына бөлінеді. 2016 жылы 9,5 миллиард теңге немесе қала бюджетінің 37,6% қаланың білім саласына бөлінді. Ұлттық Бірыңғай Тестке қатысушы 985 түлектің орташа ұпайы–81 балл болды (2015 жылы-77,10). 24 оқушы «Алтын белгі», 33 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Жаңартылған білім бағдарламасына көшу де биылғы 2016-2017 оқу жылының еншісіне тиді. «100 қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, үш тілде білім беру бойынша қаламыздағы экономикалық лицей, №№4, 7, 11, 13 мектептер пилоттық жобаға енгізілді. Аталған мектептерде 7-8 сыныптар бойынша 479 оқушымен 14 маман жұмыс жасауда.
Қала мектептерінің материалдық-техникалық жабдықталуы жылдан-жылға жақсаруда. «Е-learninq» электронды оқыту жүйесі 14 білім беру ұйымына енгізілген. Қазіргі таңда қалған білім беру ұйымында аталған жүйеге қосылу үшін интернет желісін күшейту жұмыстары жүргізілуде. Қала бойынша 1 компьютерге 18 оқушыдан келіп отыр.
4371 бірінші сынып оқушылары және аз қамтылған отбасыларының 1359 баласы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, бұған бюджеттен 358,1 млн.теңге бөлінді.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі оқу және тәрбиемен қамтуды 2020 жылға дейін 100% жеткізетін боламыз. Ақтау қаласы бойынша 0-6 жастағы бала саны–31968. Оның ішінде 3-6 жастағы бала саны–16641. Қазіргі таңда қаладағы 73 балабақшада 13 054 бала тәрбиеленуде. Олардың 34-і мемлекеттік, 8-і шағын орталық, 24-і жеке меншік, 7-і жеке мекеншік шағын орталық. 3-6 жаста қамтылған бала саны–12436. Кезекте тұрған 0-6 жастағы–12239. Оның ішінде 3-6 жастағы кезекте тұрған бала саны–211. Балабақшалар желісін кеңейту мақсатында өткен 2016 жылы32А шағынауданнан 240 орындық 2 балабақшаға және «Шығыс-1» мен «Приозерный» тұрғын массивтерінде 280 орындық тағы да 2 балабақша құрылыстарына жобалық смета жасақталды.
Жұмыспен қамту қашан да өзекті
2016 жылы экономиканың түрлі салаларында 9511 жаңа жұмыс орны құрылды. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 376 орын. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1,4% жоғары. Жыл басынан тұрақты жұмысқа 1134 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 119 адам, 323 адам жастар тәжирибесіне орналастырылды және қоғамдық жұмыстарға 744 жұмыссыз адам жолданды.
5 арнайы бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижеде 25 адам тұрақты жұмысқа, 10 адам әлеуметтік жұмысқа, 5 адам жастар тәжірибесіне, 7 адам қоғамдық жұмыстарға, барлығы 47 адам жұмысқа орналастырылды.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы күшін жойып, оның орнына жаңа бағдарлама—«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бекітілді. Жаңа бағдарламаның негізгі мақсатына сай өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және өзге де біліктілігі жоқ тұлғаларды жұмысқа тарту, сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіпкерлік негіздері бойынша дағдыландыру, кәсіпкерлікке жағдай жасау бойынша қажетті шаралардың барлығы да қабылданатын болады.
Сондай-ақ қала әкімі баяндамасында инфрақұрылым, автокөлік және жаяу жүргінші жолдары, автобустар қатынасы, кәсіпкерлікті дамыту және басқа да әлеуметтік мәселелерге арнайы тоқталды. Серікбай Өтелгенұлы қалаішілік жолаушылар тасымалының автобус паркін жаңартып, тұрғындарға жайлы қызмет көрсетудің өз кезегінде тариф мәселесін қайта қарау кезінде халық тарапынан түсінушілік танытуына септігін тигізетінін атап өтті.
Әкім есебін тыңдаған бір топ тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Андрей Могилев Ақтауда тындырылған жұмыстарға көңілі толатынын айта келіп, өзінің ұсынысын да жеткізді.
- Қалада шағын дүңгіршектердің көбейіп кетуі қала сәнін кетіріп тұрған сияқты. Мұның барлығы кәсіпкерлік екенін түсінеміз,-деді ол.-Мысалы, 6-шағын аудандағы №30 үй мен №6 мектеп ортасында салынған кішкене дүңгіршек тіпті үйлеспей тұр. Сайлаушылармен соңғы кездесуімізде тұрғындар қоғамдық көлік жұмысына көңілі толмайтындығын білдірген-ді. Кешкі сағ 5-6-дан кейін втобустардың жүруі сиреп, таксиге мінуге тура келеді. Автобустардаң жұмыс уақытын ұзартып, көлік тасымалдаушыларының тендерге қатысуын қатаң бақылауға алу керек. МАЭК жастары парк аймамғын ашуды сұрап отыр. Онда жас отбасылар тал отырғызып, соларды өздері баптап өсіретін болса, деген ұсыныс бар. Оған жер бөлуге болады деп ойламын.
№21 орта мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары Балсұлу Жетібаева қаладағы жекеменшік денсаулық сақтау нысандарының жұмысына тексеру күшейтілсе, деген ұсынысын айтты.
- Жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың алдын алудың бірден бір жолы—олардың спорт секцияларына қатысуы болса, №16 мектептің жанынан салынған спорт залы басқа мектептерде де салуды жоспарласа. Денсаулығы нашар, соның ішінде жүйке жүйесі бұзылған, физикалық дамуы кешеуілдеген балалар бздің алдымызда отыр. Олардың барлығының мектепалды комиссиядан өткені, жарамдылығы жөніндегі анықтамасы бар. Комиссия кезінде оларды арнаулы психиатр дәрігер қарай ма? Қарайтын болса, олардағы психикалық өзгерістерді анықтай алмай ма? Биылдан бастап жаңартылған оқыту бағдарламасы іске қосылды. Сондықтан қала әкімдігі тарапынан бала психиатрының болуы және оның жұмысы қадағаланса деген ұсынысым бар,-деді ол.
33-шағын аудан тұрғыны Кәдірбай Жексенбай:
— Бізге №5 бағыттағы автобус қатынайды. Ол Назарбаев мектебінің жанындағы ұзын жолдың бойындағы аялдамада тоқтап, кейін айналып кетеді. Бұл аялдамадан тұрғын үй 1 шақырымдай алыста. Күнделікті салқын, таң қараңғысында немересін жетелеген ата-әжелерді, мектепке баратын баласын жетектеп бара жатқкан қолында емізулі баласы бар келіншектерді көреміз. Айналаның барлығы құрылыс, оларда әр түрлі адамдар жұмыс істейді. Ата-аналар балаларын таңертең жалғыз жіберуге қорқады. Ит тағы бар. Кейбір аналар кондукторға баласын аялдамадан түсіріп жіберуді сұраған хат жазып беріп жатады. Өтініш —сол аялдама тұрғын үй жанына жақындатылса және келіп-кететін автобус қадағаланатын болса.
Жауап: — 32а шағын ауданында 900 орындық мектептің жобасы дайын. Жоғарғы шағын аудандарға мектеп қажет екенін білеміз. Биыл болмағанымен, келіс оқу жылына бітіруге жұмыстанамыз. Дарын мектебінен кішкентай балаларды оқытатын бірнеше сыныптар аштық. Бірақ мұнымен мәселенің шешілмейтінін білеміз. Аялдама мәселесі де таныс. Жолдарға байланысты жоспарларымыз бар. 33-34 шағын аудандар арасында жол салынып жатыр қазір. Жол біткен соң аялдама да болады. Автобус үйдің қасына дейін баруы жоспарда бар. Тағы да келісіп шешеміз. Ішкі жолмен жүргізерміз мүмкін, қалай болғанда да мәселені шешу жолдарын қарастырамыз.
Шығыс-1 шағын аудан тұрғыны Гүлзира Құрашева:
— Шығыс-1,2,3 шағын аудандарында автобус жоқ. Мектеп қашан салынады?
Жауап: Бас жоспар бойынша Шығыс тұрғын үй кешенінде мектеп жоспарланбаған. Бірақ балабақшаның орны болған еді Шығыс-2-де. Соның орнына мектеп жоспарлап отырмыз. Қазір жоба жасақталуда. Жер көлеміне қарағанда, біздің жобамыз бойынша 300 орындық мектеп болмақ. Мүмкіндігінше баланың сыйымдылығын арттыруға тырысамыз. Ал маршрут қиындық келтіріп тұр. Бәсекелестік ортаға енген соң, кәсіпкер табыс табуы керек, табыс тұрғындардан түсетін жолақыға қарай табылады. Шығыс-2 мен Шығыс-3-тің ортасына жол салынды. Қазір Мұнайлы ауданынан келетін автобустардың қаламызды да қамтуы жағын ойластырудамыз. Дегенмен, автобус жағдайы бағаға келіп тірелетін болғандықтан тарифті қайта қарау керек болады. Себебі бәсекеге қабілетті болса, ол маршруттар өз-өзінен жүре берер еді.
Залдан қойылған өзге де сауалдарға жауап берілгеннен кейін сөйлеген облыс әкімі Алик Айдарбаев өңіріміздегі өрелі істердің жүзеге асырылуында Ақтау қаласының үлесі зор екендігін атап айтып, қала әкімінің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ