Биыл үшінші жыл қатарынан Алматы қаласында пианистер байқауы өтті. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған байқаудан жерлесіміз Рашид Рахимов бірінші орынды иеленіп, облыс мерейін өсірді.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылған Аида Исакова атындағы халықаралық байқауға еліміздің барлық өңірінен және Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен 9 бен 20 жас аралығындағы 68 үміткер қатысқан. Олардың арасында Маңғыстау өнер колледжінің ұстазы Куван Мейманбаевтың шәкірті Рашид Рахимов та бар. 16 жасар пианист жігіт бұған дейін де бірнеше республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, бағын сынаған. Бұл жолы Рашидтің еншісіне халықаралық байқаудың бірінші орыны мен «Аида Исакованың шығармаларын үздік орындағы үшін» дипломы бұйырды.
— Байқау жоғары деңгейде өтті. Жас ерекшеліктерімізге қарай алты топқа бөлініп өнер көрсеттік. Мен бесінші топта үздік деп танылдым. Байқауда Аида Исакованың «Жаңбырлы көктем», Сергей Рахманиновтың «Этюд-картина», венгерлік композитор Ференц Листтің шығармасын орындадым. Байқауға дайындаған ұстаздарым Наталья Пихтереваға, Куван Мейманбаевқа алғыс айтамын, — дейді Рашид Рахимов.
Рашид — бұған дейін Новосибирскте, Атырауда өткен халықаралық байқаулардан бас жүлдені иеленген. Одан бөлек, облыстық жас орындаушылар байқауынан бас жүлдені, Санкт-Петербургте өткен халықаралық байқаудан екінші орынды, Алматы қаласында өткен республикалық байқаудан үшінші орынды қанжығалаған. Жас пианист бүгінгі таңда Астана қаласында көктемде өтетін республикалық байқауға дайындалуда. Сондай-ақ, сәуір айында Италияда өтетін халықаралық байқауға шақырту да алған.
Венера МИРЛАН