©
«Достық» үйінде «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Киелі елімнің рәміздері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға аталмыш мекеме басшысы Амангүл Жайылханова, «Мұнайлы аудандық Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, этномәдени бірлестік төрағалары мен «Келешек» колледжінің студенттері қатысты.
Елімізді, жерімізді, Отанымызды құрметтеу және жастардың патриоттық сезімін нығайта түсуге бағытталған жиын барында мемлекеттік Әнұран орындалды. Дөңгелек үстелде сөз алған «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Амангүл Жайылханова осындай шара тоқсан сайын өткізілетінін жеткізіп, әрбір қазақстандық мемлекеттік рәміздерді құрмет тұтуға, қастерлеуге міндетті екенін айтып өтті.
–Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Мемлекеттік Ту, Әнұран мен Елтаңба – Тәуелсіздіктің тірегі, бабалардың асқақ арманы мен асыл мұраты. Қазіргі таңда Әнұранымыздың мәтінін және өзге де рәміздердің авторларын білмейтін жастарымыз бар. Елбасымыз Нұсұлтан Әбішұлы «Біз Тәуелсіздікті аңсап, зарығып жеттік. Енді сол Тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы– осы» деген болатын. Елбасымыздың сөзін Қазақ елінде тұратын әрбір азамат жүрегінде сақтап, қашан да жадында ұстауы керек, – деді «Мұнайлы аудандық Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі Айтолған Ходжанова.
Жастар еліміздің ең басты белгілеріне берілген сипаттама, Тәуелсіздік нышындарын қолдану және орындалу тәртіптері туралы бейнеүзікті тамашалады. «Белорус» этномәдени бірлестігінің төрайымы Галина Гусейнова әлемде тарихы, дәстүрі бар елдің мақсат-мұратын, арман- аңсарын, таным- түсінігін, пайым- парасатын мемлекеттік рәміздерінен айқын аңғаруға болатынын айтып, жастарды қасиетті құндылықтарымызды қадірлеуге шақырды.
Шара соңында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары «Келешек» колледжінің студенттеріне этномәдени бірлестіктердің мұражайларын таныстырды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ