©
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесін лайықты табыстармен қаржы алған ұжымдар жайлы сөз еткенде жекелеген кәсіпкерлер үлесін де айта кеткен жөн. Бұл ретте, әрине, ынта-құлшыныс пен бірге үкімет тарапынан жасалар қолдаудың оң нәтижесі аз емес. Жуырда облыстық кәсіпкерлік палатасы және сауда басқармасы мен «Даму» қоры аймақтық филиалының бірлесіп өткізген таныстырылымы Жетібай кентіндегі қаржылай көмекке қол жеткізген іскер жандардың атқарып жатқан істерін көрсетуге арналды.
Алдымен «Тұмар» балалар кафесіне тоқтадық. Үйшік, әлпеншек, әдемі баспалдақ, сырғанақ жолдары балақайлардың қажет-талғамына сай қойылыпты. Бір бұрышта алуан түсті ойыншықтары самсаған шырша. Айналаны нұрландырған балдырғандардың шат-шадыман күлкісі, ата-аналардың көтереңкі көңіл күйі...
- Ақтауға баруға үнемі мүмкіндік бола бермейді. Балаларымызбен осында келеміз. Туған күн, басқа да қуанышты сәттерді атап өтуге барлық жағдай жасалған. Торт,басқа да тәтті тағамдарына тапсырыс беріп, өзіміз де қою шайымызды ішіп, демалып қайтамыз, - дейді Жетібай кенті тұрғыны Ұлболсын Нұрберді.
Кафе иесі Баян Абдуллаева алғашқы қадамын дүкен ашудан бастапты. Жыл санап өсіп келе жатқан кентте балалар демалатын орын жоқтығын ескеріп, 2008 жылы контейнер цехын салған. Қол қысқа, қаржы тапшылықтан ісі өрге баспай жүргенде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік көмекке қол жеткізіпті.
- Тумаласым Шолпан Абдуллаева 3 миллион теңге грантқа ие болып, сол қаражатқа қосымша қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық. Он төрт пайызбен берілген несиенің 4-ақ пайызын өзіміз, қалған 10 пайызын мемлекет төлейді. Бұл істі жаңадан бастаған жас кәсіпкерлерге тиімді, үлкен көмек, - дейді Баян Оразбайқызы.
Мемлекеттік қолдаумен кәсіп ашып отырған тағы бір жетібайлық кәсіпкер - Жасұлан Бисенбаев. Ағайын-туыстары болып бірігіп, үкіметтен алған 20 миллион несие қаражатын қосып, 3 қабатты зәулім ғимырат салған. Оны балабақша еткен. Алыстан арқаланбай-ақ ішіне қажетті жиһаздарды да Жетібай басынан жасатыпты. Ресейлік «Сбербанк» арқылы «Даму» қорының кепілдемесімен 14 пайызға алған несиенің 4 пайызын ғана өзі төлесе, 10 пайыз айырманы мемлекет жабады.
- Қазіргі таңда балабақшамызда 3-6 жасқа дейінгі 83 бала бар. Әр тәрбеленушіге ата-анасы айына 9300 теңге төлейді. Біз «Балапан» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, Қарақия аудандық оқу бөлімімен шартқа тұрдық. Ай сайын әр балаға 29000 субсидия төленеді. Сондықтан біздің бағамыз өзге мектеп жасына дейінгі мекемелерге қарағанда төмен, - дейді балабақша меңгерушісі Бақтлима Ығылманова.
... Айналасы әудем жерді алып жатқан балабаша алаңында естілген балдырғандар күлкісі бақытты балалық шақ жайлы ойларға жетелейді.
Болат ҮМБЕТОВ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery ids="16798,16793,16794,16786"]