Жасы қырықтан асқан Жалғасбай бала-шағасын ешкімге телміртпей, отбасын бір өзі асырап жүрген апталдай азамат еді. Ауылында екі қолға бір жұмыс табылса, оны оңай-қиын деп, талғап жатпай-ақ істей береді. Үйіндегі бала-шағасының аузына ұстар нәпақа апарғанына риза. Дегенмен, көбінесе көрші Қазақстанға барып, әркімге жалданып тапқан ақшасының берекеті мол болғандықтан жылына бірнеше мәрте жолаушылап кетіп, шала байып қайтатын. Осыдан үш жыл бұрын ол Қазақстанға тағы да келіп, ат басын Атырауға бұрған. Арзанқол жалдамалы жұмысшыларға қожайындардың жанашырлық таныта бермейтіні ешкімге де жасырын емес. Жұмыс іздеп келген шетелдіктердің жұмысқа ыңғайлы жағдай талап етпейтіні де ақиқат. Солардың бірі болған Жалғасбай Оразов та адами тұрмысқа сай келмейтін лашықта тұрып, мал бақты. Таң атпастан малға шығатын ол түнделетіп келіп, шүберекке оралған қатқан нанын бір-екі кесе шайына батырып жүрек жалғап, әбден қалжыраған күйі жатып қалады. Күнде солай. Осындай бір түні есі кете ұйықтап жатқанында алқымын қысқан өткір иістен оянып кетсе, қуықтай бөлмесі отқа оранған екен. Жанұшыра жүгіріп, оттың арасынан қашып құтылады. Өзі аман, бірақ құжат та, үстіне ілер киім де жоқ, бәрін өрт жалмаған. Артық-ауыс ішіп-жеместен тірнектеп жинап жүрген азғантай тиын-тебенінен де айрылды. Енді барар жері, басар тауы қалмаған ол мал бағып, бұрынғы кәсібін жалғастырып жүре береді. Әркімдерге айтып көріп еді, оған құжат жасап беру ешкімнің қолынан келмейді екен. Өзіне аманатқа тапсырылған малды тастап кете алмайтындықтан ішкі істер бөлімшесіне де бара алмайды. Малды тастап кетсе, жұмыстан да айырылады, әрі тиісті орындарға барып-келетін қаржы да жоқ қалтасында. Бір жағынан, ішкі істер бөлімшесіне барса, құжаты болмағасын қамап тастайды деген қауіп те бойын билеп алған. 2015 жылдың күзінде құжатынан айрылған жігіт қыста денсаулығынан айрылды. Дем алдырмай қақылдаған жөтел жабысып, кетпей қояды. Ауық-ауық дене қызуы көтеріле берді. Әлі құрып, қолы жеткен дәрі-дәрмектердің де пайдасы тимеді. Денсаулығы төмендеп бара жатқанына әбден көзі жеткесін көктемде қалай да еліне жетіп алуға бел буып, жолға шыққан. Автокөлікпен Бейнеуге келіп, шекарадан өтпекші болады. Амалы құрыған ол пойызға «қоян» болып ілініп кетуді де ойлайды. Шынын айтып, ауырып тұрған кісіні мейірімі оянған шекарашылар өткізіп жіберер деген дәмеден де құр емес. Бірақ шекара заңы қатал. Құжатың болмаса, ары қарай аттап баса алмайсың. Қолға түскен құжатсыз жігіт дереу Бейнеудегі ішкі істер бөлімшесіне әкелінеді. Мұнда тиісті сұрақ-жауап, тексерістен өтіп, бес-алты күнде облыс орталығындағы көші қон полициясына жеткізіледі. Жалғасбайдың қызуы көтеріліп, ауруы асқынып тұрғанын байқаған осындағы полиция қызметкерлері уақыт өткізбестен «жедел жәрдем» шақыртады. Келген дәрігерлер оны шұғыл облыстық ауруханаға әкеліп, сонда үш күн жатады. Ал жергілікті тұрғын еместердің ауруханада үш күннен артық жатуы ақылы. Қалтасында көк тиыны жоқ Жалғасбай сүйретіліп ауруханадан шыққанында оны жаһандық «Project HOPE» ұйымының Ақтаудағы үйлестірушісі Гүлнәр Жақаева іздеп тауып, қалалық емханадан рентгенге тегін түсіп, толық тексеруден өтуіне көмектеседі. Ал «Project HOPE»—туберкулезге шалдыққан шетелдік жұмысшылардың арнайы жоба бойынша еліміздің Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды қалалары мен Алматы облысындағы туберкулезге қарсы күрес диспансерінде тиісті мерзімі біткенше емделуі үшін емханаларда тегін тексеруден өтуін екі жылдан бері қаржыландырып келе жатқан ұйым. Осы ұйыммен ұдайы байланыстағы көші қон полициясындағылар Гүлнәрға болған жайтты дер кезінде баяндаған көрінеді. Осылайша, екі жақтың шұғыл қимылдауының себебімен Өзбекстан азаматы Ж.Оразбаев құжатының жоқтығына қарамастан туберкулезге қарсы күрес диспансеріне жатқызылады. - Өткен жылғы 13-мамырда туберкулездің ашық, яғни жұқпалы түрімен диспансерге түскен Жалғасбайды қазан айында ауруханадан шығардық,-дейді облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері бас дәрігерінің орынбасары Құндыз Киркимова.-Стационардағы емі бітіп, талдамалары жақсы көрсеткіш көрсеткен Оразбаев ары қарай үйде емделуі тиіс болатын. Алайда, ол кісінің құжаты жоқ, барар жері болмағандықтан Тұщыбек ауылындағы шұбатпен емдейтін шипажайға орналастырылды. Өйткені, мұндай науқасқа күтім керек, ол үйде қабылдауы тиіс емді уақытылы қабылдамаса, ауруы асқынады және асқынған аурудың айналасындағыларға жұғу қаупі басым. Ақпан айының соңында оған тағайындалған ем-дом толық бітеді. Оған құжат дайындап, еліне қайтару мәселесімен құзырлы орындар айналысып жатқан болар. Иә, Жалғасбайдың еліне жету жолындағы үміті алдамшы емес екен. Ол қазір Тұщыбекте емін жалғастыруда. Гүлнәр Жақаева жаһандық «Project HOPE» ұйымының атынан ай сайын азық-түлік пен басқа да керек-жарағын жеткізіп тұр. Ол Жалғасбайдың құжатын реттеу үшін Адам құқы және заңдылықтардың сақталуы жөніндегі халықаралық бюросының Маңғыстау филиалының директоры, "Мейірім" қоғамдық қорының төрағасы Александр Муханың көмегіне жүгінді. Александр Викторовичтің айтуынша, Жалғасбай Оразовтың құжаттарын қалпына келтіру туралы өтініш Халықаралық мигранттар ісі жөніндегі ұйымға жіберілді. Қазір ол кісінің құжаттары жан-жақты тексеріліп, дайындалуда. Ақпан айының аяғында барлық емдік шаралары толық біткен соң Халықаралық мигранттар ісі жөніндегі ұйымнан бөлінген қаржымен оның барлық айыппұлдары төленіп, бұйырса, қолына Өзбекстан азаматтығын растайтын құжатын қайтарып алатын Жалғасбай алыстағы отбасына аттанады. Кез-келген жерде ауырып, жатып қалып, өзімен қатар маңына жолаған бірнеше адамға туберкулез жұқтыруы мүмкін, тіпті, бұл дүниемен қоштасуы да мүмкін болған бір бауырымыздың дертінен құлан-таза айығып, өз шаңырағымен аман-есен қауышарына сенелік. Алдағы қуанышына ортақпыз.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА