Тіл-қасиетті ұғым. Барлық хайуандардың, құстардың өз тілі бар. Олар бір-бірімен өз тілі арқылы түсініседі, дұшпандарынан сақтанады. Осылайша табиғатта өздерінің орнын сақтап, миллиондаған жылдар бойы тіршілік етуде.
Ал, осы, хайуандарға, құстарға, күллі табиғатқа ықпал етіп отырған адамзат - біздер ше? Адамзаттың тілі ұғынықты,дыбысты, түсінікті тіл. Сөйлеу – адамға ғана тән.
Неге «Ана тілі» ?! Неге «Ата тілі» емес? Егер сәбидің дүние есігін ашар-ашпастан сезетіні, көретіні ананың аяулы алақаны, еститіні-ананың мейірімді үні, жұмсақ тілі болатын болса,қалайша, біз мұны «Ата-тілі» деп айтамыз? Сөз жоқ, «Ана тілі»! Қасиетті, қадірлі, қымбатты! Әр ұлттың өзіне тән тілі бар. Қазақ ұлтының тілі – қазақ тілі ұшан-теңіз мол сөз байлығымен Абайды, Мұхтарды, Әбішті т.б.әлемге паш еткен – қасиетті де киелі тіл.
Осы ата-бабамыз аманат қылған ардақты, көркем тіліміздің қадір-қасиетін жастарға ұқтыру, қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының «Білім мазмұнын жетілдіру» курсында оқығанда да ана тіліміздің қадір-қасиеті жайында көп мәлімет алдық. Бұрын сырттай атына қанық, білікті ұстаз-филология ғылымының докторы, профессор Жанбибі Сенбайқызы Дүйсенбаевамен дәріс барысында таныстық. Осы уақытқа дейін біраз курстарға қатысқанмын. Курс бағдарламасын ғалым-ұстаздың жүргізуі, дәріс беру шеберлігі, оқыту әдісі өзгеше екендігі «ә» дегеннен айқын көрінді. Ғалым, жан-жақты білімді, ой-өрісі кең, өмірде көргені, көңілге тоқығаны мол, зиялы, бір сөзбен айтқанда «нағыз ұстаз» деген атқа лайық жанмен кездесіп, сабағын тыңдаудың әсері айрықша екендігін айтқым келеді. «жақсыны көріп, жан семіреді», «Жақсының жаны-жаннат» деген мақалдар осындайда айтылса керек.
Курстың бірінші күні жаңартылған білім беру бағдарламасына және заманауи озық әдістемелердің білім беру үрдісінде жаңалықтар ретінде қабылдануына арналды. Дәрістің қызықты да әсерлі болғаны сонша, уақыттың жылдам өткенін сезбей қалдық.
Екінші күнгі дәрісте білім беру үрдісінде тиімді оқыту мен оқудың неше түрлі тәсілдері мен әдістері жайында сөз болды, электронды түрде және тағы басқа бағыттарда оқытудың тиімділігіне нақты дәлелдер келтіріліп, түсіндірілді. Үш-төрт күнгі оқу үрдісінде ғалым-ұстаз оқытудың критериалды бағалау моделімен, оның неше түрлі функцияларымен таныстыра отырып, маңызды нәтижелер беретін практикалық жұмыстар арқылы өткізіліп отырған шараның тиімділігіне көзімізді жеткізді. Осы ретте, аудио-видео оқу, ән тыңдау, диалогты тыңдау, мәнерлеп оқу т.б. айтуға болады. Тыңдалым әдісіне көңіл бөлудің бір ерекшелігі-бұл жас ұрпақты тәрбиелікке, тектілікке баулу және тіліміздің көркем шеберлігін айқындауға көмектеседі.
Дәріс облыстық өлкетану мұражайында жалғасты. Өйткені, өлкетану мұражайы үнемі тың деректермен, тарихи жәдігермен толығып отыруымен құнды. Ал сол құндылықтың ішінен керегіңді тауып, қажетіңе пайдалансаң мақсаттың орындалғаны. Ғалым осы тұста жаңаша берілетін білімнің 80 пайызы көру арқылы өтсе, білімнің нәтижелі болатындығын қаперге берді. Дамыған алдыңғы қатарлы елдерде білім беру үрдісі көбіне табиғат аясында, өзен,көл жағаларында, танымал тарихи мұражайларда, мұрағаттарда көру және тыңдау арқылы жүреді екен.
Мұражай қызметкерлері өздерінің қызықты да әсерлі әңгімелерімен бізді, курс тыңдаушыларын баурап алғаны соншалықты, өзіміз құдды сол заманда, сол оқиғаның ішінде жүргендей сезіндік. Айта кету керек, бұл жерде өз ісінің маманы, жалпы тарих бөлімінің меңгерушісі Толқын Түйешиева әңгімесінде, Маңғыстау өлкесін зерттеуде өз үлестерін қосқан орыс саяхатшысы Г.С. Карелин , археолог-ғалым А.Астафьевтің еңбектерінің маңызды, құнды екенін атап өтті. Қызықты, құнды мәліметтерге қанықтырып, жан-жақты мағұлымат беріп, дәрістің қызықты да тартымды өтуіне өз үлестерін қосқан мұражай қызметкерлеріне, әсіресе, мұражай директоры Жұмалиева Тамараға, тарих маманы Түйешиева Толқынға, мұражай маманы Омарбекова Арайлымға алғысымыз шексіз.
Мұражайда өлкеміздің ауыл шаруашылық, өнеркәсіп саласы, білім және денсаулық сақтау ісі жөнінде көз сүйсінерліктей көрме- бұрыштар жасақталған. Оның ішінде мұнай өндіру саласында елімізге ерен еңбегі сіңген мұнайшылар, ағарту саласында орасан зор жұмыстар атқарған ұстаз-ғалымдар, соғыс және тыл ардагерлері туралы біршама қызықты мағлұмат-деректермен таныс болдық. Тағы айта кететін қызықты жайт, мұражайда Маңғыстаудың табиғаты, жан-жануарлар, өсімдіктер, құстар әлемінің табиғи көрінісін сақтау мақсатында экспонаттар жабдықталған. Бізді, курс тыңдаушыларын таңғажайып табиғи көріністің көркем нақыштары баурап, ерекше әсер алдық. Қазіргі таңда осындай жаңа бағыттағы өтіліп тұратын курстардың тиімділігі, пайдалы ықпалы, нәтижесі мол екендігі сөзсіз.
Ботакөз Нұрымова №1 орта мектептін қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі