Ақтауда алғаш рет жас гимнасшы қыздарға арналған оқу-жаттығу жиыны өтті. Шараға гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның бес дүркін чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, Лондон Олимпиадасының қатысушысы, астаналық Анна Алябьева қатысып, екі апта бойы аймақтағы бапкерлер мен гимнасшыларға арнап шеберлік сабағын ұйымдастырды.
- Екі апталық оқу-жаттығу жиынында байқағаным Маңғыстау облысында көркем гимнастикада ілгерілеу бар. Дамыту үшін жақсы жағдай жасалған. Тек балалармен жұмысты жандандыруды қолға алу керек. Ол үшін оқу-жаттығу жиындарын жиі ұйымдастырып тұрған жөн. Және ата-аналар да бұл іске атсалысуы керек. Республикалық, халықаралық жарыстарға қатыстыруға лайық жастар желкілдеп өсіп келеді. Жалпы Маңғыстауда дарынды балалардың көптігін байқадым. Бұл бізді қуантады, - дейді Анна Алябьева.
Жыл басында аймақта көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы құрылып, жұмысын бастаған болатын. Федерацияның президенті болып, КСРО-ның спорт шебері, бірнеше дүркін ҚР чемпионы Бибігүл Төлегенова сайланған еді.
-Бұл біздің облыстық деңгейде ұйымдастырып отырған екінші шарамыз. Бұған дейін біз облыстық чемпионат өткіздік. Жарысқа қатысқан 50-ге жуық қыздарымыздың арасынан «үздіктерді» анықтадық. Олар ақпан айында Шымкент қаласында өтетін ҚР-ның чемпионатына жолдама алды. Бұл жолы Астанадан білікті маманды шақырып, жаттықтырушыларымыздың шеберліктерін шыңдап, білімдерін жетілдірдік. Әр бапкер еңбегінің жемісі-Қазақстан Республикасының чемпионын шығару және сол чемпионның шет елде өтетін жарыстарға қатысуына жағдай жасау. Айта кету керек, облыста көркем гимнастикадан осы уақытқа дейін бірде-бір ҚР чемпионатында топ жарып, Азия, Әлем чемпионаттарына жолдама алған қыз болған жоқ. Сондықтан да облыста көркем және эстетикалық гимнастиканы көтеру үшін федерация құрып, алдымызға үлкен жоспарлар жасақтадық. Гимнасшы қыздарымызға арнап, жаттығатын құны 4 миллион теңге тұратын екі үлкен кілем сатып алдық. Алдағы жылы тамыз айында өңірде халықаралық жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз,-дейді облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті Бибігүл Төлегенова.
Бүгінде өңірде 1200 қыз бала көркем гимнастикамен айналысады. Оларға білікті алты бапкер дәріс береді. Сондықтан да облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы аудан орталықтарынан да көркем гимнастиканың секцияларын ашу жоспарланып отыр.
Венера МИРЛАН