©
Санаулы күндерден кейін-ақ арман жетелеген, көңілдеріне тәтті үміт ұялаған жас түлектер алтын ұя мектебімен қимай қоштасып, балалықтан болашаққа қадам басады. Жаңа өмір белесіне жолдама алу үшін бітіруші түлектер мектеп қабырғасында он бір жыл бойы алған білімдерін сарапқа салып, сынақ тапсырады. Осыдан 11 жыл бұрын қолданысқа енгізілгелі бері жетілдіріліп келе жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінде биыл да жаңалықтар бар. Өткен жұма күні өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы З.Тастемірова мемлекеттік емтиханға дайындық мәселесі және ҰБТ-ның өткізілу форматы жөнінде хабарлама жасады.
Облыстық білім басқармасының ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, биыл аймағымызда 4190 оқушы мектеп бітіреді. Оның 2833-і ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірген. Яғни, мектеп бітіруші түлектің 66 пайызы мемлекеттік емтихан тапсырады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 58 пайызды құраған.
«Биылғы ҰБТ форматы өзгерген жоқ, бұрынғы күйінде қалды. Өткізілу барысына келсек, талап қатайып, тәртіп күшейтіледі. Білім және ғылым министрлігінің шешіміне сәйкес, емтихан тапсыру кезінде жас түлек әртүрлі тыйым салынған құралдар, шпаргалкамен ұсталса, ешқандай келісімсіз, талқылаусыз бірден аудиториядан шығарылады. Өткен жылдарда мұндай жағдай орын алса, мемлекеттік комиссия қарауына ұсынылып, емтиханды қайта жалғастыруға рұқсат алатынбыз. Биылғы өзгерістерге сәйкес, тыйым салынған құралдарды пайдаланған жас түлек тест тапсыру құқығынан айырылады. Биылғы ҰБТ-дағы тағы бір ерекшелік – мемлекеттік емтиханның қорытындысы бітірушінің аты-жөнімен емес, жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша жария болады» деген Зейнеп Жұмағалиқызы мұндай жағдай талапкерлердің арасында келіспеушілік, дау-дамайдың туындамауы үшін жасалып отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, мемлекеттік емтиханның нәтижесін Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан да білуге болады.
З.Тастемірованың мәлімдеуінше, биыл Білім және ғылым министрлігінен келетін өкілдердің ішінде техникалық қызметкерлер де бар. Олар мемлекеттік емтихан өтіп жатқан пункттерде техникалық құралдардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалайды. Биыл да мектеп бітірушілерді тестілеуге кіргізу кезінде металл іздегіштер мен ұялы байланыс қызметін шектеу қондырғылары іске қосылады.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу республикамызда 2-15 маусым аралығында өтеді. Республика бойынша мемлекеттік емтихан өткізетін қосымша 10 пункт енгізілді, біздің облысымызда бұрынғыдай 4 пунктте өтеді. Ақтау қаласының және Түпқараған, Мұнайлы, Қарақия аудандарының жас түлектері Ш.Есенов атындағы КМТИУ-де, Жаңаөзендегі №19 мектепте қала мен оның маңында орналасқан Қарақия ауданына қарасты ауылдардың мектеп бітірушілері емтихан тапсырады. Маңғыстау ауданы мен Бейнеу ауданының жас түлектері Б.Жұмалиев атындағы орта мектепте және Күйкен орта мектебінің базасында орналасқан пункттерде мемлекеттік сынақ тапсыратын болады. Тест тапсыруға берілетін уақыт 3,5 сағатты құрайды, яғни 210 минут. Бұрынғыдай 5 пән бойынша емтихан тапсырады. «Алтын белгі», «Үздік аттестаттан» үміткерлер міндетті түрде ҰБТ-ға қатысады. Облысымызда 68 ғылыми жарыстар мен пәндік олимпиаданың жүлдегерлері бар. Оларды мемлекеттік емтиханнан босату туралы шешімді күтіп отырмыз, - дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы З.Тастемірова. Биыл да бұрынғы жылдардағыдай техникалық мамандықты таңдайтын талапкерлердің қатары қалың. Мәселен, бітіруші түлектердің 700-і физика пәнін, 500-ден астамы география мен биологияны таңдап отыр екен.
Өткен жылы мектеп бітіріп, мемлекеттік емтиханнан жоғары балл жинаған Ш.Есенов атындағы КМТИУ-дің 2-курс студенті Ә.Бозанова жас түлектерге сынақ кезінде еш қобалжымай, алаңсыз тапсыру қажеттігін айтады. Емтиханда сауалдар мектеп бағдарламасында өткен пәндер бойынша келеді деген Әсел тест сұрақтарына ғана телмірмей, барлық сыныптарда өткен тақырыптарды қайталап шығудың көмегі көп дейді. Брифингке қатысқан облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың психологы Т.Маскарова ата-аналарға ақыл-кеңесін айтты:
– Жоғары сынып оқушылары физиологиялық тұрғыдан өсіп-жетіліп келе жатқанымен, психологиялық жағынан көмекке зәру. Әсіресе, мектеп бітіретін кезде сынақ тапсыратын түлек жаңа өмірге қадам басудың баспалдағында әртүрлі қателіктерге жол бермеуі үшін ата-ана, мұғалім жауапкершілікті бірдей сезініп, дұрыс бағыт-бағдар сілтеуі керек. ҰБТ-ға дайындық кезінде оқушының миына көп салмақ түсетіндіктен шаршайды, әлсірейді. Сондықтан, ата-ана баласының уақытында тамақ жеуін, демалуын, қалыпты ұйықтауын қадағалау керек. Әке мен ананың, жақындарының ақыл-кеңесі оқушының өз-өзіне деген сенімділігін арттыруына көмектесіп, жігерлендіреді. Ата-ана баласының қарым-қабілетін танып, 9-сыныпты бітіргенде мамандық таңдауына бағдар беріп, ересек өмірге дайындауы тиіс. Оқу жылы басталысымен мұғалімдермен де кеңесіп, оқушыларды сергітетін жаттығулар жасауға үйреттік. Ұстаздар да тестімен жұмыс жасауды түсіндіріп, жөн сілтеуі қажет. Жас түлек емтихан тапсырғаннан кейін оның қандай балл алғанын талқылауы дұрыс емес. Өйткені, бұл баланың жүйке жүйесіне әсер етеді. Ата-ана баласы емтихан тапсырғанға дейін қанша балл алса да оны қолдайтындықтарын жеткізіп, әрдайым көмектесуге даяр екендігін айтып отыруы қажет. Ең бастысы, болашағын бағдарлаған, арман мен қиял жетегінде жүрген жастардың сағын сындырмауымыз керек, - дейді маман.
Фарида Мұңалқызы