©
«Қазақстанның үшінші жаңғыртылуы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауын оқи отырып, көңіліме түйгенім – құжатта қарқын ала дамып келе жатырған әлемге байланысты жаһанданудың жаңа сатысына көтерілу жолындағы Қазақстанның алдағы атқарар міндетіне басымдық берілген.
Осы орайда Елбасы өз Жолдауында жаңа стратегиялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде тың бастамалар көтеріп отыр. Сондай-ақ, қай Жолдауын алып қарасақ та, әлеуметтік сала көзден тасада қалған емес. Жаңа Құжатында да Мемлекет басшысы сол саланың ішінде денсаулық сақтау жүйесіне де тиімді өзгеріс енгізуді көздеп отыр.
Атап айтар болсам, ағымдағы жылдың бірінші шілдесінен бастап азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті сақтандыру жүйесінің енгізілуі бұл салаға жаңа серпін берері сөзсіз. Бұл жүйеге ену – халық үшін тиімді деп ойлаймын. Өйткені, Елбасы Жолдауында - медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең көлемді медициналық қызметтер ұсынылады, ал халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекет тікелей қолдау көрсетеді,- делінген. Сонымен қатар, барлық дәрі-дәрмектің бағасын заңнамалық тұрғыда реттеп отыруды тапсырды, демек дәрі-дәрмектерді халықтың пайдалануының қолжетімділігі арта түседі деп ойлаймын. Осы орайда мен Елбасының бүгінгі Жолдауын қолдаймын, бұл Жолдау еліміздің экономикасы мен халықтың әлеуметтік – әлеуетін арттыруда қосар үлесі мол болмақ.
Тілеген Әлібеков,
Мұнайлы аудандық емханасының пациентті қолдау және ішкі аудит қызметінің дәрігері
Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам
Елбасы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауын біздер, спортшы жастар да телеарналар арқылы тыңдап, танысамыз. Биылғы Жолдауын Елбасы баспасөз беттері арқылы жариялады.
Мен Елбасының бүгінгі жариялаған Жолдауын «Ақорда» сайтынан оқып шықтым. Өз халқына арнаған бас құжатында Елбасы еліміздің 25 жылда бағындырған биік белестері мен алдағы бағындырар асау шыңдары жайлы сөз қозғаған. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері – Ұлт Көшбасшысының сындарлы да салиқалы саясатының арқасында әлемдік аренадан өз орнын алғандығы белгілі. Бұл тұрғыда біздің, яғни, спортшылардың да үлесі ұшан-теңіз деп айтсам да – артық болмас. Өйткені олимпиадалардағы біздің Қазақ елінің спортшылары бағындырған биік шыңдар – әрбіріміздің әр сәтте де еске алып, мақтанарлық жетістігіміз! Бүгінгі құжатында да Елбасы сөз басында Алматы қаласында басталған Универсиада -2017 спорт ойындарын да айтып өтті. Оған 57 мемлекеттен екі мыңнан астам спортшы мен делегация мүшелері қатысуда. Мен осы мақаламды пайдалана отырып, еліміздің спортшыларына тек қана сәттілік тілеймін!
Сондай-ақ Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында кейбір саланың айлық жалақыларын өсіру жөнінде де тиімді шешімін жариялайды, ал биылғы Жолдауында бұл тұрғыда басты басымдықты зейнеткерлерге, мүгедектерге, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға, бала туылғанда берілетін және асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін зейнетақы, жәрдемақы, атаулы көмектердің мөлшерін өсіру жөнінде айтып өтті. Бұл да көңіл қуанарлық жақсы жаңалық, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тағы бір нақты қадам деп білемін. Мен Мемлекет басшысының бұл Жолдауына да қолдау білдіремін, ел игілі жолындағы жарияланған Жолдауды жүзеге асыруда өз үлесімді де тыңғылықты түрде қосамын деп ойлаймын.
Айжан Маймақова,
Басқұдық ауылының тұрғыны, жас спортшы
Жаңа Жолдауда жаңашылдық басымырақ
«Қазақстанның үшінші жаңғыртылуы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Елбасының былғы Жолдауы – еліміздің жаһанданудың жаңа сатысын бағындыру жолындағы келесі нақты қадамдарға арнаған дер едім. Өйткені еліміз алдындағы басты міндет – Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылу міндеті тұр.
Осы орайда Елбасы әлемдік дамудың қарқындылығын ескеріп, жаңа жаһандық болмысты қалыптастыруды көздеп отыр. Осындай батыл қадамға бару үшін біздің елімізде толық негіз бар деп айтуға болады. Өйткені, Елбасы сөз басында айтып өткеніндей, биылғы жылдан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде кірді, сонымен қатар ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізетіндігімізді де мақтанышпен айта аламыз. Бұл тұрғыда жас мемлекетіміздің әлемдік аренадағы өз орнын ойып тұрып алғандығының айғағын көре аламыз.
Елбасы өз Жолдауында жариялағанындай, Қазақстанды үшінші жаңғырту жөніндегі міндет – 25 жылда жеткен жетістіктеріміз бен толағай табыстарымыздың күшін әлсіретпей, одан әрі нығайта түсу болып табылады. Бұл тұрғыда негізгі бес басым бағытты көздеп отыр. Менің ойымша бұл негізгі бағыттардың барлығы – жаһанданудың жаңа моделін құрастыру болып табылады, яғни, жаңа Жолдауда жаңашылдық басымырақ. Өйткені бұрын соңды елімізде болмаған, әлемдік тәжірибеде жүзеге асырылып келе жатырған тың бастамалар мен нақты идеяларды топтастыра білген. Мұның бірқатары – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қойылған жобалармен ұштасады деп те ойлаймын.
Бұл басым бағыттарды іске асыруда Елбасы «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын, «Бірыңғай экспорт» стратегиясын, «Инвестициялық» стратегиясын жасақтап, жүзеге асырудың тиімділігін атап көрсетті. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының орындалысын, еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту саласындағы тиімділіктерді де жіті назарда ұстауда. Егерде бұл аталған жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар тиімді түрде өз жемісін берер болса – Қазақстан жаһанданудың жаңа серпілістерінің нақты қадамдарымен жүріп өтеді деген сөз. Сондықтан да жыл сайын тек қана мемлекетті дамыту бағытындағы жаңа серпілістерімен жарияланып отыратын Елбасының Жолдауын қолдаймын, оны жүзеге асыру мақсатында қандайда бір үлесімді қосар болсам, елімнің жаңаруы жолындағы үлкен еңбегім деп бағалар едім.
Гүлмира Себепбаева,
Мұнайлы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры