Бүгін Чехия Республикасы Парламенті депутаттарының делегациясы ЭКСПО-2017 нысандары мен ұйымдастыру кеңсесін көріп шықты. Сондай-ақ, «Астана ЭКСПО -2017» ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Чехия Депутаттар Палатасының Төрағасы Ян Гамачекпен кездесті.
Кездесу барысында екі жақ ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты сұрақтарды талқылады. Ахметжан Есімов, өз кезегінде, бүгінгі күні 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйымдар көрмеге қатысатындығын ресми растап, павильондарды беру ауқымы белсенді жүріп жатқанын атап өтті. Соның ішінде 18 мемлекет өз павильондарын алып, тақырыптық безендіруге кірісті.
Ян Гамачек жаңа қуат көздерін қолдайтын мемлекет ретінде Чехия үшін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу маңызды екенін айтты. «Чехия делегациясының сапары ЭКСПО көрмесін тамашалаумен тәмамдалуы, чехтардың көрмеге қаншалықты мән беретіндігін аңғартса керек. Әсіресе, көрме тақырыбы қызықты. Көрмеге дайындық барысымен танысып шықтық, оның ең жоғарғы деңгейде өтуіне сенімдіміз»,- деп атап өтті Чехия мемлекеті Парламент депутаттар Палатасының Төрағасы.
Сонымен қатар, Ян Гамачек көрменің ашылуына Чехия Президенті қатысатындығын айтты. Көрмеде чехтар өздерінің баламалы энергия көздерін пайдалану саласындағы ең озық заманауи технологияларын көрсететіндігін жеткізді.
Басқосуда Чехия Парламентінің Депутаттары жан-жақты оларды қызықтырған сұрақтар қойды. Атап өтсек, Збынек Станюра көрме кезінде жұмыс орындарының санын сұрады. Ұлттық компанияның директоры бұл дағдарысқа қарсы жоба екенін атап өтіп, 50 мыңға жуық жұмыс орыны ашылғанын баяндады.
Кездесу соңында Чехия мемлекетінің депутаттары Көрме кезіндегі 15 маусымда өтетін Чехия Республикасының ұлттық күніне келетіндіктерін айтты.