Жуырда Қарақия ауданы, Болашақ ауылдық округіне Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы ат басын тіреді. Шалғайдағы халықтың алғысы мен құрметіне бөленген поезд жолаушыларын маңғыстаулықтар құшақ жая қарсы алды.
Еліміздің қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай жолға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы киелі Маңғыстау жеріне де келді. Халықтың көкейтесті мәселелерін шешу мақсатында қоғамдық қабылдаулар өткізіп, қамкөңіл жандардың мұң-мұқтажын тыңдап, келелі кеңестер беріп, науқастар дертіне дауа, көңіліне сеп болған пойыз құрамындағы мамандар бірқатар аймақтарда ілкімді істер тындырды.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы республикалық акциясы аясында «Болашағымыз-Бірлікте» форумы өтіп, жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, пойыз штабының басшысы Әміржан Әлпейісов тәуелсіздік күнімен құттықтап, еліміздің дархан даласын аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, әлеуметтік көмек көрсетуді көздеген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мақсат-міндеттерін айтты.
— Қазақстан Республикамыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жолға шыққан пойызбен келген өз ісінің мамандары «Болашақ» ауылдық округі тұрғындарының көкейіндегі сауалдарын жауапсыз қалдырмай, мазалаған мәселелерін түйінін табуға септесер деген үміттемін. Бүгінде ауыл жыл санап өсіп, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Болашақта әлі де талай жарқын жобалар жүзеге асады деп сенемін. Әлемнің алпауыт елдері қатарынан орын алған еліміз бірлігімен, ынтымағымен, бейбітшілігімен белгілі. Қазақстан дамуы қарқынды, өркендеу жолындағы қадамы нық. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтаған еліміз биік белестерді бағындырып, мерейі үстем бола бергей,-деп жылы лебізін білдірді облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева.
Форумға облыстың мемлекеттік органдары мен ұйымдарының басшылары, мәслихатының депутаттары, кәсіпорын басшылары мен бизнес өкілдері, өңірдің қалалары мен аудандарынан келген делегациялар, азаматтық қоғам институттарының жетекшілері және белсенді жастар қатысты. Салиқалы сөздер айтылып, әсем әндер шырқалды.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы акциясы шеңберінде «Болашақ» тұрғындарына әлеуметтік, құқықтық, ауыл шаруашылық, медеициналық қабылдаулар ұйымдастырылды. Қоғамдық қабылдау барысында азаматтардың арыздары тыңдалып, жан-жақты талқыланды. Қабылдауға келген жандар жеке мәселелерінің оң шешіміне риза болып тарасып жатты.
— Елбасының тапсырмасымен «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Астана қаласынан 1 қараша күні жолға шықты. «Болашақ» бекеті – біздің жиырмасыншы аялдама. Осы 25 күнде 39000-ға жуық адамды қабылдадық, оның ішінде 7500 адамға медициналық көмек көрсеттік, 4000-нан аса адамға жеке мәселелерін шешуге атсалысып, халықтың алғысына бөлендік. Заң жөнінде ұсыныстар көп болды. Біз халыққа алдымызға қойған мәселелерді Үкіметке жеткіземіз деген сөзімізді бердік. Пойыз құрамында 270-тей адам: 7 министрліктің, 3 ұлттық компанияның білікті мамандары, дәрігерлер бар. Шағын қала мен аудандардың қарбалас тіршілігіне куә болып, халықтың әл-ауқатын көріп, қол ұшын беру, мұң-мұқтажын, талап-тілегін ескеру, ел бірлігінің маңызын жеткізу – «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының басты мақсаты. Оған қол жеткізу үшін республикалық акция мүшелері бірлік пен бейбітшілікті ту етіп, жасампаздық жолын жемісті жалғастыруда. Биыл еліміз үшін ерекше жыл болайын деп тұр. Сондықтан ешбір ауыл, ешбір елді мекен тұрғындары ұлы тойдан тыс қалмасын деген ниетпен осы ауқымды шараны ұйымдастырдық. Шалғайда жатқан халыққа Елбасының сәлемін жеткізіп, елмен бірге болып, мерейлі тойымыз алтын бесік – ауылда басталсын деген тілектермен келіп отырмыз,-деді «Тәуелсіз Қазақстан» пойыз штабының жетекшісі Әміржан Қайырұлы.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН