©
Жуырда Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай Ақтаудағы 2015 А әскери бөлімі базасында «Жас қыран» атты әскери-спорттық жарысы өтті.
Шекарашы ардагерлердің республикалық қоғамдық «Застава тарландары» бірлестігінің облыстық филиалы ұйымдастыруымен өткен әскери сайысқа Ақтау қаласындағы №5,6,7 орта мектептің жоғары сынып оқушылары мен Маңғыстау өнер колледжінің студенттері қатысты.
Болашақ отан қорғаушы жастар автоматты шашу мен жинау, оқу гранатын лақтыру, пневматикалық мылтықтан ату, 2000 метр қашықтыққа жүгіру, сапқа жүру дайындығы, алғашқы медициналық көмек көрсету және тағы басқа жаттығулардан сынға түсті.
- Келесі жылы бірқатар мектепте әскери-патриоттық үйірмелер ашуды жоспарлап отырмыз. Онда әскери тақырыпта сабақ беріп, жаттығулар жасатып, елдің ертеңі болар жастарды салауатты, тәртіпті, білімді етіп тәрбиелейді. Бұрын мектептерде АӘД (Алғашқы әскери дайындық) сабағы аптасына екі рет болатын болса, қазір бір рет өткізіледі. Біздің үйірмелерде оқушыларды әскери бөлім базаларына апарып, әскери өмірмен таныстырады. Шынықтырып, ептілікке, жылдамдыққа, төзімділікке баулиды. Сондай-ақ мектеп түлектеріне Алматы қаласындағы шекара қызметі бойынша академияға түсуге жәрдем көрсетеді. Кадрлар әрдайым қажет. Кейін академия аяқтаған олар әскери бөлімге келісімшартпен қызметке келіп, байланысшы, жүргізуші бола алады, - деді ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2015 А әскери бөлімнің командирі, полковник Александр Тимин.
Жарысқа қатысушыларды шекарашы ардагерлердің республикалық қоғамдық «Застава тарландары» бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Владимир Абрамов, Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінің директоры Қажет Бекжанова мамыр мерекелерімен құттықтап, сайыста сәттілік тіледі.
Жастар спорттық қабілетін шыңдап, әскери тәртіптің жетік білетінін көрсетті. Олардың уақытқа жүгіруін, қашықтыққа граната лақтыруын, мылтық атудағы ұпайларын, сапқа түзелу дайындығын офицерлер тексеріп, бағалады. Нәтижесінде, ерекше көзге түскен №7 мектеп-лицейі жеңіс тұғырынан көрініп, бас жүлдені қанжығасына байлады. №6 орта мектебі екінші орынды, Маңғыстау өнер колледжінің студенттері үшінші орынды иеленді. Ал №5 орта мектебі төртінші орынды қанағат тұтты.
Ханым ҚУАТ