Таяуда белгілі ІТ маманы, сайт құрастырушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Тимур Бектұр «Маңғыстау-медиа» ЖШС-не қарасты басылымдардың журналистеріне тренинг өткізді.
Қазақстандық ІТ саланың дамуына үлес қосып, жаңа медиа, әлеуметтік желілер тақырыбында тәжірибе бөлісіп, сайт жасауды кәсіп еткен Тимур Бектұр екі күнге жалғасқан тренингте журналистер білімін молайтып, шеберлігін шыңдады. Осыдан бірнеше ай бұрын өңірдің басты айнасы – «Маңғыстау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің және қала-ауданның өмірінен, ауылдың тыныс-тіршілігінен хабардар ететін «Жаңаөзен», «Рауан», «Ақкетік арайы», «Мұнайлы», «Жаңа өмір», «Қарақия» газеттерінің ортақ жеке сайты – 7292info.kz ашылды. Бұл сайт Қазақстанның бүкіл аймақтарына маңғаз Маңғыстаудың саясат, экономика, әлеумет, спорт, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мәдениет саласындағы жаңалықтарды тарататын ақпарат құралының бірігейі болмақ. Осыған орай журналистер Тимур Бектұр арқасында жаңа сайттың мүмкіндіктерімен танысып, жаңа медиаға қадам басты. Тренинг бір тақырыппен шектелмеді: өңірлік БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі, азаматтық журналистика, әлеуметтік желілердің журналистер үшін маңызы, пікір көшбасшылығы, блоггерлер қауымы және тағы басқа түйткілді мәселелері сөз болды. Жаңалықтарға жаны құштар, қаламы қарымды журналистер көкейіндегі сауалдарын қойып, орамды ойларын ортаға салды.
Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН