©
Қалалық «Арман» жастар орталығында ҚР Әділет министрлігі өзі әзірлеген заң жобалары бойынша ашық талқылау өткізді. Оған ҚР Әділет министрлігінің жауапты қызметкерлері мен облыстың орта және ірі бизнес субъектілері, «Атамекен» ҰКП, облыстық әділет департаментінің, прокуратураның, соттың, заңгерлер одағының, адвокаттық, нотариаттық, бағалау және жеке сот орындаушылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Аталмыш шара азаматтар мен бизнес өкілдерінің мүдделерін қорғайтын заң жобаларды түсіндіруді көздеген. Меншік құқығын қорғау, даулы мәселелерді реттеу, әкімшілік реттеуді дауласуға қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, қатысушыларға етене таныстырылды.
-Заң жобалау қызметінде маңызды әрі жауапты міндетті арқалаған әділет министрлігі атқарған жұмысымен бүкіл елдің тұрмысына, болашағына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан да заң жобаларын әзірлеуге халықтың сөзіне сүйене отырып, зор жауапкершілікпен қараған жөн. Қазірде барлық мемлекеттік органдар халықтың ой-пікірін тыңдап, қызмет етуде. Осы тектес ашық талқылаулар тоқсан сайын жүргізіліп тұрады. Кеше Оңтүстік Қазақстан облысында болсақ, ертең Алматы, Атырау, Ақтөбе облыстарының халқымен кездесеміз. Біз кез келген заң әзірлеу алдында оны халықтың назарына ұсынып, олардың көзқарасын білуге тырысамыз. Заң жобасы сайтта тұрады, бірақ оған ешкім қолдау не қарсылық көрсетпейді. Министрліктің басты бағыты - халықты мемлекеттік органдардың атқарып жатқан қызметіне атсалыстыру, тарту, заң нормалары қабылданар алдында халықтың мүддесін қорғау, құқығына нұқсан келтірмеу тәрізді маңызды мәселелерді ескеру болып табылады. Халықпен бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, ел мен халыққа тиімді заң нормаларын әзірлейтінімізге сенемін,-деді ҚР заңнама институтының бас ғылыми қызметкері Индира Елеусізова.
Астана қаласынан келген ҚР Әділет министрлігінің өкілдері бүгінде бірқатар заң жобаларын әзірлеуде. Олар азаматтық заңнаманы жетілдіру және әзірленіп жатқан әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң жобасын талқыға салды. Онымен қоса қолданыстағы «Құқықтық актілері» мен «Төрелік туралы» заңдарын қарастырды. Бұл ашық талқылау кезінде жиналғандар қолданыстағы және әзірленіп жатқан заң жобаларына қызығушылық танытып, өзекті сауалдар қойды.
Ханым ОРЫНБАЙҚЫЗЫ