Жұқпалы иммун тапшылығы синдромының (АИТВ/ЖИТС) жұқпасы әлемде өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап тіркелген. Бұл адамның қорғаныс қабілетін жойып, халық денсаулығына қатер төндірумен қатар әлеуметтік-экономикалық даму үдерісінде, адамдардың әл-ауқатына, қоғамның бірлігіне және елдің дамуына кедергі келтіретін күрделі мәселе. Бүгінгі күнде дүниежүзілік денсаулық сақтау саласында бұл індетке қарсы алдын алуға қолданатын вакцинаның және оның қоздырғыш вирусын адам ағзасынан мүлдем жоятын химиялық дәрі-дәрмектің болмауынан бұл жұқпа басқаруға көнбейтін жұқпалы аурулар қатарына жатады. Осыған байланысты бұл індетке қарсы күрестің негізгі бағыты ЖИТС вирусын адамға жұқтырмау жолын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл жағдай ең алдымен әрбір адам өз денсаулығына жауап беру, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, салауатты өмір салтын қалыптастыру ұстанымына байланысты болатынын каперлеріңізге бергім келеді.
Облыстық денсаулық сақтау саласындағы осы індеттің алдын алу және оған қарсы күрес жүргізетін облыстағы бірден–бір арнайы мемлекеттік мекеме–Маңғыстау облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы.
1991 жылы еліміз тәуелсіз мемлекет болып жаңа құрылып жатқан кезде Республика көлемінде алғашқылардың бірі болып облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы ашылған.
Орталықтың осы мақсатта жұмыла жұмыс бастағанына өткен жылы ширек ғасыр толды. Осы уақыт ішінде орталық зертханасының тексеруі нәтижесінде облыс бойынша 226 адамда ЖИТС вирусының жұқпасы анықталып, оның алдын алу, емдеу, диспансерлік қадағалау жұмыстары жүргізілген. Облыста алғашқы ЖИТС вирусын тасымалдаушы 1994 жылы 1 адамда анықталған болса, өткен 2016 жылы 32 адамда анықталды. Оның ішінде 4-і шет ел азаматтары. Бүгінгі күнде орталық зертханасы арнайы дайындалған тәжірибелі мамандармен, заманауи талапқа сай зертханалық қондырғылармен қамтамасыз етілген. Тексеру қортындысымен вирустың оң нәтижесі анықталған адамның ағзасы 2-ші рет тесеріліп, қортындысы Республикалық орталықтың референс-зертханасына растауға жолданады. Өткен 2016 жылғы біздің зертханада алғашқы рет оң нәтиже анықталған 32 адамның қортындысы Республикалық зертханада 100 пайыз расталды.
Соңғы 10 жылда облыста ЖИТС вирусына тексерілуге тиісті адамдарың саны 2 еседей өскен. 2007 жылы зертханалық тексеруден 45 мың адам өтсе, өткен 2016 жылы 90 мыңнан астам адам тексерілген.
Вирустың жұқпа көзі—ЖИТС вирусын жұқтырған адам болып табылады. Алдын алу шарасының басты міндеті ЖИТС–жұқпасын тасымалдаушыларды анықтап, жұғу арнасын сенімді түрде жауып тастау.
ЖИТС жұқпасы вирусының жұғу жолдарының үш түрі белгілі:
Әр адам өз денсаулығына мұқият қарауы тиіс. Бұл қауіпті инфекцияның жұғу жолдарын жақсы біліп, жаман әдеттерден тиылып, әдепсіз нәрселермен айналыспай, бейбастақ қарым-қатынастардан аулақ болған жан, әрине, өзіне және айналасындағы адамдарға да ауру жұғу қаупін азайтар еді.
Өз өмірімізге жауапкершілікпен қарайық, ағайын!
Алмабек БИСЕН облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығы директорының орынбасары