©
Шілде айының соңғы аптасында Алматы қаласында информатикадан 27-ші Халықаралық олимпиада өтті. Оған 84 елден 630 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Олардың арасында Ақтаудағы Қазақ-түрік лицейінің түлегі Бекжан Бекболатұлы да бар. Білім додасынан жерлесіміз топ жарып, күміс жүлдені иеленіп, облыс абыройын арттырды.
Ақтау қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген Бекжан жастайынан зеректігімен көзге түсіпті. Алғаш мектеп табалдырығын 2004 жылы №7 орта мектебінен аттапты. Бастауыш сыныпты осы мектепте тәмамдап, 5-сыныптан бастап №28 орта мектебінде білім алған. Білімге деген құштарлығы ерекше екенін байқатқан Бекжан 2010 жылы сынақты үздік тапсырып, «Маңғыстау облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты» ММ-нің 7-ші сыныбына қабылданыпты. Математика, информатика, физика пәндеріне ерекше зейін қойған білімді өрен әр жыл сайын зияткерлік деңгейдегі түрлі сайыстар мен пәндік олимпиадаларға қатысып, білім берген ұстаздары мен ата-анасының үкілеген үміттерін ақтап, биік белестерді бағындырып жүр.
Бекжанның жеткен жетістіктеріне тоқталар болсақ, дарынды жеткіншек өз білімінің терең екенін дәлелдеп, облысты айтпағанда 2012 жылы республикалық олимпиаданың қола жүлдегері, 2013, 2014, 2015 жылдары республикалық білім додаларынан үнемі бас жүлдені иеленген. 2013-2014 жылдары информатикадан Халықаралық Еуразия олимпиадасының күміс жүлдегері атанса, 2014-2015 жылдары «Asia-Pacificinformatics» олимпиадасының қола медалін қанжығалаған. Жәутіков атындағы Халықаралық олимпиаданың 2015 жылғы күміс жүлдегері деген абыройлы жеңіске де Бекжанды жетелеген оның білімге деген ерекше құштарлығы мен жетістікке жету жолындағы еңбекқорлығы, ұстаздарының аянбай тер төккен еселі еңбегінің жемісі.
Өзінің алдына қойған мақсаты жайында дарынды жас түлек: «Еліміздегі озық оқу орындардың бірі-Назарбаев университетінде білім алып, Қазақстанда инженерлік механика саласын жан-жақты дамытуға өз үлесімді қосып, информатика ғылымы саласын жетік меңгеріп, жақсы, үздік маман иесі болуды армандаймын», - дейді.
Бекжанның бағындырар белестерінің әлі алда екеніне сенеміз. Әрдайым биіктен көрініп, абыройың арта берсін, жас түлек!
Венера Мирлан