«Тоқал алып беремін...»
Сөз төркінін түсінгем жоқ, құрбым осылай деп қойып қалды. Осыншама кеңдігіне риза болып мен тұрмын. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ». Күйеуінің махаббаты мен нәпақасын тағы бір әйелмен бөліскісі келмейтін қалың әйелдің ойы бір жерден шықса, құрбымның бұл ойы мүлде басқа.
Сөзімді әріден бастайын. Шын мәнінде, Жанардың (құрбым) күйеуі өте ақылды, біліміне көркі сай азамат, мінезге де бай. Ал Жанардың орынды жерде отағасын мақтап жүретін әдеті бар. Екі рет ота арқылы қыз босанған Жанардың тағы жүкті екенін естігеннен кейін айтқан әңгімесі осы болды: «Күйеуіме бірер жыл өткен соң, тоқал алып беремін»... Мұндай сөзді күтпеген болуым керек, тосылып қалдым.
Алғашында аздап тіксініп қалсам да, біраз әңгімелескеннен кейін оның жан жарасын түсінуге тырыстым. Бірақ, БӘЙБІШЕ болу – зор мәртебе, ұрпақтардың құрметі. «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жазбаларды оқи келе, «тоқал алып беруді» көздейтін қыз-келіншектердің айтқан ортақ уәжін саралау қажет болды:
Бұл ұзын-сонар себеп осылай кете береді. Дегенмен, соңғы кезде дүйім жұрт арасында, әсіресе, әлеуметтік желілерде күйеуіне тоқал әпергіш келіншектер көбейіп кетті. Күйеуім алам десе, өзім таңдаймын, тату боламыз құрбылардай», - дейтінді шығарды. Әсіресе, тек бар шаруаны «сөзбен» бітіретін «өнерлі жұлдыздарымыз» сондай. Қаншама өнер иелерінен сұхбаттасудың реті келгенде, ыңғайы келсе, дінді желеу етіп, «бәйбіше» болуға сұранатын кейіпкерлерім көп-ақ. Әйтсе де, шын өмірде олардың сөзі ісіне сай ма, әлде халық алдында (яки күйеуінің) жай «ұпай» жинау ма? Осыны бағамдау керек-ақ.
Тоқал алу еріккеннің ермегі емес
Ислам діні төрт әйелге дейін алуға рұқсат береді. Дегенмен, бұл берілген рұқсат міндет емес – мұсылман міндетті түрде төрт әйел алуы керек дегенді білдірмейді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде міндет пен рұқсатты шатастырып алып жүргендер көп. Олай дейтініміз, дінді желеу етіп, жас қыздарды шет-шетінен алып жатқан нәпсіқұмарлар көбейіп келеді. Мұндайлар қатарында қалталы ер азаматтардың жүретіндігі айтпаса да, түсінікті.
Біраз жыл бұрын экс-депутат Е.Әбiлқасымов: «Депутаттар арасында екi әйел алғандар мен қызтекелер бар», – дегенде шалқамыздан түсiп едiк. «Екi әйел алу» мәселесi Парламентте жиі көтерілетін мәселеге айналды. Мәжiлiстегi «тоқал» мен «бәйбiше» тартысы — елдегi ас та төк тоқшылықтың белгiсi ме, әлде «тойып секiргендердiң» мүддесi ме? Дiни қызметкерлердiң сөзiне сенсек, бүгiнде екiншi әйелмен некесiн қидыратындар арасында кәсiпкерлер мен шенеунiктер көп. «Қалың мал беру мәселесі шешілмегенімен, кешегі кеңес дәуірінде ер адамдарға көп әйел алуға толық түрде тыйым салды, - дейді әлеуметтанушы ғалым Зәуре Жаназарова. Сарапшылар «екі әйел алу» тақырыбының Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін жиі көтерілетінін айтады. Әлеуметтанушы Зәуре Жаназарова «Азаттыққа» берген сұхбатында екі әйел алу мәселесіне астананың Алматыдан көшірілуі де көп әсер еткендігін айтады. «Ең бірінші Астанаға қолында үлкен билігі барлар мен ірі бизнес өкілдері қоныс аударды. Ал оның үй-жайы, бала-шағасы, отбасы Алматыда қалды. Енді орнап жатқан жас астанаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жастардың ағылғаны мәлім. Осы орайда салт басты, сабау қамшылы күйде барған еркектер мен жұмыс іздеген жас қыздар мешіттерге барып неке қидырып, болмаса азаматтық некемен жұбайлық өмір салтын ұстанды», – дейді ол.
Көпәйелдік қайдан пайда болды?
Көпәйелдік Ислам діні келгенге дейін жәһилет дәуірінде арабтар үшін де, басқа елдер үшін де үйреншікті өмір салты болатын. Мысалы: Қытайда Ли-Цзидің заңы бойынша әрбір еркек 130 әйелге дейін иелене алған. Ал Израильде бір ер кісі жүздеп әйел алуына рұқсат етілген. Христиандық патша Ұлы Карлдың 400 әйелі болған.
Исламды қабылдаған елдерде қоғамдық жағдай қатарынан бірнеше әйел алуға дайын болуды талап етті. Себебі, жаугершілік көп болды, қараусыз қалған жесірлер мен жетімдердің саны өсті. Оған қоса, елді сақтап қалу үшін демографиялық жағдайды күрт көтеру, азамат болып өсер ұрпақтың санын қайткенде де тез көбейту мақсаты тұрды. Және көшпелі өмір салтында ер кісінің көмегінсіз әйелдердің күні тіпті қараң еді. Осындай себептерге байланысты шариғат төртке дейін әйел алуға рұқсат берді. Дегенмен, бұл рұқсатты қолданудың өзіндік шарттары да бар. Ең басты шарт – әйелдерінің арасын алаламау, бірін-бірінен артық санамау, бәріне бірдей сүйіспеншілікпен қарау,мүмкіндігіне орай жағдайларын жасау. Егер бұлай ету қолынан келмейтін болса, бір ғана әйелмен шектелгеннен дұрысы жоқ.
Қызық дерек:
Неше түрлі жыныстылардың үйленуіне рұқсат беріп қойған Бразилияда 2 әйел алуды жергілікті нотариалдық кеңселер тіркей бастапты. Сан-Паулу штатының нотариусы 2012 жылы 31 тамыздан бастап тоқалдықты тіркеу құқығын қорғап келеді. Нотариуста құжатты рәсімдеу барысында бір ғана мақсат алға қойылған: үштіктің біреуі мерт болса немесе ажырасуға бел буған жағдайда, бәрі-бір отбасы орнында қалады. 3 адамнан құрылған отбасы, тіпті, ортақ банк шотын ашып, барлық шығындарды да тең төлейді екен.
2008 жылы Иран парламентінің заңдылық және әділет істері жөніндегі комитеті «Отбасы туралы» заңға бәйбішенің келісімін сұрамай-ақ, екінші әйел алуға мұрсат ететін бапты мақұлдады. Тек онда назар аударатын бір жайт – егер дәулетіңіз тасып жатса делінеді, демек, оның астарында «бір емес бірнеше отбасын асырай алсаңыз» деген емеурін бар.
Сөздің шыны керек, бірнеше әйел алуға рұқсат беру арқылы Ислам әлемі түрлі жұқпалы жыныстық аурулардан, жезөкшелік, гомосексуалдық секілді азғындықтардан аман қалған. Бүгінде 26 Ислам мемлекетінде гомосексуалистерді қатаң жазалайтын заңдар бекітілген. Ал 7 Ислам мемлекетінде мұндай азғындар өлім жазасына кесіледі.
Түйін:
Қазір, рас «Тоқал алып беремін» дейтіндермен қатар, «Қалайда тоқал аламын», «Тоқал болғым келеді» деп ұранға салатын адамдар қатары көбейді. Мемлекет қандай заң шығармасын, қоғам өз түсінігінде қала береді. Баяғыда бір ағамыз: «Төсегін бірдеңе қылармыз-ау, өсегін қайтеміз?!» деген екен. Біреуге шын, біреуге өтірік, қаншама ел бастап жүрген зиялы қауымның екінші, үшінші әйелдері бар екендігін естіп қалып жатамыз. Бұл ежелгі дәстүрдің сарқыншағы ма, әлде нәпсіқұмарлықтың бір көрінісі ме? Баға беретін өздеріңіз. Дегенмен, тоқал алу – бұл бүгін шыққан жаңалық емес. Кеше де болған, бүгін де бар. Тек осы мәселеге келгенде дұрыс шешім қабылдаған жөн. Өйткені, мұнда қоғамның талабын ғана емес, адамның өмір сүру ұстанымдарын да ескеру керек.
Айгүл ДӘДЕН