Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының әртісі Кенжебек Башаров биылғы жылдың «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымының иегері атанды. Маңғыстаулық әртіс бұл атаққа Уильям Шекспирдің «Гамлет» спектакліндегі Гамлет рөлін шеберлікпен сомдағаны үшін лайық деп танылған.
Кенжебек Башаров Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры ашылған кезде аймағымызға арнайы келген. Қызылордалық жігіт еңбек жолын Ақтауда бастап, жаңа өнер ошағының қызметіне қызу кіріскен. Кез келген қойылымда режиссер тапсырған комедиялық және трагедиялық кейіпкерлерді шеберлікпен сомдап, көрермендер көзіне ілігеді.
Кенжебек рөлдерді тек ойнамайды, оны зерттейді, сезінеді. Кейбір әртістер кейіпкерге деген көзқарасы мен қарым-қатынасын білдіріп қояды. Кенжебек ешқашан олай етпейді, ол сол рөлдерге теріге енген жан сияқты еніп кетеді. Кенжебекті терең драмалық актер деп санаймын, ал, комедияны ойнағанда, комедия әртісі болып шығады келеді. Әртіс ретінде шеберлігі осыда деп білемін, — дейді Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының бас режиссері Г.Мерғалиева. Кенжебек Қалилаұлы театр репертуарындағы көптеген қойылымдарда басты және негізгі рөлдерді ойнайды. М.Байджиевтің «Іздедім сені» қойылымында Ескендір, С.Назарбектің «Ақбөбек» спектаклінде Есберген, Ж.Мольердің «Тартюф» туындысында Тартюф, Ә.Кекілбаевтың «Адам болып өтейін» шығармасының негізіндегі драмалық қойылымда Жоламан және Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш Баян сұлу» спектаклдерінде Қарабай кейіпкерлерді нағыз шеберлікпен сомдайды. «Өз мамандығының шебері болу үшін оны соншалықты сүю керек» дейді ол.
Кішкентай кезімде ауылда мәдениет үйі ашылып, ондағы мерекелік шараларға жиі қатысатынмын. Баянмен ән айтып, өнер адамы болуды армандадым. Кейін мектеп бітірген кезде еш ойланбастан актерлік жолды таңдадым. Отбасындағы 10 баланың кенжесі болғандықтан, ешкім бетімнен қақпай, тілегімді құптады. Бүгінде Маңғыстаудай киелі мекеннің жалғыз театрының белді әртістерінің бірімін. Қазақтың бір азаматы ретінде қоғамның дамуына өз үлесімді қоссам деймін. Жас ұрпақ тәрбиесіне араласқым келеді, — дейді К.Башаров.
Жас әртістің өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен белсенділігі ескеріліп, аз уақыттың ішінде көп марапатқа ие болады. Еңбек жолын бастаған 2 жылдан соң «Ең үздік мәдениет қызметкері» аталымына ие болып, 2010 жылы облыстық мәдениет басқармасының «Жыл әртісі» атанып, 2014 жылы Маңғыстау облысының мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің «Алғыс хатына» лайық болады. 2015 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері атанған Кенжебек биыл Гамлет рөлін сомдағаны үшін «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымын иеленеді.
Бірде «Іздедім сені» спектаклінен соң, өз кейіпкерімді сонша сезінген болуым керек, қатты жыладым. Өмірдің жауыны мен дауылына төтеп бере алмаған пенденің қателіктері мен жанын ауыртқан мұңдарына жүрегім шыдамағандай, сол кейіпкермен бірге тыныстағандай болдым. Кейде сәтсіз ойнаған күндері қатты құлазимын. Жаным жараланып, келесі қойылымдағы рөлімді сомдағанша сол жара жазылмайды, — дейді К.Башаров.
Анар ШАМШАДИНОВА