Жуырда Мұнайлы ауданы мектептерінде құқықбұзушылық, суицид, зорлық-зомбылық, ерте жүктіліктің алдын-алу мақсатында 7-11 сынып аралығындағы оқушылармен апта бойы кездесулер ұйымдастырылды.
Облыстық маслихат депутаты, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Т.Әміров, Мұнайлы аудандық прокуратурасының прокуроры Ә.Алуадинов, аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Овезов, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Е.Құли, ауыл әкімдері, аудандық ішкі істер бөлімінің ювенальды полиция тобының жетекшісі, полиция майоры Ж.Сарбасова, аудандық білім бөлімінің жанынан құрылған ата-аналар комитеттері - Қ.Егізқараев пен А.Рамазанова, «Оқушылар орталығының» директоры Ж.Жолдасбаев аудан әкімдігімен бекітілген кешенді жоспар негізінде мектеп оқушыларымен, ата-аналармен, ұстаздармен кездесті. Себебі, бүгінгі таңда қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, теріс қылықтардың жолын кесу болып отыр. Аудандық ішкі істер бөлімінің ювенальды полиция тобының жетекшісі Ж.Сарбасованың айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында орын алған қылмыстар салыстырмалы түрде 4 қылмысқа (2015 жылы – 15, 2016 жылы – 11 дерек) төмендеп, 26,7 пайызды құраған. Жасалған қылмыстардың басым бөлігі жеке мүлікке қол сұғу санатына жататындығын айтқан Ж.Сарбасова: «Қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың білімі мен тұрмыстық жағдайы орта, колледж, мектеп оқушылары. Статистика бойынша аталмыш қылмыстар күндізгі және түнгі мезгілдерде жасалған. Яғни, бұл кезде олардың тәрбиесін бақылайтын ата-аналары немесе олардың орнын алмастырушы тұлғалар қайда қарап отыр?», - дейді. Оның айтқан мәліметтерін тақырыпшаларға бөліп бергенді жөн көрдік.
Қылмыстың түбі - қорлық
2016 жылдың 12 ай қорытындысы бойынша аудандағы кәмелетке толмағандар арасында 11 қылмыс дерегі тіркелген. Оның ішінде мектеп оқушылары 8, 2-еуі колледж студенттері. Қылмыстың басым бөлігі – ұрлық деректері екен. Қылмысқа ұрынған жасөспірімдердің кейбірі толық, кейбірі жартылай отбасының балалары екені анықталыпты.
Өз-өзіне қол жұмсау
Аудан көлемінде 6 суицид орын алған. Оның ішінде 3-еуі аяқталған суицид, 3-еуі өз-өзін өлтіруге оқталғандар қатарына жатады. Мұндай қадамға үйдегі ана мен баланың арасындағы түсініспеушілік себеп болған. Соның салдарынан балалар анасына ренжіп, сіріңке суын, дәрі-дәрмектер ішкен.
Қаңғыбас қыз
Үйінен безіп, қаңғыбастықпен айналысып жүрген кәмелетке толмағандар саны - 13. Мысал ретінде, мектепте білім алудан бас тартып, Ақтау қаласында қаңғыбастылыққа салынып жүрген 15 жасар қыз баланы айтуға болады. Оның ата-анасына тиісті шаралар қолданылып, балаға жауапкершілік танытуы тиіс екендігі айтылған. Десек те, жасөспірім Маңғыстау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
Оқушы "қыздың" аяғы ауыр
Қыз балалардың кәмелет жасқа толмай ерте тұрмыс құруы немесе аяғы ауырлап қалу жағдайлары жиілеп кетті. Аудандық Ішкі істер бөлімі ЖПҚ ювеналдық полиция тобы аудандық емханамен салыстырма жүргізіп отыр. Салыстырма кезеңінде жүктілік қатарында есепте тұрған 46 кәмелетке толмаған оқушылар анықталып, заң жүзінде тиісті шаралар алынған. Бірақ..
«Ауруын жасырған өледі», - демей ме дана қазақ?! Қабырғамызға аяздай батса да, мектепте өткен жиын осындай келеңсіздіктердің, өмірдің өзінен алынған ащы «запырандардың» бетін ашты. Уыздай жап-жас қыздардың мектепті әлі аяқтамай, жігітпен жүруі, ең сорақысы - екіқабат болып қалуы және ондайлардың саны біреу, екеу емес, 50-ге жуықтауы өте өкінішті. Байғұстардың кейінгі тағдыры не болмақ? Қыз тұнығын былғаған жігіт оны келіншегі етіп алды не алмады... Тәтті сөзді үйіп-төгіп, қаша жөнелсе не болмақ? Түсік тастау деген түсінік осындайдан тумай ма? Әрине, білім ошақтарында өткен кездесулерде аға буын тарапынан оқушының құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Овезов оқушыларды көп оқып, ізденуге, кітаппен дос болуға, ата-атаның үмітін ақтап, грантқа түсудің қамын жасауға кеңес берді. Сонымен қатар ол жағымды жетістіктерімен де бөлісті. Жуырда өткен облыстық пәндік олимпиадаға аудан мектептерінен 57 оқушы қатысып, 23 оқушы жүлделі орындарға ие болыпты. 5 оқушы республикалық кезеңге жолдама алыпты. Бұл қуантарлық жағдай.
Қазіргі таңда мектептерде «Шахмат» үйірмесі ашылып жатыр екен. Одан бөлек Мұнайлы ауданында мектептен тыс қосымша білім беретін 5 ұйым, оның ішінде «Өнер» мектебі, Маңғыстау, Дәулет және Басқұдық селоларында орналасқан жасөспірімдерге арналған 3 Спорт мектебі және 6 аула клубы бар. Бұл аз десеңіз, құжынаған үйірмелер жұмыс жасап тұр. Ұлдарымыз ұрлық жасап, қаңғырғанша, неге осындай үйірме мектептеріне қатыспасқа? Қыздарымыз жігіт қолтықтағанша, кесте тігіп, неге кұрақ құрамасқа? Әлде бұл соншалықты қиын ба? Айтыңыздаршы..
Әсел ТАҢАТАРОВА