Қазақстан инновациялық индустрияландыру шеңберінде құрылған экономиканың жаңа секторлары экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда. Көптеген өңдеуші салалар өсім көрсетіп отыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауынан
Елімізде «Индустриялық- инновациялық даму» бағдарламасының алғашқы бесжылдық белесінде отандық өнім өндірісін өрістетуге жол ашқан жаңа жобалар іске қосылды. Индустрия игілігі экономиканың өзекті буыны саналатын өндіріс саласына жаңа леп әкеліп, отандық өнімнің өрісін кеңейтті. «Индустриалдық- инновациялық даму» бағдарламасы дем берген жобалар сәтімен сабақтасып, жаңа жұмыс орындары ашылды.
Алғашқы белестер
Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық- инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бірінші бесжылдығы аясында Маңғыстау облысында жалпы инвестиция көлемі 218,8 млрд. теңгені құрайтын 33 жоба жүзеге асты. Олардың ішіндегі ең ірі және әлеуметтік маңызы бар жобаларға тоқталсақ, Түркия мемлекетінің «АТМ Групп» серіктестігі 10 млрд. 990 млн. теңге инвестициясымен Ақтау қалалық әуежайында халықаралық жолаушы терминалының құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту, 1 млрд. 210 млн.теңге инвестицияға облыс орталығында жаңа нан зауыты, Шетпе селосындағы «Каспий цемент» және Ақтауда «Каспий Битум» өндіріс орындары ашылды.
— Алғашқы бесжылдықта 2013 жылы шілде айында Елбасы Н.Назарбаев телекөпір арқылы ашқан Шетпедегі «Каспийцемент» зауыты жаңа әдіспен, саз, құм, темір кені және гипс қоспалары арқылы құрғақ жолмен цемент өндіреді. Маңғыстау ауданынан еңсе көтерген алып зауыт өз өнімдерін Батыс Қазақстанның барлық облыстарындағы құрылыс нысандарына жөнелтуде. Қуаттылығы жылына 800 мың тонна цемент өндіруге қауқарлы зауытта бүгінде 300-ден аса жұмысшы бар,–деді облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев.
Елбасы Н.Назарбаев «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Нұрлы жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндіру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативті әсер етеді» деген болатын. Бүгінде мемлекет тарапынан қолдау тапқан жарқын жобалар жемісін беріп, экономикалық бәсекелестік қабілетті арттыруға мол септігін тигізіп отыр. Мәселен, индустрияның иінін келтіріп, өндірісті өлкеміздің өркендеуіне өң берген «Каспий Битум» кәсіпорны өткен жылы жол құрылысына қажетті өнімнің жаңа үлгісін өндіріске енгізді.
— Жолдардың тамырына қан жүгірткен битум зауыты 2015 жылы 375 мың тонна мұнай өңделсе, 299, 2 мың тонна мұнай өнімдерінің қоспаларын шығарса, 69,6 мың тонна битум шығарды. Өндіріс ошағы елімізде тұңғыш рет ыстыққа да, суыққа да төзімді түрлендірілген битум өндіруді қолға алды. Бұл отандық өнім республика көлемінде Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан жолдардың сапасын арттырып, жарамдылығын ұзақ мерзімге созуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысына жұмсалады,–деді облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев. Оның айтуынша, «Үдемелі индустриялық- инновациялық даму» бағдарламасының бірінші бесжылдығында Индустрияландыру картасына енген барлық жобалар жемісті жүзеге асып, сәтті қорытындыланды.
Екінші бесжылдықтың екпіні
Облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, индустрияландырудың екінші бесжылдығында аймағымызда инвестиция көлемі 163,1 млрд. теңгені құрайтын 28 жобаны іске асыру жоспарланған. Өндірісті өлкенің тынысын ашатын жарқын жобалардың жүзеге асуымен 3074 тұрақты жұмыс орны құрылмақ.
— Алғашқы бесжылдықтың аяқ алысына келсек, өткен жылы өңірімізде «КУДУ Индастриз Қазақстан» ЖШС Канада елінің инвестициясымен «Бұрандалы сорғы өндіру зауытын» іске қосты. Жылына 800 дана бұрандалы сорғы шығаруға мұүмкіндігі бар өндіріс орнына 370 млн. теңге инвестиция тартылған болатын. Сондай-ақ денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет саласында «Sofie Medgroup» көпсалалы емханасы өз жұмысын бастады. Жаңа үлгідегі технологиямен жабдықталып, жылына 13 мың науқасқа қызмет көрсететін емханаға 3 млрд.882 млн. теңге инвестиция салынды, – деді облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев.
Ел экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз етуге, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған индустриялық- инновациялық бағдарлама шеңберінде ағымдағы жылы құны 88,6 млрд. теңгені құрайтын 10 жобаны іске қосып, 628 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
– Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында: «Біз қазірдің өзінде индустриялық- инновациялық дамудың екінші бесжылдығын бастадық, яғни шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз» деген болатын. Техника мен ғылым дамыған ғасырда экономикамызда бәсекеге қабілеттілік үшін инновациялық жобалар болуы шарт. Мәселен, биыл көліктік және телекоммуникациялық инфрақұрылым саласында «Ақтау солтүстік теңіз терминалы» ЖШС «Ақтау халықаралық теңіз-сауда портын солтүстік бағытта кеңейту жобасын» жүзеге асырды. Жылына 2,5 млн.тонна құрғақ жүк қабылдауға қауқарлы порт арқылы республиканың өзге өңірлерімен және шет мемлекеттермен барыс-келіс артып, алыс-беріс ширай түседі. Ағымдағы жылдың 1-шілдесінде Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен индустрияландыру бағдарламасының бірінші жартыжылдықтағы қорытындысына арналған «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз» жалпыұлттық телекөпірінде «Қазақстан Пайп Тредерс» ЖШС елімізде алғаш рет «премиум» санаттағы газды- герметикалық кескінделген құбырлар өндіретін зауыт іске қосылды. Құны 12 млрд. теңге болатын инвестициялық жобаға мемлекет тарапынан инфрақұрылымды тартуға көмек көрсетілді. Аталмыш зауытта жылына 45 мың тонна жоғары қысымды, газды- герметикалық кескінделген құбыр шығарылады, – облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев.
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыруды қажеттігін тапсырды. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткел және Боржақты-Ерсай теміржол желісі ықпал ететін айтты. Аймағымызда көлік және логистиканы дамыту мақсатында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қарасты Құрық портында паром кешенін салу және әмбебап жүк-жолаушылар паромдарын пайдалану жобасының 1 кезеңі 2016 жылдың аяғында іске қосылып, 249 жұмыс орны құрылмақ. Еліміздің көліктік- логистикалық инфрақұрылымының дамуына дем беріп, транзиттік әлеуетті арттыруға жол ашатын жобаға 32 млрд. 100 млн.теңге инвестиция салынды.
Облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаевтың хабарлауынша, Индустрияландыру картасы аясында алдағы уақытта 3 млрд. 754 млн. теңге инвестицияға жылына 7380 мың кВт электр қуатын беретін Маңғыстау облысында күн және жел электрстансалар құрылысы жүргізіледі. «Индустриялық- инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде Маңғыстауда алғаш рет «Ақтау трансформатор зауыты» ЖШС жылына 1000 дана трансформатор шығаратын «Электрсауыт жабдықтарын өндіру және қуаты 6-10-35 кВт классты қуатты трансформаторларды жөндеу» жобасын жүзеге асырады. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында 640 млн.теңгеге керамзит тасын өндіру зауыты салынып, жылына 100 мың дана керамзит өндіріледі.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ