©
Облыстық әкімдіктің орталық коммуникациялар қызметі алаңында аймағымызда үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында «Б» корпусына кіретін мемлекеттік әкімшілік қызметшілер арасында өткізілетін кешенді аттестаттация жайында брифинг болып өтті. ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облысымыздағы департаментінің өкілдері журналистердің маңызды шара жөніндегі сауалдарына жауап берді.
«Б» корпусына кіретін мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің кешенді аттестациясы осы жылдың ақпан-маусым айларында Елбасымыздың кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өткізілмек. Басты мақсат- қызметшілердің кәсіби деңгейін және олардың қажетті құзыреттерін дамыту үшін потенциалын анықтау.
2013 жылға дейін аттестацияны барлық қызметшілер 3 жылда 1 рет өтіп отырды. Ал, 2013 жылдан бастап аттестацияны бағалау қорытындысы бойынша төмен балл алған қызметшілер ғана өтетін. Биылғы аттестацияға «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің барлығы дерлік қатысады. Кешенді шараның өзгешелігі – заңнаманы білуге арналған тестілеу алынып, оның орнына қызметшілер құзыреттерін бағалау тестілеуінен өтеді,- дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облысымыздағы департаменті бастығының міндетін атқарушы Ерлеген Меңдалиев.
Қызметшілердің бағалау парақтары толтырылып, екінші кезеңде автоматтандырылған тестілеу жүйесі арқылы қызметшілердің құзыреттері мен жеке қасиеттері анықталады. Үшінші кезеңде сұхбаттасу ұйымдастырылады. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан аудандық елді мекендердің қолайлығы үшін сұхбаттасу бейнеконференц байланыс жүйесі арқылы жүргізіледі. Облысымызда жаңа аттестациядан 1838 мемлекеттік қызметші өтеді деп жоспарланып отыр. Босануға байланысты демалыстағы, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар аналар және зейнет жасы алдындағы азаматтар аттестаттаудан босатылмақ. Кесте бойынша мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің кәсіби біліктілігін анықтау шарасы сәуір айының 26-сына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Анар ШАМШАДИНОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ