ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облысымыздағы департаменті жанынан мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, алғашқы отырысын өткізді. Департамент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналатын жұмыс тобына мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен депутаттар мүше болды.
Жаңа кеңестің мақсаты – халыққа қоғамның түрлі салаларында көрсетілетін қызметтердің сапалы қолжетімділігін қамтамасыз етіп, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдету. Сондай-ақ, мемлекет, үкіметтік емес ұйымдар мен халықтың өзара іс-қимылын белсендіру, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыруды жетілдіру.
Ведомствоаралық жұмыс тобы қоғамдық мониторингті ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтер сапасын жақсарту мақсатында тиісті органдарға ұсынымдар әзірлеу, өз міндетін тиісінше орындамаған мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсынымдар дайындауды жүзеге асырады. Жұмыс тобының мүшелері бұл іске асқан жауапкершілікпен атсалысады деп сенемін,-дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облысымыздағы департаменті жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының төрағасы Ерлеген Меңдалиев. Жұмыс тобының отырыстары тоқсан сайын ұйымдастырылып, онда мемлекеттік қызмет мәселелері қаралып, кемшіліктер бойынша тиісті ұсынымдар дайындалатын болады.
Анар ШАМШАДИНОВА