Ақтауда «Жас жол инспекторы-2016» атты жол қозғалысы инспекторларының қалалық слеті өтті. Дәстүрлі байқау жол қауіпсіздігін қатаң сақтау, жол жүрісі қағидаларын бұлжытпай орындау, жол белгілерімен танысу әрі жол қозғалысы ережелерін меңгеруді насихаттауға бағытталған. Жас жол инспекторлары жасақтары жол қозғалыс ережелерін мүлтіксіз сақталуын қадағалап, жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Сыптай киініп, сап түзеген жас өрендер сақадай сай дайындығын білдірді. Алдымен №17 орта мектеп директоры Люция Нұржанова сөз сөйлеп, жас ұландарға сәттілік тіледі.
«Ақтау қаласында ағымдағы жылдың 3 ай көлемінде 13 жол апаты оқиғасы тіркелді. Нәтижесінде, 1 бала қаза тапты. Слеттің негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасында жол қозғалысы ережелерін сақтау әрі жолдарда балалар жарақаттануының алдын алу. Бүгін қала бойынша 16 мектеп слетке қатысады. Слет 7 сайыстан тұрады. Атап айтсақ, «Үгіт бригадасы», «Саптық байқау» және «Жол қозғалысы ережесінің білгірлері» топтық сайыс, ал «Жас эрудит», «Жас санитар», «Жас реттеуші» және «Велосипедті мәнерлеп айдау» сайыстары жеке оқушылардың қатысуымен өтеді. Слетке 10 мен 14 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатыса алады»,-дейді Маңғыстау облысының жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Гауһар Биялиева.
Слет жеңімпаздары облыстық байқауда өзге топтармен бақ сынасады. Облыстық слет ағымдағы жылдың мамыр айының 20-жұлдызында өткізілмек. Ал облыстық сайыс жеңімпазы 17-26 тамызда өтетін республикалық додаға жолдама алады.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ Суретті түсірген Т. ҚҰСАЙЫН