Ақ желеңді абзал жан пенде өмірін аман алып қалуда аянбай қызмет қылады. Қажырлы да қызу, табанды еңбекпен табысқа кенеліп, ақжарма алғысқа бөленеді. Беймаза күй кешіп, әл-дәрмені құрып, төсек тартып жатқан жанға тәжірибелі дәрігер дер мезгілде аяғынан тік тұрғызар ем-дом жасайды. Кесел-дерттен құлан таза айықтырып, ауру құрсауынан құтқарады. Талай жанның еңсесін басқан зіл батпан дертті сілкіп тастап, қол-аяғына қуат, бойына дәрмен дарытқан ортопед Аманқос Шаухымбердиев өз кәсібін қаузай зерттеп, қыр-сырына жіті қаныққан жан. Жарты ғасырға жуық еңбек жолында түрлі науқасты ауыр кеселден арылтып, мерейін төгіп, шапағын шашып келеді.
Аманқос ата алапат соғыс аяқталып, ел басына бейбіт өмір орнаған кезеңде өмірге келеді. Қарлығаш қанатымен су сепкендей ел еңсесін тіктеуге тер төгіп, тұралаған тұрмысты оңалтуға қолғабыс етеді. Сөйтіп жүріп, Ақкеттіктегі орта білім ордасын тәмамдайды. Мектепті бітіре сала, дәрігер болсам деген ниетпен Ақтөбе қаласына аттанады. 1963 жылы Ақтөбе Мемлекеттік медициналық институтына түсіп, 1969 жылы «емдеу ісі» мамандығы бойынша жоғары білімін ойдағыдай аяқтайды.
Еңбек жолы мұнайлы шаһар – Жаңаөзеннен бастау алады. Бес жыл бойы хирург-травмотолог әрі анестизолог дәрігер ретінде қызмет етеді. Сынық-жарық, күйік-тілік, шығу-шытынау, буын таю сынды оқыс жарақат, ауыр соққы салдарын емдеп жазады. Мол білім, табанды еңбек, зор тәжірибе дәл әрі дәйекті диагноз тауып, сапалы дәрігерлік көмек көрсетуіне негіз болады. Аманқос ата алғаш рет интубациялық жансыздандыру тәсілін тәжірибе жүзінде қолданады. Осылайша, өңірлік денсаулық сақтау саласында алғашқы білікті анестизолог-рениматолог дәрігер ретінде танылады.
Аманқос Шаухымбердиев 1974 жылы травмотолог ретінде бастапқы мамандану оқуын тәмамдайды. Іліміне білім үстеп, тәжірибесін молайтады. Тың іске түрткі болып, Жаңаөзен қалалық аурухана базасы негізінде травмотологиялық бөлімшені іске қосады. Өзі жаңа бөлім жұмысын жүйелеп, басшылық етеді. Мұнысымен тоқтап қалмай, «травмотология-ортопед» мамандығы бойынша клиникалық ординатурада біліктілігін жетілдіреді. Теориялық ілімін іс жүзінде пайдаға асырып, жаңа бастамаларға жол ашады. 1976 жылы Аманқос Құрымбайұлы облыстық ауруханаға травмотология бөлімінің басшысы ретінде қызметке орналасады. Осы орында 40 жыл бойы табан аудармай қызмет етеді. Елеулі еңбек сүрлеуі сан түрлі тосын жаңалықтар легімен толысады. Тәуекелге бас тіге отырып жасалған аса күрделі оталар оң нәтиже береді.
«Қырық жыл ішінде қиындық пен қызық қатар жүрді. Ауырлығы да болды. Қазір технологияның қарыштап дамыған заманы. Медициналық құрал-жабдықтар, аппаратура жетерлік. Бұрынғыдай емес. Кезінде травмотологиялық құралдар, реанимациялық аспаптар тапшы болатын. Пластинка дейді, шеге дейді, атай берсең, таусылмайды. Ал қазіргі медицинаға жаңа эндоскапиялық бағытта емдеу тәсілі енуде»,-деп қысқа қайырды Аманқос ата.
Аманқос ата өз еңбек жолында терең ізденіс пен ұдайы алға ұмтылу ұстанымына берік. Мәселен, 1980 жылы Қорған қаласында өткен остесинтез бойынша Бүкілодақтық жас ғалымдар мектебіне қатысқандардың бірі. Әрі Бүкілодақтық сьездер, халықаралық симпозиумдар мен конференцияларға тұрақты ат салысып, сала үздіктерімен пікір алмасып, тың мағлұматтар мен соны жаңалықтарды жадына сақтауға тырысқан. Мәскеу, Киев, Харьков, Қорған, Ташкент қаласында орналасқан іргелі ғылыми-медициналық орталықтар мен клиникаларда кәсіби біліктілігін арттырған. Аманқос Құрымбайұлы 1995 жылы Америка Құрама Штаттарына сапар шегеді. Хирургиялық артроскопия саласы бойынша тәжірибе жинақтап, әрі мұхиттың арғы жағында жатқан беймәлім елдің медицина жүйесімен етене танысуды жоспарлайды.
«Сан-Диего қаласында 15 күн тәжірибеден өттім. Сан-Диегода аса мамандандырылған травмотологиялық клиника қызмет етеді. Орталықта жан-жақты заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылған бірнеше ота жасау залдары орналасқан. Жан сақтау бөлімі бар. Ота сәтті аяқталысымен науқас үш-төрт сағаттан кейін үйіне қайтарылады. Әрине, мен үшін ол кезде барлығы жаңалық болып көрінді. Жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету, түрлі травматологиялық аспаптар бізден әлдеқайда озық дамығандығына дәлел болатын. Америкадан елге оралып, мұнай-газ өндіру мекемелері қаржылай қолдауымен артроскоп құралы сатып алынды. Осы құралмен түрлі сүйек-буын ауруларына күрделі оталар жасалынды»,-дейді ардагер дәрігер.
Аманқос Шаухымбердиев республика бойынша алғаш рет 2011 жылы ұршық буынын алмастыру отасын ойдағыдай өткізді. Сонымен қоса, кәсіби тәжірибесінде туа біткен ортан жілік шығуы бар балалардың ұршық буынына, табан және мойын деформациясын қалыпқа келтіру бойынша ота жасады. Өнегелі өмірі мен еселі әрі нәтижелі еңбек жолында жинақтаған зор тәжірибесі 20 ғылыми-практикалық жариялынымға арқау болады. Майталман маман мектебінен өтіп, телегей тәлім-тәжірибесінен сусындаған жастар еліміздің сан түкпірінде ел игілігіне қызмет етіп жүр. Мәселен Есет Таңатбай, Құралбек Бесқалиев, Заманбек Смайылов сынды ақ желекті абзал жандар әр өңірдің өнегелі азаматтары.
Сала саңлағы, еңбекқор басшы, абыройлы азаматқа 1983 жылы «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі», ал 2001 жылы «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері табысталады. ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойына орай Президент «Алғыс хатымен» әрі «Ерен еңбегі үшін», «Н.И.Пирогов», «Маңғыстау облысына 40 жыл» медальдарымен марапатталды. Ал былтыр ғана Аманқос ата «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атанған еді.
Бүгінде Аманқос Шаухымбердиев жұбайы Ақбұрыш әжемен екі перзенттен тараған немере-жиеннің қызығына кенелген бақытты жандар. Бастысы, жалғыз ұлы Жансерік Аманқосов әке ізін жалғап, ақ желеңді абзал жан атанған абыройлы азамат. Бүгінде Жансерік Аманқосұлы облыстық аурухананың травматология-ортопедия бөлімшесінің басшысы. Астана мемлекеттік медицина академиясын тәмамдап, клиникалық ординатура мен аспирантурада білімін жетілдірген.
«Бала әркез ата-анасына қарап бой түзейді. Дәрігер мамандығын таңдауда әкемнің ықпалы өте зор болды. Алғашқы кәсіби тәжірибемде әкеммен бірге түрлі отаға қатысып, көзбен көріп, көңілге түйіп жүрдім. Ортопед-травматолог маманы зор жауапкершілікке ие. Жұмыстың оң нәтижесін көрсең, шаршап-шалдыққан күндер лезде ұмтылады. Нәтиже әрі ынталандыра түседі. Әкемнің заманы мен бүгінгі кезді салыстыруға келмейді. Қазіргі таңда медициналық аспаптар жетерлік. Біздің бөлімше заман талабына сай медициналық құрылғылармен қамтылған»,-дейді Жансерік Аманқосұлы.
Аманқос ата жетпістің екеуіне келсе де әлі ширақ, тың, сүйікті кәсібінен қол үзе қоймаған. Күн бүгінде травмотолог-дәрігер ретінде облыстық аурханада қызмет етеді. Зор тәжірибе мен терең білім қазынасындай абыз ақсақалды ұжымы ардақ тұтады. Риясыз құрмет, ерекше ықылас танытады. Өз кәсібінің іргетасын қалаған, дамуына өлшеусіз үлес қосқан қарияның деніне саулық, отбасына бақ-береке тілейміз. Өскелең ұрпақ өнеге тұтар, жас буынға бағыт-бағдар нұсқар, кемел ойлы, көреген әрі кемеңгер ата ортамызда аман жүріңіз!
Голрох Жеменей