(18 қаңтарда қазақтың талантты әншісі Зәуреш Есбергенқызының дүниеден өткеніне 2 жыл толды)
Қазақтың маңдайындағы жалғыз теңізі Каспийдің екі қолтығында бір жылда туып- өскен екі қыз – Фариза мен Законның бірі былтыр дүние салған, екіншісі жылға жетпей ізінше қайтпас сапарына аттанып кетті. Екеуі сонау балаң бойжеткен шақтарында Гурьев қаласында танысып, тату құрбы болып араласа жүріп, Алматыда қатар өмір сүрді. Екеуі де талантты еді. Бірі отты жырларымен, бірі асқақ әнімен танылған дарынды қыздар қазақ өнерінің аспанында қатар самғады. Екеуі де өршіл рухты, өжет мінезді, өнерді өміріне серік еткен жандар еді. Бірақ тағдыр маңдайына таудай талант берген қос құрбының өмір соқпағы әр түрлі болды. Фариза қазақ поэзиясының падишасы атанып, барша жұрттың сүйінішіне бөленді. Ал Закон-Зәурешті өнерсүйер қауым болмаса, қарапайым көпшілік біле берген жоқ. Құдай тағала, талантты бергенмен, танылу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ секілді.
Өзінің өмір жолын арқау еткен «Өмірімнің жібек жолы» атты кітабында Зәуреш апаның болмысы жарқырай ашылады. Оқырманымен бүкпесіз әңгіме дүкен құрғандай жан сырын жасырмай жайып салады.
Өнерді өміріне серік еткен апамыз қазақ әнінің мәртебесін бәрінен жоғары қоятын. Облысымыздағы өзі қызмет еткен драма театрының алдында отырып біраз ашына сөйлеп: «Өнерді қолдау керек. Егер қолдау болмаса өнер өспейді!
Қараңызшы, ескерткіштің астына актердің аты «Нұрмахан» деп қате жазылған. Ондай адамға мынадай ескерткішсымақ орнату деген... Осының бәрі менің жандүниемді таптап өтеді. Бұл менің жеке ойым,-деп еді бір кездескенімізде.
- Мен оның ескерткішінің алдынан басымды иіп өтем. Нұрмұхан аға «Қаракөздегі» Сырымды ойнады. Бір-ақ рет сөйлескенім бар. Оның ойнайтын күнін бір де бір рет жіберген емеспін. Мен театрға тек Жантөринді көру үшін баратынмын. Ол – ҰЛЫ АКТЕР!»
Жаратылысында шынайы, турашыл, намысшыл Зәкең түлкі-заманға лайық тазы бола алмады. Бар байлығы – құдай берген, даладай кең дауысы, қарапайым ғана қазақ қызы, атақ жолында ар сатып, дүние жолында діннен безбеді. Сондықтан, өзі секілді мыңдаған еңбекторыларымен бірге қазақ жерінің түкпір-түкпірін аралап, ауыл адамдарын өнер бұлағымен сусындата жүріп, зейнетке шықты. Бірақ бұған апшып, қайғырған Закон жоқ. Ол өз бойындағы айырықша қасиетті өмір бойы қастерлеп, қадір тұтып өтті. Ол үшін ешкімнен атақ, сый-сияпат дәметпеді. Сонымен, өзгелерден бір саты биік, ар-ұждан алдында адал болды.
Оның әсіресе, аса айшықтап, әспеттеп шырқайтын әндері – халық әндері мен халық композиторларының шығармалары еді. Зәкеңнің ән салу мәнері де бөлек. Кейбіреулер секілді жеңіл-желпі айта салмайды. Ыңыранта боздап, іштегі мұң-зарды қозғап, күңіреніп, күрсініп, кідіріп тыңдаушының жүрегіне жеткізіп айтады. Актерлігі мен әншілігі сахнада қабат ашылды. Бар болмысымен беріле, жанын жеп, жүрегінен өткізіп айтатын болғасын да барша көрерменнің көзі мен жүрегін бірдей жаулап, сиқырлап алатын. Бүкіл қазақ даласына танымал талант үлкен сарайлар сахнасынан көп көріне алмады. Күншілдік пен кемсітушіліктің құрбаны болды. Бірақ қазақ радиосының «Алтын қорында» оның ғажайып дала даусы – табиғи шынайы үні жазылып қалды.
Маңғыстаудан «Жеті қайқы» әндерін насихаттап, үйрететін мектеп ашсам деген арманы өзімен бірге кетті. Мүмкін болашақта бұл арманы да шындыққа айналар. Көкірегі ояу, сәулелі жастардың бірі оның асыл арманын іске асырар.
Табиғаты бөлек Маңғыстау әндерінің біразы қазір көпке танымал. Бірақ әлі жоғарыдан өз орнын тапқан жоқ. Орындаушысы мен тыңдаушысын күтіп жүр. Күріштен, Зәурештен кейін де Маңғыстау мақамымен ән салатын ұрпақ өсіп жетісер, орындаушылық шеберліктерін шыңдап, жеріне жеткізер. Сөйтіп бірі Маңғыстау, бірі Атырау жерінде дүниеге келіп, қатар өмір сүріп, қатар дүниеден өтті. Фариза сіңлісінің қайтқанына жыл толуына санаулы күндер қалғанда бұл жалғаннан жөнеп кетуі қазақтың мәдени ортасын ойсыратып кетті. Бірақ бірінің жауһар жырлары, бірінің асқақ әні қалды. Жуан қоңыр дауысты қазақтың қара қызы қайтпас сапарына аттанды. «Ішінде көп түйенің ақ нарым бар, Аллаға айтар түрлі арманым бар» деп аманатын Аллаға айтып кеткен апаның артындағы елдің жүрегінде жарқын бейнесі, құлағында мұңды әні қалды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ