©
Өткен жылдың соңында өңірдегі мұнай компанияларына сервистік қызмет көрсететін «Технотрейдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі мұнай құбырларын жөндеу цехы жаңғырту жұмыстарын жүргізуді қолға алған-ды. Осы уақытта цех жұмысшылары жұмысты уақытша тоқтатуға мәжбүр болғандықтан еңбек дауы туындап, Қарақия ауданы әкімдігіне, аталмыш серіктестіктің басшылығына ұжымдық арызбен шағымданған. Мәселенің мәнісі 6 күн ішінде қаралып, оң шешімін тапты.
– Жұмыс үрдісі бойынша жаңғырту жұмыстары кезінде 2 кранды өндіріске енгізуді жоспарладық. Көптен бері қолданысқа енгізілуі тиіс жаңа технология қаржының тапшылығына байланысты кейінге шегерілген еді. Бұл крандар мұнай ұңғыларында пайдаланылған тұрбаларды жуып, тазалау қызметін атқарады. Жаңа жыл басында басталуы тиіс жаңғырту кезінде цехта 2 ай мерзімге жұмысты тоқтатанымызды қызметкерлерімізге хабарладық. Серіктестікте 700-ге жуық, мұнай құбырларын жөндеу цехында 250 адам жұмыс жасайды. Олардың орташа жалақысы – 200 мың теңге. Бірақ осы уақытша өзгеріспен келіспеген жұмысшылар отбасылық жағдайын айтып, арыз түсірді. Жұмыс 29 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында тоқтап тұрды. Жұмысшылармен түсінік жұмыстарын жүргіздік. Екіжақты келісімге сәйкес жұмысшылар 5 қаңтардан бастап еш кедергісіз қайта қызметтеріне кірісті, – деді «Техно- трейдинг» ЖШС директоры Әділ Ниязов.
Талаптары орындалған мұнай құбырларын жөндеу цехының жұмысшылары келісілген уақытта жұмысты қайта жалғастыртырды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН