Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жас қанат» жастар ұйымы «Жағалау қызметі» өңірлік басқармасы 2201 «А» әскери бөлімімен бірге Ақтаудағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйінде болды.
Қариялар жиналған залдың сахнасында сөз алған 2201 «А» әскери бөлімі командирінің тәрбие және құқық жөніндегі орынбасары, 2-дәрежелі капитан Ерхат Рафиков «Шекара қызметінің құрылғанына 25 жылдығына жоғары жауынгерлік дайындық және шекаралық шеберлік» атты мерекелік концерт бағдарламасын ала келгендерін айтып, ардагерлерге алғыс білдірді.
Әскери қыз-жігіттер мен Ассамблея жастары шаштарын ақ қырау шалған шағында тағдырлары тоғысып, бір шаңырақ астында өмір кешіп жатқан аталар мен әжелер алдында ән салып, би билеп, өнер көрсетті. Қарттар, әсіресе, өздерінің алыста қалған жастық шағын еске түсірген ескі әндерге қосылып, көңілдері көтеріліп қалды. Халқымыздың қанына сіңген үлкен кісілерге қамқорлық жасап, қарайласу сынды жақсы қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа жалғасуының бір көрінісі болған осынау шара соңы ақ дастархан басындағы кездесуге ұласты. Ашық-жарқын әңгіме барысында қариялар үй жағдайына жақындатылған мекемеде тату-тәтті өмір сүріп жатқандарын, кейбірі бұрын өз отбасында көрмеген қамқорлықты сезініп жатқандарын да айтып қалды.
Интернат-үйдің директоры Күләш Қалиеваның айтуынша, осында тұратын 100 шақты кісінің елу тоғызы ер, қырық бірі әйел адамдар. Арасында бірінші және екінші топтағы мүгедектер де бар.
- Мереке сайын әскери бөлімшелер, мектептер оқушылары мен студенттер келіп, қариялардың көңілін аулап, дастархан жасайды, олардың жандарына жақын ескілікті ән-жырларды орындап береді. Ондайда қарттарымыз да би билеп, бір жасап қалатыны бар,-деді ол. - Кім қандай көмек беріп, қайырымдылық жасаса, біздің ата-әжелеріміз соның барлығына риза, алғыстарын жаудырып, ақ батасын беріп жатады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА