Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстан Республикасындағы өкілдері, халықаралық сарапшылар Хуан Телло (Италия), Франческа Романо Пезелла, Анна Короткова (Ресей) облысқа арнайы іс-сапармен келіп, медициналық мекемелердің жұмысымен жақын танысып, науқастардың хал-жағдайын білді. Қонақтар алдымен облыстық аурухананың инсульт орталығында, кардио жансақтау, нейрохиругия, кардио ота, оңалту бөлімдерінде болып, дәрігерлердің жұмысымен танысты.
- Облыстық ауруханада ота жасау үшін, науқастардың сапалы ем алуына барлық жағдай жасалған екен. Соңғы үлгідегі, талапқа сай құрал-жабдықтар да бар. Осы ауруханаға келген уақытта біз миға жасалып жатқан отаға қатыстық, ота жасайтын дәрігерлердің біліктілігі де талапқа сай екендігін өз көзімізбен көрдік. Отадан кейінгі науқастардың жағдайымен таныстық, жасалып жатқан жұмыстардың барлығы менің көңілімнен шықты. Алдағы уақытта да жүрек ауруларының алдын алу, ана мен баланың денсаулығын сақтау, онкологиялық аурулардың көрсеткішін төмендету мақсатында бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз, - дейді халықаралық сарапшы Хуан Телло.
Маңғыстау облыстық ауруханасының басшысы Нұрлан Тілеповтың айтуынша, бүгінгі таңда ауруханадағы кардиохиругиялық орталығында 20 дәрігер жұмыс жасайды. Оның алтауы Астанадан арнайы шақырылған білікті мамандар.
- Қонақтарымыз жүрек аурулары мен мидың қан айналымы бойынша науқастарға қандай ем көрсетілетінін, ауруханадағы құрал-жабдықтармен жақынырақ танысты. Біздегі құрал-жабдықтар Германия, Жапон мемлекеттерінен алынған. Қонақтарымыз бір айдың ішінде еліміздің басқа да өңірлеріне барып, жалпы елімізде медицина мекемелерінің жұмысымен танысатын болады. Бүгінгі таңда жүрекке күрделі ота жасау ауруханамызда жақсы жолға қойылған. Қонақтарымызды жақында ота жасалған науқастарымыздың жағдайымен таныстырдық. Екі науқасымызға да күрделі ота жасалған болатын. Бір науқасымыздың-жүрегінің екі тамыры мен қақпақшасын ауыстырсақ, екінші науқасымызға өкпе қан тамырларының бітеліп қалуына байланысты күрделі ота жасап, уақытылы көмек көрсеттік. Барлық науқастардың жағдайы жақсы, - дейді Нұрлан Тілепов.
Түстен кейін қонақтар Ақтау қалалық №2 емханасы мен Тұпқараған ауданы, Ақшұқыр отбасылық дәрігерлік амбулаториясының жұмысымен танысты.
Венера МИРЛАН