©
Аида Байгелованың есімі маңғыстаулықтарға 2013 жылы өткен «Жас қанат» жас орындаушылар байқауынан жақсы таныс. Жерлесіміз дәл сол жылы аталмыш байқаудан бас жүлдені иеленіп, аймақ намысын республикалық байқауда абыроймен қорғаған болатын. Содан бері арада үш жылдай уақыт өтті. Бүгінде Аида өнерде өз жолын қалыптастырған әнші, вокалдан жас таланттарды дайындап жүрген ұлағатты ұстаз, облыстық М. Өскінбаев атындағы филармониясының белді қызметкері. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай жас әнші жеке шығармашылық кешін ұйымдастырып, тыңдарман алдында есеп беруді жөн санапты. 15 желтоқсан күні «Абай» мәдени демалыс кешенінде жеке кешін өткізетін Аидамен сұхбаттасып, әңгіме-дүкен құрған едік.
−Аида, есеп беру кешіңді өткізуге бел буыпсың. Құтты болсын! Дайындық қалай?
— Рахмет! Күні-түні қызу дайындық үстіндеміз. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай алғаш рет «Қазақ елі» атты жеке есеп беру кешіміді өткізгелі отырғандықтан толқу үстіндемін. Концерттің болатын күні жақындаған сайын қобалжып та жүрмін. «Көрермен қалай қабылдайды? Таңқалдыра аламын ба?» деген сан сауалдың үстіндемін...
−Кештегі басты ерекшелік қандай болмақ?
— Кеште әндерімді облыстық М. Өскінбаев атындағы филармониясына қарасты симфониялық оркестрдің сүймелдеуімен жанды дауыста орындаймын. Одан бөлек кеште жеке әндер де шырқалады, жаңа дуэттердің тұсауы кесіледі. Шығармашылық жолдағы үлкен жетістігім-облыстық «Арман» жастар орталығында жеке өзімнің вокальдық сыныбымның ашылғаны болатын. Сондықтан да кеште менімен бірге вокальдан дәріс алып жүрген шәкірттерім де өнер көрсетеді. Сондай-ақ белгілі хореограф Серік Сариевтің «Жорға» би ансамблі де өнер көрсетеді. Барлығы 20-шақты ән орындалады. Осы бағдарламамен алдағы уақытта туған жерім Бейнеу ауданында және Шетпе кентіне, Форт-Шевченко қаласына баруды жоспарлап отырмын.
— 22-ші рет ұйымдастырылған «Жас қанаттың» Бас жүлдегері атандың. Арада біраз уақыт өтті. Одан кейін басқа байқауларға қатысып, бағыңды сынаған жоқсың ба? Жалпы байқау өнер адамына не береді?
− Мен «Жас қанатқа» дейін «Жаһан дала», «Каспий-достық теңізі» фестивальдеріне қатысып, лауреат атандым. Одан кейін басқа байқауға қатысуға мүмкіндік болмады. Байқауларға қатысу үшін үлкен дайындық керек, әрине. Өйткені жанды дауыста ән шырқайсың. Байқау-ең алдымен кәсіби тұрғыдан өсу, іздену, шыңдалу жолы. Сонымен бірге сан жүйрік додаға түсетін өнер сайысына қатысу арқылы тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік аларың хақ. Байқау−әншінің ізденімпаздығын арттырады, тәжірибе алмасуына жол ашады. «Жас қанаттан» кейін Астанадағы Президент оркестріне жұмыс жасауға, қазақ әуендеріне шақырту алдым.
−Перзентінің биіктен көрінуі ата – ананың еңбегінің еш кетпегендігі, үмітінің ақталғаны. Ендеше, ата – анаң жайында да айтып берсең. Сұхбатымызды өзің өмірге келген ортаға бұрсақ...
— Мен ата-анаммен әрдайым мақтанамын. Отбасында алты қыз, екі ұлмыз. Анам Раушан-балабақшада жұмыс жасайды, әкем Қуандық та-өз ортасында сыйлы азамат. Бейнеу ауданында қарапайым отбасында тәрбиеленіп, өстім. Бүгінде ата-анамның мақтан тұтатын перзентімін, бауырларымның-үлгі тұтатын қамқоршысына айналдым.
— Өнер жолында тәрбие беріп, жол сілтеген ұстаздарың болды ма?
— Мен мектеп қабырғасынан бастап ән айттым. Ал өнер жолында маған бағыт-бағдар берген өнер колледжінің ұстазы Сара Ғаббасованы айта аламын. Өнер колледжінде білім алғаннан кейін, Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетін тәмамдадым.
−Он жылдан кейін өзіңді қалай елестетесің?
−Бүгінде мен шыңдалу жолындамын. Әлі де мен бағындырар белестер алда деп есептеймін. Үлкен сахналарда өнер көрсететініме сенемін. Алла қаласа, мен он жылдан кейін республика халқы танитындай, еңбегі елеулі өнер адамы болып қалыптасамын деп ойлаймын.
−Неден қорқасың?
−Жалғыздықтан қорқамын. Осы уақытқа дейін қасықтап жинаған абыройымнан айырылып қалудан қорқамын.
− Отбасыңызға қаншалықты көңіл бөлесің?
− Осы кезге дейін мен өз еңбегіммен, пысықтығымның арқасында оқуымды оқып, жұмысымды жасап жүрмін. Ата-анамнан ешқандай көмек күтпеймін, олардың табатын табысы өздеріне ғана жетеді. Мен өзімнен кейінгі екі сіңілімді жоғары оқу орнында оқыттым. "Ана жұмыс, мына жұмыс" деп жүгіріп жүргендіктен, отбасыма көңіл бөле алмаймын. Күнделікті тіршілікпен шапқылап жүрміз.
−Шет елде тұрып еңбек етуге ұсыныс түссе, келісер ме едің?
− Әрине, келісер едім. Жүз пайыз тіл білетін болсам, неге келіспеске?! Ел көресің, жер көресің дегендей. Тіл оқытатын орталықтарға барып, аздап білім алып та жүрмін.
− Сұхбатыңа рахмет! Шығармашылық кешіңнің жоғары деңгейде өтуіне тілектеспін.
Венера МИРЛАН
https://youtu.be/sPE2Jd1nveE