Биыл Украинадағы Чернобыль атом электр стансысында болған апатты оқиғаға 30 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай, Ақтаудағы Жеңіс аллеясына Чернобыль ардагерлері мен қала тұрғындары жиналып, естеліктермен бөлісіп, гүл шоқтарын қойды.
1986 жылдың 26 сәуір күні Чернобыль атом электр стансысында орын алған апаттың салдарынан украин жерінің бірқатар аумағы мен Ресейдің бірнеше облыстарының жері радиоактивтік улануға ұшырап, тұрғындар өміріне қауіп төнген болатын. Халық басқа жерлерге көшіріліп, сол жылы жарылыс болған стансы бөлігі залалсыздандырылып, оғашталды. Бұл шараға Қазақстан азаматтары да тартылған болатын. Елімізден 30 мыңнан астам азамат бауырлас елдегі апаттың зардабын жою жұмыстарына аттанса, облысымыздың 2,5 мың тұрғыны украин жерінде жұмысқа тартылды. Өзге елдің қайғысына ортақтасып, қиындығын бөлісуге қаймықпай аттанған алғашқы маңғыстаулықтардың қатарында 30 жастағы Темірхан Есенбаев та бар еді.
1986 жылы Чернобыль атом стансысында жұмыс жасадым. Бірқатар азаматтар болып, апаттың зардабын жою жолында еңбек еттік. Бар күш-жігерімізбен тер төгіп, көмектестік. Стансыдан қалдықтарды шығару, тазалау жұмыстарына қатыстым. Украин жеріне баруымыздың басты мақсаты да – сол еді. Ол бір қиын да күрделі кез болды ғой,-деп еске алады Т. Есенбаев.
Апатты аймақтан аман келген Темірхан Есенбаев бүгінде бақытты отбасының иесі, 4 баланың әкесі. Бірақ, Чернобыль оқиғасы Темірхан ағаның өмірінен із-түзсіз жоғалып кеткен жоқ. Апаттың сызаты – денсаулығынан көрінеді. Атпалдай азамат қазір жұмыс жасамайды. «Жұмыс жасауға денсаулығым жарамайды» дейді ол.
Чернобыль атом электр стансысында болған жарылыстың орнын залалсыздандыруға қатысқандардың қатарында ақтаулық Мұрат Сәрсенғалиев та бар. «Сол күндерді күрсінбей еске алу мүмкін емес» дейді ол.
- Мен Чернобыль атом стансысына жұмыс жасауға барғанымда 27 жаста едім. Өзім уақытында бір себептерге байланысты әскер қатарына бара алмадым. Сондықтан, Отан алдындағы борышымды өтеу үшін апат болған жерді қалпына келтіруге өз еркіммен қатыстым. Алғашында Копачий деген жерде, бірнеше күннен соң атом электр стансысына ауыстым. Түрлі ауыр жұмыстарға араластым. Содан бері 30 жыл өтсе де, сол бір опаттың орны әлі сыз беріп тұрғандай. Қазір денсаулығым нашар, қан қысымым жиі көтеріліп, буындарым тартады. Бірақ, украин жерінде болып, апатты оқиғаның адамзатқа зардабын жою жұмыстарына қатысқаныма еш өкінбеймін ,- дейді М.Сәрсенғалиев.
Украин жеріне аттанған 2,5 мың маңғыстаулықтардың қазір аймағымызда 200-дейі тұрады. 127 жан бақилық болса, қалғандарының қайда жүргені белгісіз. Чернобыль оқиғасының ардагерлері бүгінде мемлекет тарапынан 13 мың теңге жәрдемақымен күн көруге мәжбүр. Басқа ешқандай әлеуметтік көмек жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтерінше, апаттан 4 мың адам қаза тауып, мыңдаған тұрғынның денсаулығына зиян келген. Радиоактивті түтін украин жерінен асып, 10-нан асам мемлекеттік мыңдаған шаршы шақырым жерін ластаған. Биресми ұйымдардың хабарлауынша, атом электр стансысындағы жарылыстан 5 миллион халық зардап шеккен.
Анар ШАМШАДИНОВА