Республикалық жалпыға міндетті оқу айлығы және «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы еліміздің барлық мектептерінде жүріп жатыр. Әдеттегідей бұл шараға Үстірт орта мектебі де атсалысып, ата-ана қамқорлығынан айырылған оқушыларға қаржылай көмек көрсету мақсатында арнайы сенім жәшігін қойды.
Сенім жәшігіне әр адам қолынан келгенінше қаржылай ақша салып, көмек қолын созуда. Акцияның мақсаты: ата-анасының қамқорлығынан айырылған оқушылармен бірге әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан балаларға қол ұшын беру, барынша қамқорлық жасау, түскен қаражатқа қысқы жылы киімдер алып беру.
Ата-ана мейіріміне зәру балаларға қандай көмек көрсетсең де жарасады, «жетім көрсең жебей жүр» деген, осы орайда жаңа жыл қарсаңында жеке кәсіпкер Г.Сәлменова аз қамтылған отбасы балаларына жаңа жылдық сыйлықтар мен тәттілер таратып оларды бір қуантқан болатын, ізін жалғастыра келе мектеп психологы Б.Джанаева және сынып жетекшілерінің атсалысуымен, 8-11 сынып оқушылары «Қамқорлық акциясы» атты жәрмеңке ұйымдастырды.
Жәрмеңкеге оқушылар өз қолдарымен пісіріп әкелген тәтті тоқаштар және нанның түрлері, бәліштер қойылды. Жәрмеңкеге шығарылған тәттілер лезде өтіп кетті, себебі тәттілердің бағасына қарамай мектеп қызметкерлері сатып алуға асықты. Жәрмеңкеден түскен бір күндік 6500 теңге сенім жәшігіне салынды. Сонымен қатар, ауданымыздың тұрғыны Р.Досалиева әлеуметтік жағдайы төмен екі отбасына азық-түліктермен көмектесті. «Балаға мейірім сыйла!» ұранымен өтіп жатқан қайырымдылық акциясы алдағы күндері жалғасын таппақ.
Соған қол үшын беріп көмектесемін деген жомарт жандарды шақырамыз. Мекен жайымыз Үстірт орта мектебі. Байланыс телефоны - 2-66-22.
С. Жақсымбетов Үстірт орта мектебінің орыс тілі мұғалімі