©
Ақтау қаласында Маңғыстау индустриалдық палатасының қолдауымен жаңадан «Болашақ» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, өңірдегі шаруа қожалықтарын бірігуге шақырды. Бұл туралы «Маңғыстау индустриалдық палатасы» Заңды тұлғалар бірлестігі (ЗТБ) төрағасының кеңесшісі Нұрбол Оқуов хабарлады.
Кооперацияның алға қойған мақсаттары мен атқаратын міндеттерін түсіндіру мақсатында фермерлердің қатысуымен жиын өттті. Жиынға қатысқан индустриалдық палатаның сарапшылары, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшылығы, ауылшаруашылығын ақшалай қолдау қоры мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері ауыл кәсіпкерлерінің сауалдарына жауап беріп, еркін пікір алмасты.
«Болашақ» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры Ғалымжан Айдарбайұлының айтуынша, бүгінгі таңда кәсіпкерлерді толғандыратын мәселе көп. Әсіресе кепілсіз несие, субсидия және өндірілген өнімді сатылымға шығару кезінде арнайы салық ережесін қолдану сияқты ұшы-қиыры жоқ проблемалар жеткілікті.
-2015 жылдың 29 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» заңға қол қойған болатын. Биыл қаңтар айының 1-ші жұлдызынан бастап күшіне енген жаңа Заң ауылшаруашылығын дамытуды жаңа деңгейге шығарады деп күтілуде. Әлемдегі көптеген елдердің халық шаруашылығына қатысты салалардың барлығында кооперация кеңінен тараған. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кооперация - ауылшаруашылығы бизнесін кез-келген дағдарыстан алып шығады. Мәселен АҚШ, Канада, Латвия, ФРГ, Аргентина, Үндістан, Швейцария, Бразилия, Франция, Колумбия, Мысыр сияқты алпауыт мемлекеттер кооперацияның тиімді екендігін айтумен келеді. Егер де біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ аясында, сапалы отандық өнімімізді экспортқа шығаруды көздесек, онда бірігіп жұмыс жасауымыз керек,-деді Ғалымжан Айдарбайұлы.
Өз бизнесін одан әрі дөңгелеткісі келген шаруа қожалықтары көбіне банктен несие алуға мәжбүр екені белгілі. Алайда қаржыға қол жеткізу екінің біріне бұйыра бермейтіні тағы бар. «Бұл ретте кооперативке мүше болған кәсіпкерлер өкінбейді, керісінше уақыта өте оның жемісін көреді», - деп сендірді ауылшаруашылық басқармасының өкілдері.
- Сіздерде мүмкіндік көп, «Болашақ» АӨК қатарына кірсеңіздер де болады, қажет десеңіздер өздеріңіздің кооперативіңізді құрсаңызда еш кедергі жоқ. Бұл заң аясында берілген жақсы мүмкіндік. Бүгінде кооператив мүшелері ғана қысқа мерзімде несие алуына болады, яғни бұрынғыдай банктердің табалдырығын тоздырмаудың бірден-бір жолы осы. Сол себепті, баршаңызды кооператив құруға немесе жұмысын бастап кеткен кооперативтермен қоян-қолтық жұмыс жасауға кеңес беремін, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жетекшісінің орынбасары Талғат Балтабеков.
Жиынды ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта ауыл кәсіпкерлеріне арнап семинарлар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, сарапшылар «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін, бірігудің нәтижесінде ғана жаңа белестерді бағындыруға болатынын ауылдарды аралап, кәсіпкерлерге түсіндірмекші. Басқосуда сөз алған кәсіпкерлер болса, облыс орталығында өз жұмысын бастаған «Болашақ» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің құрылғанына ризашылықтарын білдірді.
- Меніңше кооператив қажет-ақ. Мойындау керек, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау ұшан-теңіз. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін жаңа технологиялар қажет. Алдымызда инновациялық өндіріс, жаңа техника, заманауи технологияларды игеру міндеті тұр. Ешкімнен кем емеспіз, қолымыздан келеді, тек бір-бірімізді түсінісіп, бірлесіп жұмыстануымыз керек, - деді «Қолғанатовтар жанұялық қожалығы» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Қолғанат.
«Болашақ» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Ең бастысы, жуырда облыстағы бес аудан мен Жаңаөзен қаласында болып, шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесу ұйымдастырып «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» заңының аясында жүргізілетін жаңа бағыттар туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізбекші.
Кездесу соңында «Болашақ» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі мен шаруа қожалықтарының жетекшілері тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыстануға уағдаласты.
Венера МИРЛАН