©
Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстанда жастар саясатына ерекше көңіл бөлінеді. Елдің ертеңгі тізгінін ұстар – жастар мемлекеттің жаңа сатыға көтеріліп, өсіп-өркендеуіне үлес қосып, зор еңбек пен мол білімнің маңызын түсініп, қазақтың дархан жерінің лайықты мұрагерлері болып өсіп, шыңдалуда. Республиканың әрбір облысында құрылған жастар орталықтары жас толқынға әлеумет, құқық, дін, руханият, мәдениет, спорт салаларында қуатты қолдау көрсетіп, ел мерейіне екпінді леп, өршіл үн қосады. Маңғыстау жастарына сенімді серік болған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының да жарқын жетістіктері жетерлік. Бұл туралы бізге облыстық басқарма басшысы Аманғали Нұрдәулетов баяндап берді.
— Елбасының тапсырмасымен құрылған жастар саясаты мәселелері басқармасы қандай іргелі істерді тындырып, қандай биік белестерден көрінді?
— 2016 жылдың сәуір айында өңірлік жастардың басын қосып, оң бағыт-бағдар беретін басқарманың тізгінін ұстадым. Құрылғанына азғантай жыл болса да, басқарма елеулі істерді еңсерген, толайым табыстарға жеткен. Басқарма қолдауымен, облыстық жастар ресурстық орталықтары қала-аудандарда құрылып, барлығы 100-ге жуық қызметкер іске білек сыбана кіріскен. Бүгінде Маңғыстау халқының 30 пайызға жуығы жастарды құрайды. Нақты санын айтар болсақ, облыста 162 мың жас бар. Ел болашағы саналатын жастарды қоғамдық жұмыстарға тартып қана қоймай, білім алуға шақыру, спортқа тарту, мамандық таңдау, жұмыс табуға жәрдемдесу сынды маңызды бағыттар бойынша жұмыс жасалады. Мәселен, өткен жылы көктемде «Amal Talks» зияткерлік конференциясы өтті. Онда еңбегімен елеулі, халқына қалаулы жандар жастармен жүздесіп, өмірінен өнеге болар әңгімелерімен бөлісіп, орамды ойларын ортаға салды. Конференция арқылы жастар адамның майдасы болмай, халықтың айнасы болған зиялы да атпал азаматтармен танысты, тәлімін көкейіне түйді. Сондай-ақ басты маңызды шарамыз –кәсіподақ ұйымымен бірлесіп, республикада тұңғыш рет жұмысшы жастар арасында жайдарман ойыны болды. Оған өңіріміздегі мұнай компанияларының жас жұмысшылары қатысып, бақ сынады. Еліміздің бас жайдарманшысы Есен Елеукеннің өзі қатысушылардың қабілеттерін жоғары бағалады. Жұмысшы жастар демекші, 2013 жылы жергілікті компаниялар жанынан жас мамандар кеңестері ашылса, университет-колледждерде жастар ісі жөніндегі комитеттер құрылды. Қазірде олар жастар мәселесіне бей-жай қарамай, адал қызмет етуде. Өткен жылы өңіріміздің басты жаңалығы – «Aktau open fest» халықаралық фестивалі біздің басқарманың ұйымдастыруымен, облыс әкімінің қолдауымен жоғары деңгейде өтті. Облыс әкімі жастардың бастамасын әрдайын қолдауға тырысады. Оның жастар саясатына көзқарасы оң.Фестивальге үш күн ішінде 100 мыңға жуық адам қатысты. Ұлттық ойындар, сән үлгілер көрсетілімі, жергілікті жыршылар кітаптарының тұсаукесері, өңірлік өнерпаздардың өнер шашуы, «Amal Talks motivation»конференциясы – фестивальдің көркін ашып, халықтың көңілін серпілтті. Бұл шаралар көңіл көтеру үшін ғана емес, жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға, спортқа тартуға арналған. Мәселен, 2013 жылы фестиваль алғаш рет өткенде, баскетбол спортымен айналысатын жастарымыз 500-ге жуық болса, қазір 15 мыңға жуық жастар спорт жолына түскен. Міне, осындай шуақты шаралар арқасында жұмысымыздың жемісін көріп жатырмыз. Ерекше жобалар да жоқ емес. ЮНИСЕФ бағдарламасы бойынша Ұлыбритания елінен және Астана қаласынан сарапшылар келіп, Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталық басшылары, мамандарын 2 апта оқытты. Олар шетелдің жастар саясаты бойынша тәжірибесімен бөлісті. Жастар тәрбиесі оңай шаруа емес. Мүжәлсіз отбасыдан шыққан, тәртібі қиын, шалыс басып, бұрыс жолға түскен, абақтыдан шыққан жастарымыз да бар. Оларды қоғамнан жырақтамай, қайта еліміздің білімді де еңбекқор азаматтардың қатарына қосуымыз қажет. Қоғамда өмір сүруіне бейімдеу керек. Жастар тәрбиесі – тек басқарманың міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы. Ел болашағы – жастар болғандықтан, олардың мүдделерін қорғап, сөзін сөйлеуі қажет. Өткен жылы ертеңге тәлім болар ауыл жастарының, жұмысшы жастарының форумдары және Елбасының қатысуымен үлкен шара өтті. Онда Президентіміз ел тұтқасын ұстайтын жастарға салиқалы сөздерін айтты, көңіліне көрікті ой ұялататын орамды ойларын білдірді.
— Қазіргі таңда оқуын тәмамдаған жастар үшін бірден жұмысқа орналасу қиын. Осы мәселені шешу бағытында қандай істер атқарылуда?
— Жастар саясаты мәселелері басқармасының басты бағыты – жұмыссыз жастарға жәрдемдесу. Өзіңіз айтқандай, жоғары оқу орын бітірген жастардың кейбіріне өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға сәті түссе, кейбіріне мұндай мүмкіндік тумайды. Заман өзгеріп жатыр. Соған орай еңбек нарығы да өзгеріске ұшырап, халыққа қызмет көрсететін мамандықтар сұранысқа ие. Әсіресе, шаштараз, аспаз, тас қалаушы, құрылысшы тәрізді жұмысшы мамандықтар тапшы.Мектеп оқушыларына мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру мақсатында жергілікті мекемелерге апарып, өз мамандығының шеберлері атанған жұмысшылармен жүздестіріп жүрміз. Әуежай, мейрамхана, зауыт, құрылыс орындары сияқты қызу еңбек құшағына енген жандардың арасына апарып, көзбен көргенін көңілге түйсе, қолмен ұстағанын тәлім алса нұр үстіне нұр. Сол оқушылардың 50 пайызы болса да, жүрек қалауымен мамандығын таңдаса – біздің мақсатымыздың орындалғаны. Қазір жастардың көпшілігі жалақысы жоғары мұнай саласына қызығып, үлкен кәсіпорындарға қызметке кіргісі келеді. Алайда онда жұмыс орындары шектеулі. Заман ағымына сай, қоғамқа қажетті мамандықтарды игеру қажет. Жұмысшы жастардың қатарын толықтару керек. Жастарымыз осыны түсінсе игі. Жуырда қала-ауылдардың жастарымен кездесіп, болашақта жақсы өмір сүруіне кепіл беретін, болашақ нәпақасы болатын мамандықты таңдау қажеттігін қадап айттық. Халыққа қызмет көрсету арқылы айына қомақты қаржы табатын мамандықтар баршылық. Біз өткен жылы қаладағы колледждерді аралап, қандай мамандықтарға баулитынын қарап шықтық. Маңғыстау туризм колледжі жабдықтармен толық жасақталған. Онда студенттерді туризм саласын егжей-тегжейлі меңгеруіне септеседі. Тіпті, облыстағы қонақ үйлердің директорлары келіп, нақты санын айтып, іске дайын жастарға тұрақты жұмыс орындарын ұсынады. Жастар жұмыссыздығы мәселесін түбегейлі жою үшін, жастардың сана-сезімін, ойын өзгертуіміз қажет. Олармен жұмысты мектеп қабырғасында бастаған абзал. Мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып, жұмыс табуына жәрдем көрсеткеніміз жөн. Мәселен, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша Маңғыстауда 1600 адам жазда жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік бағдарламаларды жастарға жеткізу – басқарманың, жастар ресурстық орталығының міндеті. 2016 жылы өңірдің еңбек нарығында үлкен серпіліс болды. Білім саласына 600-ге жуық жас мұғалімдер, мәдениет саласына 50-ге таман жас өнерпаздар, денсаулық сақтау саласына 60-қа жуық жас білікті дәрігерлер қызметке келді. Өңірде «Жаңа серпін» бағдарламасы қарқынды жүргізілуде. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 10-ға жуық жәрмеңке ұйымдастырылды. Аталған шаралар нәтижесінде, 5500 жас екі қолға күрек тауып, жұмыспен қамтылды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Себебі, 2015 жылы 3868 адам жұмысқа орналасса, 2016-да одан әлдеқайда көп жастар қызметке алынды.
— Баспана – жастардың басты қажеттілігі, мұқтажы. Осы өзекті мәселені шешуде бағдарлама дайындап, жастарға жәрдемдесуге бола ма екен?
— Көрші өңірлерде жастарға арналған жақсы бағдарламалар бар екен. Маңғыстау жастарына осы бағдарламаны әкеліп, енгізгіміз келеді. Мәселен, Атырау, Орал қалаларында «Жас отау» бағдарламасы бойынша жылына екі-үш үй салынады екен. Бұл бағдарлама біздің «Жаңа серпін» бағдарламаға ұқсас көрінеді. Алдағы уақытта өзім сол жақтарға барып, бағдарламаның механизмімен танысуды көздеп отырмын. Оның қалай жұмыс істейді, қалай қаржыландырылады сынды сауалдардың жауаптарын табу қажет. Жастарға арналған баспана мәселесін жан-жақты қарастырып жатырмыз. Алайда, оның шешілуі – уақыт еншісінде.
— Ауылым – алтын бесігім демекші, ауылда, елді-мекендерде небір тума таланттар, мықтылар жұлдыздарын жарқырата алмай, тасада қалып жүр. Осы олқылықтың орнын толтырып, ауыл жастарына қандай қолдау көрсетіледі?
— Ауыл жастарымен тығыз жұмыс істеу мақсатында биыл ауылдық округтер әкімі жанында жастар және спорт ісімен айналысатын инспекторлар қызмет ете бастады. Оларды «Арман» жастар орталығында жинап, облыстық жастар ресурстық орталығы оқытты. Оқыту мақсаты – ауыл жастарымен байланысты күшейту болып табылады. Себебі, Маңғыстау жастарының 60 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан да осы жобаны қолға алу арқылы ауылда тұратын, жұмыс істейтін жастармен қарым-қатынасымызды дамыту мәселесін шешеміз. Ауылдық округ әкімшіліктерімен байланысқа шығып, тығыз қарым-қатынаста қызмет етуді көздеп отырмыз. Спорт, мәдениет, білім және тағы басқа салаларда топ жарған, жұлдыздары жанған мықты жастарымыз көп. Алайда олардың қолдары келте болғандықтан, қалаға, көзге көрінуге шамалары жоқтығынан, еленбейді, бағаланбай қалады. Көптеген белгілі азаматтар ауыл өмірін көріп, ауыл тәрбиесімен сусындап өскен. Осыған орай, басқарма осы жылы ауыл жастарына ерекше көңіл бөлмек.
— Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының алдағы жоспарларымен бөліссеңіз...
— «Самұрық-Қазына Траст» мекемесімен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Біздің басқарма үйлестіруші ретінде қызмет атқаруда. Биыл облыста «Самұрық-Қазына Траст» мекемесінің демеушілігімен далада орналасқан 12-ге жуық спорт кешендерін салуды жоспарлап отырмыз. Шағын футбол, баскетбол, балалар алаңы, воркаут сынды спорт түрлері бойынша Ақтау қаласынан 4, Жаңаөзен қаласынан 4 және аудан орталықтарында сыртта орын тепкен спорт кешендерін құруды көздедік. Кез келген адам қалаған спорт түрімен тегін айналысуға мүмкіндік алады. Және «Самұрық-Қазына Траст» мекемесі спорт құрал-саймандары ескірген, тозған 50 мектепке жаңа саймандар сатып әпермек. Музыкалық мектептерге музыкалық аспаптар, аула клубтарына қажетті жабдықтар алып бермек. Сондай-ақ ағымдағы жылы жас мамандар слетін өткізуді ойластырдық. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, үлкен жобаны қолға алдық. Бес саусағынан бал тамған ісмер жастарға арналған тігін курстары ашылады. Онда 15-20 адам 2-3 ай тегін оқытылады. Кәсіпкерлік бағытында бірқатар тағы да жобалар жүзеге асырылуда. Одан басқа, ағымдағы жылы «Amal Talks education» конференциясын ұйымдастырғымыз келеді.
— Қазақстандық жастардың жай-күйі қалай? Өзіңіздің ойыңызды айтсаңыз...
— Бүкіл Қазақстанда 4 млндай жасымыз бар. Елімізде жастар саясаты өте жоғары деңгейде жұмыс істеуде. Біздің елдегі жастар саясаты саласындағы оң өзгерістер, мүмкіндіктер, жетістіктер басқа елдерде жоқ. Жастармен жұмыс жасау бойынша әлемдік рейтингіде 183 елдің ішінде Қазақстан 61-орында тұр. Бұл – өте тамаша көрсеткіш. Себебі, Түркия 62-орында, Ресей 110-орында, Қытай 118-орында тұр екен. Елбасы қазақстандық жастарға үлкен сенім білдіріп, зор қолдау көрсетеді. Оның сарабдал саясаты арқасында жастарды биік шыңына жетелейтін, тұрмысын түзейтін, мүддесін қорғайтын мемлекеттік бағдарламалар құрылған. Ел жастарына барлық жол ашық. Оларға сапалы білім алу, баспанамен қамтылу, таңдаған мамандығы бойынша жұмысқа орналасудың мол мүмкіндіктері берілген. Қазақстан өркениетті елге айналуы үшін жастар күш-жігерін аямай еңбек етуге дайын.
Сұхбат құрған Ханым ҚУАТ