©
Мемлекеттік билікті күрт өзгеріспен емес, қарқынды даму арқылы өзгерту маңызды. Яғни, эволюциялық дамудың ғұмыры ұзақ болмақ. Елбасының мемлекеттік билік тармағын Үкімет пен Парламентке бөліп беру жөніндегі Үндеуіне аудан әкімдігінің мәжіліс залына жиналған аудан активі де үн қосты.
- Біз тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ өзіміздің бағыт-бағдарымызды айқындап, жүрер жолымызды нақтылаған елміз. Оған Елбасының салиқалы саясатымен жүзеге асқан ядролық қарудан бас тартуымыз айқын дәлел бола алады. Осы әрекетімізбен-ақ біз әлемге бейбітсүйгіштікті, ынтымақ пен бірлікті жақтаушы ел ретінде танылдық. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан жаһандық деңгейде ауқымды мәселелердің оң шешілуіне ықпал жасап келеді. Оған келтіретін мысал да жетерлік. Біздің осынау толайым табыстарымыз Мемлекет басшысының жүйелі мемлекеттік бағдарламаларының жемісі екені даусыз. Дер кезінде қабылданған стратегиялық бағдарламалардың арқасында Қазақстан барлық салада ілгері жылжыды. Соның ішінде экономикалық көрсеткіштеріміз қарыштап артып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Елбасы өз Үндеуімен еліміздің алдағы жаңа бағытын көрсетіп берді. Осылайша, Үкімет пен Парламентке зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Аудан халқы Елбасының жаңа мемлекеттік бағытын қолдайды және ел ертеңі үшін маңызы жоғары бастамадан қалыс қалмауға шақырамын,-деді аудан әкімі Ж.Айтуаров.
Мемлекет басшысының конституциялық реформаларды жүргізу жөніндегі Үндеуіндегі еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудағы ұсыныстарға қолдау білдіретіндіктерін айтқан аудан әкімінің орынбасары Е.Махмутов, аппарат басшысы А.Аққұлов Елбасы Үндеуінің маңызы туралы тоқтамды ой айтып, мәтінімен және ҚР-ның Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңының жобасымен көпшілікті таныстырды.
Мұндай бастамаға өз халқын шын жүрегімен сүйетін, биліктің қарапайым азаматтардың игілігіне жұмыс істегенін қалайтын президент қана барады деген пікірлер айтылған басқосуда мекеме, бөлім басшыларына әкімдерге барлық елді мекендерде, мекеме, кәсіпорындарда тұрғындарға ҚР-ның Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстыру, талқылау жүргізу, медиа-жоспар жасақтау және осы шараларды жоғары дәңгейде ұйымдастырып, өткізу тапсырылды.
Мұратбек КӘДІРБАЕВ