©
Дүйсенбі күні Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірованың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқосу барысында ол «Мектепке жол» және «Мектеп оқулығы» республикалық қайырымдылық акциясы, «Туған жерге тағзым» республикалық әлеуметтік жобасы аясында өтетін іс-шаралардың жиынтық жоспарымен әрі жаңа оқу жылына дайындық барысымен бөлісті.
– «Мектепке жол» акциясы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында еліміздің түкпір-түкпірінде өтеді. Биылғы акция ұраны - «Балаларға бірге көмек көрсетейік!». Акция аясында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған балаларды мектепке даярлау, көп балалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында ауқымды істер атқарылмақ. Оған тұрғындарды, бизнес құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдарды және мемлекеттік органдарды тарту көзделген. Аймақтық баспасөз мәслихаттарын өткізу, көрнекі ақпарат құралдарын, баннерлер мен плакаттар орналастыру, үнпарақтар тарату ісі қолға алынбақ. 5 тамызға дейін облыс бойынша әлеуметтік қолдауға зәру отбасылардың толық тізімі жасақталады. Дәлелсіз себептер бойынша мектепке бара алмай жүрген балаларды анықтау мақсатында ІІД-мен бірлесе отырып, «Түнгі қаладағы балалар» рейдтері ұйымдастырылады. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп тауарлары жәрмеңкесін өткізу жоспарланған, - дейді З.Тастемірова.
Сонымен қатар ол балаларды оқулықпен қамту мәселелеріне тоқталды.
– Биылғы оқу жылында 4,5,6 және 11-сынып оқулықтары, 3-сыныптың «Ағылшын тілі» және 7-сыныптың «Информатика» пәні қайта басылып шығады. Ақтау қаласы бойынша оқулықтар №23 орта мектептің базасында сақталған. Тамыз айынан бастап жаңа оқу жылында орта білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету мақсатында «Мектеп оқулығы» республикалық акциясы өткізіледі. Акция үш кезеңге бөлінген. «Кітап қорын тексер» кезеңі бойынша 1 және 7 тамыз аралығында өңір мектептеріндегі оқулықтар қоры тексеріледі. Артылып жатқан жағдайда оқулықтар жеткіліксіз мектептерге табысталады. Тамыз айының 10-ы мен 18-і аралығында «Мектепке – оқулықпен» кезеңі өз жалғасын табады. Облыс тұрғындары үйіндегі артық кітаптарды білім беру ұйымдарына тапсыруға мүмкіндігі бар. «Сыйлыққа оқулық» акциясы аясында мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге Елбасының «Менің Отаным – Қазақстан» атты жаңа кітабы сыйға тартылады. Өңір бойынша биыл шамамен 15051 бүлдіршін 1-сыныпқа барады. Бұл нақты мәлімет емес. Алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. 1-сыныпқа баратын оқушыларды бірыңғай мектеп формаларымен қамтуға жергілікті бюджеттен 72 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Ескерте кетер жайт, қыркүйек айында әуре-сарсаңға салынбауы үшін ата-аналар тамыз айында оқулықтар мен оқу құралдарын түгендегені жөн. Сонымен қатар ҚР Премьер-министрінің орынбасары Б.Сапарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Туған жерге тағзым» республикалық әлеуметтік жобасын жүзеге асыруды міндеттеді. Осы бағытта облыстық білім басқармасының бастамасымен Tulekter.kz сайты ашылды. Өз қаражаты есебінен білім беру нысандарына материалдық көмек көрсеткен өңірлік кәсіпкерлерді, демеуші түлектерді, жеке тұлғалар мен меценаттарды дәріптеу үшін сайтта жариялау жұмысы қолға алынбақ.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ