Қазақстанның www.egov.kz электрондық үкімет порталының пайдаланушыларына Жеке кабинеттің жаңа нұсқасы қолжетімді болды. Енді кабинетте бұдан да артық мәліметтер және пайдалы сервистер бар.
Осылайша, пайдаланушыға әр түрлі мемлекеттік деректер қорларынан дербес ақпарат қолжетімді болады, мысалы: әкімшілік айыппұлдар, тұрғын-үйге кезек, некеге тұру, баланы туу туралы және басқа да ақпарат график түрінде беріледі.
Ыңғайлылық үшін Жеке кабинеттен мемлекеттік органдар басшыларының блог-платформасына, «Азаматтардың өтініші», «ХҚКО кезекті брондау» және қызметтерді алу тарихына өту жүзеге асырылған.
Дербес мәліметтерді қорғау мақсатында барлық пайдаланушылар үшін авторлану әдісіне байланысты қолжетімділікті бөлу енгізіледі. Дербес деректерге толық тек электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен авторлану кезінде қол жеткізуге болады, ал логин пен құпия сөз бойынша тек жартылай ғана.
eGov-та заңды тұлғалар үшін де жеке кабинет пайда болды. Ол мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен компания туралы мәліметті қарауға мүмкіндік береді. Бұл ретте компания басшысы басқа қызметкерлерге қол жеткізу құқығын ажырата алады.
Сонымен қатар қорғалған электрондық сақтау орнында кейбір құжаттардың көшірмелерін жүктеуге болады. Болашақта еGov порталында қызметтерді алу кезінде олар әрқашан қоластыңызда болады.
Бұдан басқа, Жеке кабинетте мобильдік телефонды жоғалту жағдайында SIM-картадағы ЭЦҚ-ны өз бетінше бұғаттау және тапқан кезде бұғаттан шығару мүмкіндігі пайда болды.
Сонымен қатар пайланушының жеке кабинетіне әр түрлі хабарламалар келетін болады. Мысалы, сот үдерісіне қатысуы немесе мемлекеттік қызмет үшін ақының бюджетке түсуі туралы. Азамат «Ашық үкімет» порталының жаңартылуы туралы да хабардар болады. Сондай-ақ, жеке кабинет адам өмірінің негізгі оқиғаларын (баланың тууы, неке, зейнетақыға шығу және т.б) қадағалайды да, әрбір өмірлік жағдайға байланысты мүмкін болатын қызықты және керекті мемлекеттік қызметтерді ұсынады.
«ХҚКО» РМК баспасөз қызметі