Соңғы уақытта Бейнеулік спортшы жастар биік белестерді бағындырып, ауданмен қатар облыстың да атын талай-талай атышулы жарыстарда шығарып келеді.
Биылғы 17-18 сәуір күндері аралығында Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық мектеп және колледж оқушыларының VIII жазғы Спартакиадасының бағдарламасы бойынша таэквандодан спорт жарысына Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжінің «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығында оқитын 3-курс студенті, ҚР спорт шеберіне үміткер Имашова Жаңылсын қатысықан болатын. Сол додада ол жеңімпаз атанып 1-орын иеленіп, Астана қаласынада өтетін Республикалық жарысқа жолдама алған-ды.
Ал жақында ғана Астана қаласында өткен таэквондодан Қазақстан Республикасының чемпионатында ерлер мен әйелдер арасында 49 келі салмақ дәрежесінде Жаңылсын тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеп, спальник шебері екендігін көрсетті. Өңкей мықтыларды жинаған бәсеке соған сай шиленісті де тартысты өтті. Чемпионат қорытындысы бойынша Жаңылсын III орынды жеңіп алды.
Өзінің алтын уақытын сарп етіп, шәкірті үшін жан аямайтын бапкер Жекенбаева Манар шәкірті Имашова Жаңылсынның осындай жетістікке жетуіне зор үлес қосқанын айта кеткен жөн болар. Сондай-ақ Жаңылсынның спортқа деген құштарлығының артуына колледждің дене тәрбиесі және спорт мұғалімі әрі оның жетекшісі Тілепова Жанардың да септігі тиген. Жас спортшы қыздың өзін баптаған қос ұстазына айтар алғысы шексіз. Ұстаздары да сенімдерін ақтаған шәкіртіне дән риза және оның жетістіктерін мақтан тұтады. Ал спорттағы табыстарынан жігер алған Жаңылсын алдағы жарыстарға да тыңғылықты дайындықтармен қатысып, биіктерден көріне беруді мақсат етіп қойып отыр.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА