ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрімен қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер әзірлеуде. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында ведомство басшысы Елжан Біртанов хабарлады.
Дәріханалар желісінде рецептсіз дәрі-дәрмекті заңсыз сату деректері тіркелген, бұдан өзге күшті әсер ететін дәрі-дәрмек айналымына тиісті бақылау жоқ. Осыған байланысты министрлік заңнамаға енгізетін өзгерістер әзірлеп жатыр, атап айтқанда ҚР ДСМ Фармация комитетіне кеңейтілген құқықтар беру жоспарланған.
Е. Біртановтың мәліметінше, бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуді шектеуге байланысты дәріханаларды жоспарлы және жоспардан тыс тексеру сирек жүргізіледі. Ашықтықты қамтамасыз ету мен дәрі-дәрмек қауіпсіздігін бақылау бойынша басты фактор 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жоспарланған электронды рецепттерге көшу болмақ. Солар бойынша науқастар өз бетінше онлайн-режимде қандай дәрілер жазып берілгенін тексеріп, қандай да бір дәрі-дәрмектердің дәріханаларда бар-жоқтығы туралы мәліметті біле алады.
Дереккөз: primeminister.kz