Облыс орталығындағы «Шоғы батыр» спорт кешенінде 2002-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен ашық чемпионат өтті. Жарысқа Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен бес ауданнан жиналған 90-нан аса балуандар қатысып, шеберліктерін ортаға салды.
— Бүгінгі жарыс Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 28 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Ақтау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға жауынгер-интернационалист, «Жауынгер бауырластығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәтжан Шаулиев бастаған бір топ ағаларымыз келіп, тілектерін айтып, жарысты тамашалады. 90-нан астам балуан қатысқан жарыс жоғары деңгейде өтті, — дейді жарыстың бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі төреші Жамбыл Бисенкұлов.
Тартысты өткен жарыстың қорытындысында 38 келі салмақта Ақан Тлепов, 42 келі салмақта Бекарыс Сатымов, 46 келі салмақта Ернар Рамазанов, 50 келі салмақта Сұлтанғали Қуанғалиев, 55 келі салмақта Айдархан Үркенбаев, 60 келі салмақта Айбек Далмаханов, 66 келі салмақта Ерболат Бердімұрат, -73 келі салмақта Нұрболат Бердімұрат, +73 келі салмақта Арман Байниязов жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тақты.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН