Облыстық перинаталдық орталыққа Қазкоммерцбанктің «Құс Жолы» қайырымдылық қоры «Періште» жобасының аясында нәрестелерге арналған су жаңа фототерапия құрылғысын сыйға тартты.
Жалпы жыл сайын облыстық перинаталдық орталықта 7 мыңнан астам нәресте өмірге келеді. Олардың басым көпшілігі егіздер мен үшемдер. Оның ішінде 500-ден астамы билирубиннің асқынуынан сарғаю синдромына ұшыраған сәбилер көп. Сондықтан да оларға фототерапия құрылғысы ауадай қажет.
— Бүгін бізге қайырымдылық жоба аясында фототерапия құрылғысын сыйлаған демеушілерге ризашылығымызды білдіреміз. Соңғы кездері билирубиннің асқынуынан сарғаю синдромына ұшыраған нәрестелер саны көбейіп отыр. Қазіргі таңда осындай диагнозбен келіп түскен біздің орталықта 29 нәресте бар. Сол себептен мұндай құрылғы бізге өте қажет. Бұған дейін біз ескі құрылғыны пайдаланып келдік. Сәби бойында билирубин артық болған жағдайда дәрілік препараттарды қолданбай-ақ жаңа туылған нәрестедегі патологиялық сарғаюды фототерапия нәтижелі емдейді, — дейді облыстық перинаталдық орталығы нәрестелердің жетілдіру бөлімінің меңгерушісі Әлия Өтеуленова.
Осы уақытқа дейін еліміздегі 12 медициналық орталыққа «Періште» жобасы арқылы 202,8 млн.теңгеге қайырымдылық көрсетілген.
— Біздің банк «Періште» жобасы арқылы жыл сайын еліміздегі бірнеше медициналық мекемелерге қайырымдылық шаралар ұйымдастырып, демеушілік көрсетіп, замануи құрал-жабдықтар сыйға тартады. Бұл жоба арқылы біз елімізде ана мен бала өлімінің азаюына үлес қосқымыз келеді. Мұндай шара биыл Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығынан бөлек еліміздің Ақтөбе, Жезқазған, Қостанай, Қызылорда, Семей, Өскемен, Шымкент облыстарындағы медициналық мекемелерде де жалғасын табады. Жобаның жалпы қоры 15 млн.теңгені құрайды, — дейді «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның Ақтау қаласындағы филиалының директоры Айгүл Ерғалиева.
Венера МИРЛАН