Қар аралас жаңбырдан соңғы қатқақ жер, қатты ызғарға қарамай Ақтаулық өнер десе ішкен асын жерге қоятын, өлермен көрермен тағы бір өнерпаздың кешіне жиналды. Облыстық Нұрмұқан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында Маңғыстау жыршылық мектебінің көрнекті өкілі, Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, жыршы-термеші Амандық Көмековтің 60 жасқа толу құрметіне арналған «Шығыршығы болат шынжыр жыр» кеші өтті. Кеш М. Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен орындалған Мұраттың «Өрен» күйімен ашылды. Осы өнер тобының сүйемелдеуімен Сәбит Шектібаев адайдың жеті қайқысының бірі Тұрсынның «Оймауыт» әнін шырқады.
Кештің беташар сөзін алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев:
— Тәуелсіздік мерекесі аясында облысымызда «25 жұлдызды күн» өнер шеруі өтіп жатыр. Бүгінгі кеш сол мерекелік шараның жалғасы. Кеш баршаңызға құтты болсын!-деп мерейтой иесі Амандық Көмековке облыс әкімі Алик Айдарбаевтың атынан Алғыс хат тапсырды.
Оған жалғас кеш иесі ортаға шығып, ұйымдастырушылар алқасына алғыс айтып, Елбай ақынның «Әлеумет, келдің алқалай» термесін, Сүгірдің кесікбас домбырасымен айтысын орындады. Бұдан соң той иесін құттықтау үшін сахна төріне шыққан атағы Астана, шетел өнерсүйерқауымына танымал домбырашы Сержан Шәкіратов Есірдің «Шоқай төре» күйін тартып берді. Осы мақсатта көп алдына шыққан күйші Роза Айдарбаева Құрманғазының «Қайран шешем» күйін тамылжыта тартып, «Амандық інімізді тек қазақ көрермендері емес, 2008 жылғы гастрольдік сапарымызда Америка Құрама Штаттарының өнерсүйерқауымының талантына бас иіп, сахнаға қайта шақырғанына куә болдым» деп, той иесінің атына жылы лебіз білдірді.
Дәулеткерей Кәпұлы «Тектілер топырағында туған» тамаша термеші, жыршы Амандық Көмеков досына өз құттықтауын Көкше баурайынан жолдаған арқалық айтыскер ақын, өнерпаз Баянғали Әлімжановтың хатын оқып берді.
Кешті көпке танымал айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы: «Амандық тек Маңғыстаудың өнерлі перзенті ғана емес, исі қазақтың мақтан тұтар өнерпазы. Ал халық барда өнер өлмейді. Тыңдарман барда өнер иесі ертелі-кеш өз бағасын алады»,-деп, кеш иесінің мәртебесін көтерсе, қазақтың тағы бір танымал ұлы, сыр сүлейлерінің сарқытындай жыршы-термеші Алмас Алматов: «Жыраулық өнер – 1000 жылдық мәдениетіміздің жәдігері. Бүгін Тоныкөк ескерткіштеріндегі мадақ жырынан бастау алатын алтын тін Амандықтар бүгінге жеткізген асыл мұрамыздың кеші. Амандық Маңғыстау өлкесінің ғана жырауы емес, бүтін қазақтың өнерпазы. Маңғыстау – жыраулық өнердің тайқазаны»,-деді.
Көпшілікті баба мұрамыздан қалған сағынышты сарынымен баурап алған салтанатты жиында жетісулық жыршы-термеші Ерікбай Исаев Қайыпназар Әйтпеновтің «Сөйлеші, тілім!», Алмас Алматов Тұрмағамбеттің термесі мен «Көрұғлы» жырынан үзінді, кеш иесінің ұстазы, жергілікті жыршы Жақсылық Елеусінов Сүгірдің т.б. адай жыршыларының шығармаларын орындап, көпшілік ықыласына бөленді.
Арнайы тапсырмамен кешке қатысқан бір топ мемлекеттік қызметтің лауазымды иелері аудандар мен Ақтау қаласы әкімінің құттықтау-хаттарын оқып, сый-сияпат ұсынды. Құттықтаушылардың арасында жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Самат Мұсабаев та болып, мерейтой иесіне өз атынан 1 млн. 700 мың теңгенің сертификатын ұсынып, арқасына ата жолымен шапан жапты. Амандық Көмековтің қызметтік ұжымы да мерейтой иесіне «1 млн. теңгелік» ат мінгізгенін көпшілікке әріптесі Алмас Алматов жеткізді.
Кеш соңында той иесінің бір топ дос-жаран, аға-інілері сөз алып, құттықтау тілектерін білдірді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ