«I LOVE KZ»
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында бір топ белсенді жастар туған елге деген сүйіспеншілігін Қоғамдық келісім ғимаратында «Мен Қазақстанды сүйемін» тақырыбында өткен флэшмобта білдірді.
«Мұнайлы аудандық Азаматтық бастамасы» қоғамдық бірлестігінің «Халық арасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеу және патриотизмді орнықтырып құруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру» жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырған «I LOVE KZ» шарасына қатысқан жастар қазақтың ұлттық биін билеп, мемлекеттік туды желбіретті. Сондай-ақ жиналған жастар мемлекеттік рәміздер жайлы мағлұматтар алды.
— Шараның басты мақсаты — облыс жастары арасында мемлекеттік рәміздерімізді насихаттау, патриотизмді арттыру, жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, қоғамға белсене арласуына ықпал ету, — деді «Мұнайлы аудандық Азаматтық бастамасы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Райхан Дәрібаева.
— Мынау бет қарыған аязға, күннің күрт суытып кеткеніне қарамастан жастарымыздың белсенділік танытуының өзі ұл-қыздарымыздың ел келешегіне, өз болашағына немқұрайлы қарамайтынын байқатса керек.
Флэшмобта жастар арасында викториналық ойындар ойнатылып, жастардың мемлекеттік рәміздер жайлы білімі сыналып, біліктілік көрсеткендері сый-сыяпаттармен марапатталды. Сонымен қатар олар шара соңында қала тұрғындарына, көлік жүргізушілеріне мемлекеттік әнұран мен патриоттық әндер жазылған үнтаспа мен мемлекеттік туымыздың көшірмесі жалаушаларды таратты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА