©
Биыл мектеп бітірушілер тапсыратын Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгергені белгілі. Осыдан бес жыл бұрын қозғалған бұл мәселенің шешімі енді табылған сыңайлы. Бұрын түлектері төмен балл алған мектептің директоры «жоғарыдағылардан» «таяқ жейтін» болса, енді мұндай шара қолданылмайды. ҰБТ-ның жаңа форматында өзге де жаңалықтар аз емес. Бұл туралы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатында болған семинарда айтылды.
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің, Маңғыстау облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің өкілдері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен ҰБТ өткізуге жауапты мамандары, Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункттерінің директорлары, мектеп директорлары, сынып жетекшілері, ата-аналар, 11-сынып оқушылары, Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысқан семинарды облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова ашып, жүргізіп отырды.
- Облыстың білім беру жүйесін дамытудың басты басымдықтарының бірі сапалы білімге қолжетімділік болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін анықтайтын негізгі көрсеткіштер қатарына мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім ұйымдары желісінің дамуының оң динамикасы және вариативтілігі, білікті педагог кадрлармен қамтамасыз етілуі, материалдық-техникалық базаның сәйкестігі, оқушылардың оқу мен тәрбиеде қол жеткізген жетістіктерінің деңгейі жатады,-деген ол бүкіл республика бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес ҰБТ ұйымдастыру және өткізу жөнінде ақпараттық түсінік жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап айтты. Басқосуда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Тұрақты Ынтымақов ҰБТ жаңа форматы туралы түсінік берді.
Тұрақты Жұмаділдаұлы ҰБТ жоғары оқу орнына түсетін оқушыларға арналатынын қаперге берді. Жаңа форматтың 2004-2016 жылдары өткізілген дәстүрлі ҰБТ-дан едәуір айырмашылығы бар. Мәселен, 2017 жылдан бастап мектеп бітіруші түлектер мектепте 5 пәннен емтихан тапсырады. Бірінші бөлімде алдымен 250 сөзден тұратын эссе жазып, екінші—алгебра пәнінен бақылау жұмысын және Қазақстан тарихынан билет бойынша ауызша тапсырады. Екінші бөлімде—қазақ тілі мен екі таңдау пәні (оқушы өзі таңдаған) 40 сұрақтық тест жұмысы өтеді. Ал, жоғары оқу орнына түсу үшін бірінші бөлімде математика және оқушы сауаттылығынан 40 сұрақтық тест тапсырады. Таңдаған мамандығына байланысты екі таңдау пәнінен, мысалы, медицина саласы үшін химия және биология пәнінен тест тапсырады.
Жаңа форматтың тағы бір жаңалығы—талапкерлер екі таңдау пәнді бір күнде емес, әр күнде тапсыра алатындығы. Талапкерлер неше пән тапсырамын десе өз еркі, әр күні әр бейіндік пән тапсырып бағын сынай алады, бұл талапкерлердің көп мамандық таңдауына мүмкіндік береді. Емтиханды бір емес, үш рет тапсыруға да мүмкіндік ашылған, мысалы грант үшін наурыз және шілде айында екі рет тапсырып, өз қалауындағы нәтижесін грантқа үміткер ете алады. Ал, ақылы оқу үшін тамыз айында тапсыра алады.
Сынақтарды түлектер өз мектебінде тапсырады. Бірақ сынақтарға қойылатын қатаң талап сақталады. «Алтын белгі» иегерін де мектепте анықтайтын мүмкіндік берілген. Дегенмен, «Судың да сұрауы бар» демекші, үздік түлектер «Алтын белгіге» лайықты екендігін сынақтар нәтижесі арқылы дәлелдей білуге тиісті.
Семинарға қатысушылар аталмыш мәселеге орай өздерін толғандырған сауалдарына жауап алып, пікірлерін ортаға салды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА