Ресейде жастарды суицидке итермелейтін қорқынышты ойын пайда болыпты-мыс. Одан күні бүгінге шейін отыздан аса жеткіншек көз жұмған. Осындай бейресми ақпарат қазірде қазақстандық құқық қорғаушылар мен ата-аналарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, 32 ресейлік жеткіншек «Көк киттің» құрбанына айналған. Ақпарат ресми болмаса да, әлеуметтік желіде балаларын бұл қауіпті ойыннан құтқару үшін ата-аналарға арналған түрлі әдістемелер мен ақыл-кеңестер қаптап кетті.«Балаларыңызға сақ болыңыз. Олардың «ВК», «Одноклассники» әлеуметтік желісіндегі қандай пабликтерде тіркелгендігін қадағалаңыз. Бұл сіз ойлағаннан әлдеқайда маңызды», - делінген сондай кеңестердің бірінде.
Анонимді жанашырлардың айтуынша, өмірге қауіпті ойынның мобильді қосымшасы жасалып, оған тіркелген жастар өз ажалын өздері сатып алуда.
«Сіз жастар арасында тараған жаңа «тренд» жайында естіп пе едіңіз? Балалар өз «өлімін» өздері сатып алуда! (Мобильді автор) қосымшаны сатып алғандардың үстінен қарайтын жауапты адамдар болады. Олар ойында берілген тапсырманың орындалуын қадағалайды. Ойынның соңғы кезеңі – өлім», - делінген хатта.
Сондай-ақ, желіде тараған ақпаратқа сәйкес, адамды суицидке итермелейтін ойынды ойнайтын жасөспірімнің ұйқысы қанбайды екен. Ол пышақ немесе басқа да өткір құралдармен денесіне киттің, көбелектің, пырақтың (единорог) суретін салуы мүмкін. Себебі, ойынның талабы сондай.
Жасөспірім достарымен сөйлескен кезде «Разбуди меня в 4.20», «я в игре» тіркестерін қолданса, Viber арқылы ( және басқа да мессенджерлермен) бейтаныс адамдар оған бұйрық берсе, оның әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында 50 саны және одан басқа да цифрлар болса, бұл оның «ажалмен ойнап» жүргенін көрсетеді.
«Әлеуметтік желілерде «Киты плывут вверх», «Разбуди меня в 4.20», «f57,f58», «Тихий дом», «Рина», «Няпока», «Море китов», «50 дней до моего» сынды топтарға тіркелсе, мәтіндерінде «домкитов», «млечный путь», «150звезд», «ff33», «d28», «хочувигру» хештегтері кездессе, «ВК» әлеуметтік желісінде өзі туралы толық ақпаратты жауып тастаса, достарымен сөйлескен кезде «Разбуди меня в 4.20», «я в игре» тіркестерін қолданса, егер әлеуметтік желідегі жеке парақшасының бетінде 50 санынан бастап, басқа да цифрлар көрсетілсе, қауіптеніңіз, балаңыз ойынға қосылған», -делінген ватсапта ата-ананың зәресін алған хабарламада.
Қазірде қазақстандық құқық қорғаушылар бұл мәліметтердің рас-өтірігін тексеріп жатыр. Тексеріс қорытындысы бойынша арнайы мәлімдеме жасалатын болады.
Айта кетейік, бүгін Ресейде желі арқылы жасөспірімдерді өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі деген күдікпен Филипп Будейкин есімді азамат ұсталды. Ол 15 жасөспірімнің өліміне себепші болған. Тағы 5 бала өз-өзіне қол жұмсау туралы ойыннан соңғы сәтте бас тартқан.
Полицияның мәліметіне сәйкес, жастарды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін әлеметтік желідегі топтар жұмысын жабық түрде жүргізген. Топқа мүшелікке өткен жасөспірімдерді топтың әкімшісі өзі қабылдап отырған. Оның балалардың алдында беделі жоғары болған көрінеді. Әлеуметтік желідегі топқа мүше оқушы кезең-кезеңімен тапсырма алып отырған.
Дереккөз: Baq.kz