Елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны басталып кетті. Аймағымыз бойынша барлығы 115 депутат, оның ішінде облыстық мәслихатқа 25 депутат сайланады. Осы жылдың 1-4 ақпаны аралығында праймериздерде «Нұр Отан» партиясы атынан өңіріміздің мәслихаты депутаттығына 25 кандидат өткен. Бұл туралы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде өткен партияның облыстық филиалының кезектен тыс ХХІV конференциясында айтылды.
Алқалы жиынға облыс әкімі Алик Айдарбаев, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, аудан-қала әкімдері, партия белсенділері мен жастар қатысты. Кезектен тыс өткізілген басқосуға партияның аумақтық филиалдарынан 270 делегат шақырылған. Өңір басшысы 2016 жылдың 29 қаңтарындағы «Нұр Отан» партиясының ХVІІ съезінде қабылданған «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының маңыздылығы туралы сөз алды.
– Жаңа бағдарлама – «Нұр Отан» партиясының алдағы бесжылдыққа арналған жұмыс жоспары болып табылады. Елбасымыз қазақстандықтардың алдына жаңа міндеттер мен мақсаттар қойып отыр. Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 30 қарашасындағы өз Жолдауында елімізді жаһанды жайлаған дағдарыстардан алып өтудің, реформалар арқылы өсудің және дамудың нақты жолдарын көрсетіп берген болатын. Ұлт жоспары да осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді көздейді. Жаңа кезеңнің міндеттерін орындау үшін елімізге жаңа өкілетті органның қажеттілігі күн өткен сайын сезілуде. Бұл міндеттер ел азаматтарына үлкен жауапкершілік жүктейді,-деді облыс әкімі А.Айдарбаев.
Әлем мемлекеттері қатарында Қазақстан үшін қиын да маңызды тұста қабылданған жаңа құжат партияның бұдан бұрын басшылыққа алған сайлауалды тұғырнама көрсеткіштері бойынша жеткен жетістіктері және бағдарлама жүктеген міндеттерді сараптайды. Партияның жаңа бағдарламасында денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамыта отырып, әлемдік стандарттарға қол жеткізу көзделген. Облысымызда өткен бес жыл ішінде 17 жаңа мектеп салынып, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер жойылды.
– «Нұр Отан» 17 жылдан бері билік партиясы ретінде елдің жарқын болашағы жолындағы жауапкершілік жүгін өзіне артқан жалпыұлттық жасампаз күш екенін нақты істерімен дәлелдеп келеді. Сайлауалды бағдарламада жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың барлық тетіктері көрсетілген. Мұның басым бағыттары ел ішіндегі инфрақұрылымдарды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетіліп, қазір жүзеге асырыла бастады.
«Нұрлы жол» бойынша 14 инфрақұрылымдық және индустриялық жобалар жүзеге асырылып, 159 млрд.теңге игерілді. Алдағы бесжылдықта кәсіпкерлікті дамыту ісіне айрықша басымдық бере отырып, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін барлық жобалар өңірлік бағдарламаларға берілмек. 2017 жылдан бастап инвестициялық жобаларды қаржыандыру толықтай жергілікті деңгейге берілетін болады. Ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағдарламадан тыс қалмаған, бұл салаға да үлкен мән беріліп отыр,-дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Х.Нұрғалиева.
Нұротандықтардың жаңа бағдарламасы бойынша алдағы 5 жылда елімізде өмір сүрудің жаңа сапасына көшіру, жастарды кәсіпкерлікке баулу, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау басты назарда болмақ. Аграрлық саланы дамыту мақсатында өңірімізде ауыл кәсіпкерлеріне қолдау күшейтілетін болады. Жиын барысында жарыссөзге шыққан партия мүшелері құжаттың маңыздылығына тоқталып, 17 жылдық тарихы бар «Нұр Отанның» көшбасшылығын атап өтті.
– Мен Жармыш ауылында тұрамын. Ауылдықтардың өмірінің жақсаруына партиямыздың қолдау көрсетіп, тұрғындарға қамқорлық танытып келе жатқаны рас. Соңғы жылдары Жармышта дәрігерлік амбулатория мен балабақша салынып, орта мектеп жөндеуден өткізілді. Кәсіпкерлік дамып, ауылда 13 дүкен ашылды. Қазір әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған 4 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. «Нұр Отан» тұрғындардың өміріндегі өзекті мәселелерді шешуге араласып тұрады. Осындай игі істердің нәтижесінде былтыр «Үздік бастауыш партия ұйымы» атандық. Біз, жастар, әрқашан ауылды өркендетуге белсене араласуға дайынбыз!-деді Жармыш бастауыш партия ұйымының төрағасы М.Оразалиев.
– Өкінішке орай, қазіргі уақытта әлемде экономикалық дағдарыс қана емес, түрлі келеңсіз жағдайлар, оқыс оқиғалар орын алуда. Осындай жаһандық жағдайда Елбасымыз көрегенді саясат ұстанып отыр. Елімізде кәсіпкерлік пен бизнесті дамытуға зор мүмкіншіліктер бар. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет алдындағы мәселелерді айтып қана қоймай, оларды шешу жолдарын анықтап берді,-деді «Б-групп оперейтинг» ЖШС-і директорының орынбасары А. Кетебаев.
Осындай жарыса айтылған жарыссөздерден соң, облыс әкімі Алик Серікұлы партия атынан мәслихат депутаттығына үміткерлер іріктеліп, 25 кандидаттың таңдалып алынғанын айтты. 17 жылдан бері көшбасшылықтан еш айырылмаған «Нұр Отанның» бұл мүшелері облыстық мәслихаттың депутаты атанудан үміткер. Олардың ішінде бұрынғы халық қалаулылары және жаңа тұлғалар, «ҚазАзот» ЖШС-і Шағырлы-Шөмішті филиалының директоры Абзал Меңдібайұлы, «Ақтау» сауда, ойын-сауық кешенінің директоры Ахмет Салманов, «Forte Bank» АҚ Ақтау филиалының директоры Аббат Өрісбаев және «Каспий Құрылыс Сервис» ЖШС-і басқарма төрағасы Самат Базарбаев бар. Әріптестер кандидаттарға алдағы сайлауда басым дауысқа ие болуларын тілесе, аймақ басшысы ел үшін маңызды науқанға ыждағаттылықпен дайындалып, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетуге шақырды. Жаһандық дағдарыстарға жауап – бірлік пен тұрақтылықты сақтай отырып, еңбек ету болмақ.
«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезіне қатысып келген аталмыш кәсіпорынның бас директорының орынбасары Андрей Могилин Елбасы Н.Назарбаевтың шешімі ел мүддесіне сай елеп-екшелген саяси ұйғарым екенін жеткізді.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісін тарату туралы Жарлыққа қол қоюына, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты жариялаған Үндеуінде: «Баршамыздың бір ғана мақсатымыз бар. Ол – халық пен елдің игілігі. Бәріміз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, күш-жігерімізді жұмсаймыз. Біз бірлесе отырып, бүгінгі заман алдымызға тосып отырған барша қиындықтар мен сын-қатерлерді міндетті түрде еңсеретін боламыз» деген болатын. Сіздерді Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастамасын қолдауға, егемен еліміздің ертеңгі болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырамын»,-деді Андрей Васильевич.
Жиын барысында сөз алған кәсіпорынның еңбек ардагерлері уақыт талабынан туындаған шешімді қолдайтындықтарын жеткізді.
– Халықаралық қатынас шиеленіскен тұста және әлемдік дағдарыс белең алған қазіргідей шақта Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу өте орынды деп санаймын. Біз халық мүддесіне сай келетін шешімді бірауыздан қолдап, қуаттаймыз,-деді Юрий Тетушкин.
Сайлау өткізу туралы оңтайлы шешім бюджеттік үнемділікті қамтамасыз ететіндігін жеткізген Анатолий Иванов ұжымды саяси науқанда белсенділік танытып, кемел келешек үшін дауыс беруге шақырды.
Анар ШАМШАДИНОВА